X

Адал ас және арлы ұрпақ

Адал ас және арлы ұрпақ
Print Friendly, PDF & Email

Сұрақ: Арам ас ішіп-жеу рухани өмірге қаншалықты кері әсерін тигізеді? Арлы ұрпақтың өсіп-жетілуінде адал астың маңызы қандай?

Жауап: Аллаһ тағала жердің асты мен үстінде сан-сыз нығметтерді жаратып, адам баласының игілігіне тарту еткен. Адамзат Хақ тағала тарту еткен нығметтерді игілігіне жарату барысында бұлардың мүбаһ[1] болуына мән беруі қажет. Аллаһ тыйым салмаған нығмет халал болып табылады. «Аллаһ жер бетіндегі барлық нәрсені сендер үшін жаратты»[2], «Көк пен жердегінің барлығын нығмет ретінде сендердің игіліктеріңе беруші – Сол»[3] деп келетін аяттарда жер мен көктегі барлық нығметтің адамдар үшін жаратылғандығы баяндалған. Басқалай айтқанда, кез-келген нәрсені ішіп-жеу, немесе қолдану аят пен хадисте тыйым салынбаса – халал.

Хақ тағала кейбір нәрселерді қолдануға тыйым салып, шектеу жасаған. Жоғарыда айтылған «Барлық нығметтер адамдар үшін жаратылған» деген жалпы үкімге бірқатар шектеулер қойған. Аят пен хадистерде нақты үкім айтылып, тыйым салынған нәрселер – харам болып табылады. Ненің харам, ненің харам емес екенін тек Шариғаттың Иесі Аллаһ тағала белгілейді. Сондықтан, адам баласы харам атаулыға Аллаһтың әмірі болғандықтан жақындамауы тиіс. Мұнымен қоса кез-келген харамның адам үшін көптеген зияны мен залалы бар екені шындық. Оның харам етілуінің астарында бірқатар хикметтер бар екені және рас. Харамға бойлау адамға материалдық әрі рухани тұрғыдан зиянын тигізеді. Мәселен, бір жұтым немесе бір шайнам харам ас адамның өмірінде адасуына сеп болуы мүмкін. Тіпті, бала-шағасының баянды болашағына кері әсерін тигізуі де ықтимал.

Иә, халал мен харам Аллаһ тағаланың әмірлерімен белгіленеді. Ешбір адам өз білгенімен халалды харам, харамды халал ете алмайды. Осындай қателікке бой алдырған жандарға қатысты Ұлы Құдірет Иесі: «Өз тілдеріңнің жалғаны мен қателіктерін Аллаһ тағалаға таңып, «мынау халал, мынау харам» деп айтпаңдар. Аллаһқа өтірік жала жапқан боласыңдар. Шындығында Аллаһтың атынан өтірік айтатындар құтылмайды» деп қатал ескерту жасаған.[4]

Рызық-несібе беруші Раззақ-Кәрім: «Аллаһтың сендерге берген халал, таза несібесінен жеңдер»[5], «Ей, адамдар! Жер бетіндегі халал әрі таза нәрселерден жеңдер»[6] деп келетін аяттарда Аллаһтың нығметтерін пайдалану жайы баяндалады. Сонымен қатар, халал әрі таза рызық-несібемен күнелтудің қажеттігі айтылған. Адам Құдай бұйыртқан рызық-несібені сенімді түрде пайдаланып, ішіп-жеуіне болады. Алайда, бұл қолына түскеннің барлығын пайдалануына болады деген сөз емес. Оны қандай жолмен тапқаны өте маңызды. Адам ішіп-жейтін нәрселерінің діни тұрғыдан халал, таза болуына және тапқан табысында кісі ақысы болмауына баса мән беруі керек. Ақ адал маңдай термен табыс, пайда табу өте маңызды. Халал, материалдық әрі рухани тұрғыдан таза, нығметтерді рұқсат етілген шеңберден шықпай, өз орнымен, өз жөнімен пайдаланған жөн.

Аллаһ тағала еңбек етіп, күстенген қолды жақсы көреді

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Құлшылық он бөліктен, ол он бөліктің тоғызы халал рызық-несібе табудан тұрады» деп, харам-халалға өте мұқият болудың маңыздылығына назар аудартады. Басқа да көптеген хадистерінде сүйікті Пайғамбарымыз табыс табу үшін ақ адал маңдай термен еңбектенуді жақтап, үмбетін адал табыс табуға ынталандырады. Пайғамбарымыз даналыққа тұнған хадистерінің бірінде: «Кейбір күнәларға намаз да, ораза да, қажылық та кәффәрат (өтем) бола алмайды. Ондай күнәлар тек ақ адал маңдай термен табыс табу үшін еңбектенгенде ғана кешіріліп, тазарынуы мүмкін» деген еді. Енді бірде Пайғамбарымыз: «Еңбек етуден қолдары күстенген, шаршап-шалдығып ұйқыға кететін адам кешірімге бөленіп, күнәларынан арылады» деп, еңбекқорларды сүйіншілейді.

Ешбір пенде ақ адал маңдай терімен тапқан табыс-тан артық рызық-несібеге кенелуі мүмкін емес. Аллаһ елшісі: «Дәуіт пайғамбар (а.с.) да өзі еңбектеніп, тапқан табыспен күнелтетін» деп, адамның өз еңбегімен табыс тауып, отбасының күнкөрісін қамтамасыз ететіндерге ілтипат жасайды. Өзінің сахабаларын да еңбек етіп, адал жолмен табыс табуға, көнкөрісін адал жолмен қамтамасыз етуге үндеп отыратын. Бірде Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Сағыд ибн Муазбен қол алысып амандасып тұрып, қолдарының күстеніп кеткенін байқайды. Себебін сұрағанда, ардақты сахаба отбасын адал еңбегімен асырау үшін еңбектеніп жүргенін айтады. Бұл жауапқа Расулаллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Міне, Аллаһ тағала осындай қолды жақсы көреді» деп, досының күстенген қолына ілтипат көрсетеді.

Сүйікті Пайғамбарымыз үмбетіне бес күндік фәни өмірдің қалай болғанда да көзді ашып-жұмғанша зулап өте шығатынын насихаттады. Осы тұрғыдан оның сөзі мен ісі, бүкіл ғұмыры нағыз үлгі-өнеге. Жүрегінде иманы бар адам істеген ісінің қиындығына немесе жеңілдігіне, беделділігіне емес, ең алдымен тапқан табысының адалдығына баса мән береді. Мүмин қандай қиындық немесе кедергі болмасын адал жолмен табыс табуға міндетті. Тауға барып тас уатса да, табысы адал болуы тиіс. Қажет болса, қолына күрегін алып, жұмыссыздар тұратын мекенге барып, жұмыс беретін бір кісі шықса, соның бақшасының топырағын тазалап, жолын жөндеп беріп өз еңбегімен адал табыс табуға күш салуы керек. Қандай адам болмасын Хақ тағала рұқсат еткен шеңберде адал жолмен күнкөрісін қамтамасыз ету өте маңызды. Өз еңбегімен адал табыс тауып, осыдан күнкөрісін қамтамасыз етіп жүрген адам не жұмыс істесе де бұдан намыстанып, ұялмауы қажет. Базбіреулер кейбір жұмыстарды менсінбей, мұрнын шүйіріп қараса да, Аллаһтың алдында адал жолмен тапқан табыстан артық абыройлы іс жоқ.

Жүректің жауы – арам ас

Харам-халал мәселесінде қара қылды қақ жаратындай асқан мұқияттылық танытқан Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде: «Халал мен харам белгілі. Алайда, осы екеуінің арасында кейбір күдікті нәрселер бар. Адамдардың көпшілігі осының ара жігін айыра алмайды. Осы күдікті нәрселерден бойын аулақ ұстаған жан дінін, ар-намысын сақтап қалады. Күдікті нәрселерге жақын болған адам қорық жағасында мал жайған шопанға ұқсайды. Оның бағып жүрген қойлары кез-келген сәтте қорыққа түсіп кетуі мүмкін. Дәл осы секілді күдікті нәрселерге жақын жүрген жан да кез-келген сәтте харамға бойлауы әбден мүмкін. Жақсылап біліп қойыңдар. Әрбір әміршінің бір қорығы болады. Ал Аллаһтың қорығы – харамдар. Ағзада бір кесек ет бар. Егер ол сау болса, ағза да сау болады, бұзылса, ағза да бүлінеді. Ол – жүрек» деген екен.

Ардақты пайғамбарымыздың талай хикметті бірден қамтыған осы бір мағынасы терең сөзінен бірқатар түйін жасауға болады. Біріншіден, жүректен қантамырлар арқылы дене мүшелерімізге айдалатын қан адал, таза астан қуат алатын болса, жүрек сау болып, жақсы жұмыс істейді. Әрі осындай сау жүректен бүкіл дене мүшелерімізге айдалатын қан арқылы ағзамыздың да аман-сау болуын қамтамасыз етеміз. Керісінше, жүректен дене мүшелерімізге нәжіс қан айдалатын болса, жүректің қызметі бұзылып, сырқаттанады. Жүрек сырқат болса, одан тұла бойымызға айдалатын қан арқылы басқа да ағзаларымыз сырқаттанады. Бұл мәселенің бір қыры. Енді екінші қырына тоқталсақ, осыған қатысты Хақ достарының бірі: «Кей жағдайларда харам астан жүректің бұзылып, бүлінетіні сондай, қайта бұрынғы қалпына келе алмайды. Күнә атаулы жүректі қарайтып, қатайтады. Әсіресе, түнгі ғибадатқа селкеу түсіреді. Түн қараңғылығының түндігін түріп ашып, қара түнді жарыққа, шуаққа бөлейтін тәһәжжүд намазынан адамды суытатын ең үлкен кедергі – харам ас. Жүректі нұрландыруда, шырайын келтіруде ешбір нәрсе адал ас секілді әсерлі, ықпалды бола алмайды. Адал ас жүректе ізгіліктің жалынын жағып, адамды ғибадатқа жігерлендіреді. Жүректерінде «мурақаба» орнатқандар яғни, Аллаһтың бақылауында екенін әрдайым қаперінде ұстап, нәпсісін әрқашан бақылауда ұстайтындар харам яки адал астың рухани кемелдік тұрғысынан қаншалықты маңызды (Исламдағы шейіттік мәртебесінен кейін) екенін өз тәжірибелерінен жақсы біледі» деген екен.

Ғалымдар харам аспен қоса бірқатар харам нәрселердің рухани өмірге төндіретін қауіп-қатеріне қатысты: «Аллаһ адам болмысында қаншама рухани қабілеттер мен латифаларды[7] орнатқан. Бұлардың кейбірі күллі дүниені жұтса да тоймайды. Ал, енді біреуі бір түйір тозаңның өзін бойына сыйдыра алмайтындай нәзік келеді. Адамның басы едәуір салмақты көтере алғанымен, оның көзі бір тал қылға да нәзік келеді. Дәл осы секілді адамдағы кейбір латифалар болмашы бір ауыртпалыққа төтеп бере алмайды. Ғапылдық пен адасушылықтан туындаған бір сәттік босаңдықтың өзіне шыдас бере алмай, өшеді немесе өледі. Ендеше, өте сақ бол! Әрбір қадамыңды абайлап бас! Бір жапырақ астың, бір жұтым судың, бір сәттік назардың, бір ауыз сөздің, бір мезеттік халдің кесірінен құрдымға кетпе! Күллі дүниені бағындырар латифаларыңды осылардың кесірінен өлтірме!» деп ескерту жасаған екен.

Харам нәрселердің адамды талай игіліктен мақұрым қалдыратынына қатысты ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) айтқан бір ғайып хабарының тағылымдық мәні өте үлкен. Баршаға мәлім, қажылыққа барғандар «Ләббәйк Аллаһумма Ләббәйк» сөздерімен сай-саланы жаңғыртып жатады. Бұл қажылықта ихрамда болған кезде айтылатын мүминдердің қасиетті сөзі. Бұл сөздер жалпы алғанда: «Әміріңе құлдық, уа, Раббым! Әміріңе құлдық ұрып, құзырыңа келдік, уа, Раббым! Уа, серігі, ұқсасы жоқ Раббымыз! Саған ғана мадақ айтып, Сені ұлықтаймыз. Құлшылық Саған ғана жасалады. Күллі жаратылыстың Иесі Өзіңсің! Сен жалғызсың, теңдессізсің, ұқсасың жоқ. Әміріңе құлдық, уа, Раббым» дегенге саяды. Қажылықтағы адамдардың ағынан ақтарылып, шынайы жүрекпен айтатын осынау қасиетті сөздері сай-саланы тебірентіп, толқытатыны шындық. Рахман әрі Рахим Аллаһ тағала Өзінің қасиетті мекеніне қонақ болған шынайы құлдарын ұлы Құдіретіне лайықты түрде разылық танытып, иләһи сый-сияпаттармен қарсы алады. Қажылардың арасында үстіне харам ақшамен киім киген, бойында харам астың қалдығы бар адам да «Ләббәйк Аллаһумма Ләббәйк» деп дауыстайды. Хадисте хараммен қоректеніп, тұла бойын харам жайлаған осындай адамға «Лә ләббәйкә уә лә сағдайк» деп жауап берілетіні айтылады. Бұл сөздің мағынасы «Ләббәйк дегенің де, сағдайк дегенің де өзіңмен кетсін, қош келмедің, құзырымызға игілікпен келмедің» дегенге саяды.

Иә, мүмин киімінің жіптерінің де харам немесе күдікті заттардан болмауына өте мұқият болуы қажет. Білмей істегендерінің кесірінен әрқашан Хақ тағалаға сиынғаны жөн. Харамға бойлаудан қатты қорқып, етек-жеңін жиып жүруі тиіс. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Харамнан сақтаныңдар. Асқазанына харам ас түскен адамның дұғасы қырық күнге дейін қабыл болмайды» деген еді. Басқа бір хадисінде: «Аллаһ тағала асқан пәк, Ол халал, таза болғандардан басқа ешбірін қабыл етпейді» деп, бұл мәселеге ыждағатты болуды насихаттайды.

Бір күні Сағыд ибн Әбу Уаққас: «Уа, Аллаһ елшісі! Менің әрбір дұғамның қабыл болуы үшін маған дұға етіңіз» деп өтінгенде, Адамзаттың асыл тәжі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Дұғаларыңның қабыл болғанын қаласаңдар, адал аспен қоректеніңдер. Кейбіреулер харам жейді, харам киеді. Сонан соң, көкке қолын жайып дұға етеді. Мұндай кісінің дұғасы қалай қабыл болсын?» деген екен. Тағы бірде Аллаһ елшісі осы сөзін: «Дұғаларың қабыл болсын десеңдер, халал әрі таза аспен қоректеніңдер» деп қайталайды.

Сахабалардың харам-халал мәселесіндегі ыждағаттылығы

Адамзаттың шамшырағы Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хараммен қоректенген адамның ағзасындағы харамның тозақ отымен ғана тазарынатынын айтып, үмбетіне ескерту жасаған. Осы ескертуді қаперге алған сахабалар мен кейінгі Аллаһ достары харамның маңайына да жуымай, асқан мұқияттылықпен ғұмыр кешкен.

Хазірет Әбу Бәкірдің (р.а.) басынан мынадай бір оқиға өткен деседі. «Сыддық әкбәр» атанған Пайғамбардың айнымас адал досы хазірет Әбу Бәкір өзіне тамақ әкелген қызметшісінен әрдайым асты қайдан, қалай тапқанын сұрайтын көрінеді. Бірде хазірет Әбу Бәкір (р.а.) қызметшісі әкелген сүт пен етті әдеттегіше тексеріп жатпай бірден ауыз салады. Шамасы қатты ашығып тезірек ифтар жасауға асықса керек. Алдындағы астың біразын жегеннен кейін бірден іркіліп қалады. Күмәнді оймен қызметшісіне қарап: «Бұл тамақ қайдан келді? Қандай ақшаға алдың?» деп сұрайды. Қызметшісі хазірет Әбу Бәкірдің алдында өзін құл немесе қызметші секілді емес, өте еркін ұстайтын. Әбу Бәкірдің күмәнді назарына еш тосылмас-тан: «Жаһилия[8] кезінде пал ашушы едім. Сәуегейлік айтып, палшылықпен күнелтетінмін. Сол кездері пал ашып бергенім үшін бір кісі қарыз болып қалған-ды. Кеше қарызымды қайтарды. Тамақты сол ақшаға сатып алдым» деп жауап береді. Мұны естіген хазірет Әбу Бәкірдің өңі қуарып, боп-боз болып кетеді. Іле-шала саусағын тамағына бойлатып, өзін зорлап тұрып ішіп-жегенінің барлығын ақтарып тастайды. Сөйтіп, ауыр өкінішпен: «Раббым, қаныма сіңіп кеткендерінің кесірін тигізе көрме!» деп тәубе еткен деседі.

Хазірет Әбу Бәкірдің өзін мұншама қинағанына таңырқаған әлгі қызметші «Уа, Аллаһтың пайғам-барының халифасы! Өзіңді неге мұнша қинайсың? Бұлай әбігерге түсудің қажеті қанша?» деп сұрағанда Әбу Бәкір (р.а.): «Аллаһ елшісінен өз құлағыммен естігенмін. Ол (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ағзасында бір түйір харам ас кеткен адамның тек жаһаннаммен ғана тазаратынын айтқан» деп жауап береді.

Иә, халал-харам мәселесіне мұншама ыждағат-тылық таныту сахабалардан бастап барша мұсылман игі-жақсыларының өмірлік ұстанымы болғаны шындық. Хазірет Омар да бірде байқамай зекет ретінде берілген мемлекет қазынасындағы түйенің сүтінен ішіп қояды. Осыны білуі мұң екен, дереу саусағын тамағына сұғып жіберіп, өзін қинап тұрып ішкен сүтін қайта құсқан. Олардың бұл әрекеттерінен харам астың қанға араласып, ағзаға сіңіп кетпеуіне үлкен мән бергенін байқаймыз.

Арлы ұрпақ өсіргің келсе – жеген асың адал болсын

Ибраһим Әтһам: «Кісі ішіп-жеміне мұқияттылық танытқанда ғана рухани кемелдікке қадам баспақ» деп, білместікпен харам ішіп-жеуден уайым жеп, қорқады екен.

Мәулана Руми: «Ілім де, хикмет те, Құдайға деген ғашықтық та, шынайы мейірімділік те ішіп-жемнің адал болуына байланысты. Асқазанға түскен бір түйір ас бойда қызғаныш пен арамзалықты оятса, надандық пен ғапылдыққа берілуге сеп болса, онда мұндай ас – харам. Бидай егіп, арпа жиды дегенді естідің бе?» деген екен. Осылайша, Мәулана ізгі адам болудың және ізгі ұрпақ өсірудің халал аспен тығыз байланысты екенін меңзейді. Арлы ұрпақтың өсіп-жетілуіне халал астың әсері турасында тағы бір ғұлама: «Бүгінде мағрифат[9] иесі немесе ақиқатқа көкірек көзі ашылған жандардың көп шықпауының себебі – рухани тазалық пен тереңдіктің жоқтығынан. Рухани кемелдік ең бірінші ішіп-жемнің адалдығы арқылы шыңдала түседі. Ішіп-жемге харам араласқан сайын, көкіректе мағрифат пен ақиқат шырағы сөне бастайды» деген екен.

Аят-хадистерге және мұсылманның игі жақсыларының насихаттары мен ескертулеріне құлақ түрсек, жүрек тазалығына қол жеткізу үшін міндетті түрде харамнан бойды аулақ салып, халал нәрселерді қанағат тұтқан жөн. Келер ұрпақтың ары таза, рухани дүниесі бай болсын десек, бала-шағамызды, отбасымызды халал, таза аспен қамтамасыз етуіміз қажет. Күдіксіз біз еккен әрбір тұқым я заққум[10] болып, өзгелерге залал береді немесе тамыры тереңге бойлап, бұтақтары көкке шаншылған, көлеңкесі, жапырағы, бұтақтары, жемісі – бәрі-бәрі адамзат игілігіне жарайтын киелі ағашқа айналады. Харам жолмен табыс табу – жаһаннам заққумын ғана өсірмек. Ішіп-жемі харам болған балалар бір күн болмаса бір күні міндетті түрде я әке-шешесіне немесе қоғамына қан құстырады. Ішкеніміз харам, жегеніміз харам, кигеніміз харам болып, өміріміз харамның ми батпағында қорлықпен өтсе, рухани өміріміз де құлдырап, қожырай түседі. Мұнымен қоймай, балаларымызды да ізгіліктен мақұрым қалдырамыз. Уақыттың, заманның өзгеруі сылтау бола алмайды. Айналамыз түгел харамға белшеден батып, дүниенің соңын қуалап кетсе де, біз харамға жоламауға тиістіміз. Әсіресе, бағып-қағып отырған бала-шағамыз бен шаңырағымызды харамнан аулақ ұстауымыз қажет.

Дәрігерлер жүкті әйелдерге «Диазем» сынды тыныштандыратын дәрілердің өзін беруге болмайтынын айтады. Өйткені, мұндай дәрілер жатырдағы эмбрионның қалыптасуына кері әсерін тигізіп, бірқатар ағзаларды зақымдайтынын алға тартады. Бұл дәрі жүктіліктің түрлі кезеңіндегі әрбір балаға бірдей кері әсер етпеуі мүмкін. Алайда, жүзден бір ықтимал да болса ананың дәрігердің кеңесіне құлақ асып, сақтық танытқаны абзал. Әсіресе, босанардан бірнеше ай бұрын мұндай дәрілерден бойды аулақ ұстағаны жөн. Енді осы мәселенің келесі бір қырына келсек, Абдулқадир Гейлани, Имам Шазили, Шах Нақшыбәнди және Имам Ғаззали сынды алып ғұламалар өздерінің тасаууыф іліміндегі тәжірибелеріне сүйене отырып, харам астың адамдарға орасан зиян тигізетінін ескерткен. Мысалы: Құдай сақтап, жаратқан мейірімімен қақпаса, харам ішіп-жеген әке-шешеден дүниеге келген баланың да рухани жұтаңдыққа бой алдыратынын айтқан. Аталмыш ғұламалар харам астың салдарынан харамзадалар (харамнан етек-жеңін жимайтын салғырт жандар) қалыптасатынын алға тартқан.

Имам Ғаззали харам ішіп-жеген әйелдің сүтін емген баланың да болашақта лас нәрселерге, жире-нішті істерге бейім келетінін алға тартады. Сол үшін баланы харам асқа қол сұқпайтын тақуа әйелдің емізуі қажеттігін айтады. Өйткені, харам ішіп-жеп, осыдан ұйып шыққан сүттің берекесі болмайды деп есептейді. Мұндай ана баласын емізгенде сүт арқылы баланың табиғатына харамға деген бейімділік дариды екен. Өз ойын қорыта келе, «Баланың қасиетсіздігі – харам астың кесірінен» деп түйіндейді. Тақуа кісілердің бірі: «Ақымақ әрі ғапылдыққа берілген әйелдің сүті де зиянды болады. Ғапылдықпен емізген болсаң, дереу құстыр» деп, бұл мәселеде өте мұқияттылық танытудың маңыздылығын көрсетеді.

Баланың дені сау, төрт мүшесі түгел туылуы үшін қолынан келгеннің барлығын істеп, жүзден бір ықтималды қауіп-қатердің өзінен аулақ болуға тырысқан әке-шеше неліктен баласының рухани саулығына дәл осылай ыждағаттылық танытпасқа? Мәселенің осы қырын да ескеру қажет.

«Мүбәрак» атты күйеу бала

Мұсылман ғұламалары халал-харам мәселесінде асқан ыждағаттылық танытқаны сонша, отбасыларын адал нәсібемен асырап, балаларының рухани тазалығына жағдай жасап, дені сау, рухы берік қылып өсіру үшін қолдарынан келгенін аямаған. Жалпы ұлы кісілердің өміріне қатысты ғибратты оқиғаларды айтқанда, астарындағы мағынаға мән беру керектігін ұдайы қайталап отырамын. Осы ойымды тағы бір қайталап, ел аузында жиі айтылатын бір хикаяны тілге тиек етуді жөн көрдім.

Ертеде Мәрв қаласының қазысының жалғыз қызы болған деседі. Қызы балиғат жасына жеткесін, қазы қызына лайықты күйеу жігіт іздестіре бастайды. Қазымен құда болғысы келетіндердің қатары күн сайын көбейіп, көптеген адам құда түсіп келе бастайды. Алайда, қазы қызын ұзатуға асықпайды. Келген кісілерді әбден барлап, бақылап, жалғыз қызына лайықты күйеуді ұзақ іздейді. Бір күні қазы түс көреді. Түсінде біреу қызын «Мүбәрак» деп аталатын құлына ұзатуын бұйырады. Осы түсті бірнеше рет қайталап көргеннен кейін қазы құлын түрлі жағдайларда сынап, байқап көреді. Сөйтіп, құлының қайырымды, ізгі адам екеніне көз жеткізеді. Қызын құлына ұзатпақ болған ойын бірқатар достарына да айтып көреді. Достары қазының бұл ойынан біраз іркіліп, қызын текті біреуге ұзатқаны жөн болатынын айтып көндірмек болғанымен қазы алған бетінен қайтпайды. Ол өз ниетін қызына айтып, ризашылығын алғаннан кейін құлы мен қызының некесін қиып, үйлендіреді.

Неке қиылғалы арада бір айдай уақыт өтеді. Бір күні қазы күйеу баласының үйіне жағдай сұрай барады. Әкесін көріп арқа-жарқа болып қалған қызының көкейінде бір уайымы барын байқап қалған қазы қызынан мұның себебін сұрайды. Қыз әкесіне: «Әкетай, күйеу балаң өте жақсы адам. Бірақ, әліге дейін орамалымды ашқан жоқ. Үйленгелі маған жақындаған емес. Ішіп-жемімді түгел қамтамасыз етуде. Бірақ, бүгінге дейін қолымнан да ұстап көрген емес» дейді. Қазы бұл жағдайға таң қалады. Дереу күйеу баласын оңаша шақырып алып, мұның мәнісін сұрайды. Күйеу баласынан алған жауабы қазының көңілінен шыққаны сонша, қызын ең лайықты кісіге ұзатқанына көзі жетіп, шүкіршіліктен жанарынан жас моншақтап қоя береді. Сондағы күйеу баласының айтқаны: «Қожайын, сізден өтінемін, маған ренжи көрмеңіз. Сіз туралы жаман ойда екен деп ойлап қалмаңыз. Айтпағым, сіз қаланың қазысысыз. Сізге келіп-кететіндер де аз емес. Үйіңізге сыйлықтар да жіберіп жатады. Сіздің қызыңызды Хақ тағаланың маған нәсіп еткені үлкен нығмет деп білемін. Қызыңыздың үйіңізге келетін күдікті ас-ауқаттан жеп қоюы мүмкін екенін ойлап, секем алдым. Аллаһ елшісінің адам бойындағы бір түйір харам астың әсері оның бойынан қырық күннен кейін барып қана кететінін айтқан хадисін естіген едім. Сүйікті жарымды тым болмаса қырық күн бойы өзімнің ақ адал маңдай теріммен тапқан адал аспен асырағым келді. Сөйтіп, Аллаһ бізге ізгі ұрпақ нәсіп етсін деген ниетпен қызыңызға әлі жақындамадым» деген екен.

Иә, бұл ғибратты әңгіме. Үйленген әрбір жұптың дәл осылай 40 күндік «әрбайн»[11] жасауы шарт емес. Мүбәрак атты жігіттің қырық күн жарына жақын-дамауы оның өзіне ғана қатысты жағдай. Дегенмен, руханият әлемінің заңғар тұлғаларының бірі, үлкен әулие Абдуллаһ ибн Мүбәрәк дәл осы бұлақтай мөлдір, пәк некеден туғанын да ұмытпаған жөн.

Имам Ағзамның әкесі Сәбиттің басынан өткен жағдай

Имам Ағзам Әбу Ханифаның құрметті әкесі Сәбит туралы да ел аузында жиі айтылатын бір аңыз бар. Сәбит бір күні өзеннің жағалауында дәрет алып жатып суда ағып бара жатқан бір алманы көреді. Әлгі алмаға қарап тұрып: «бәрібір шіріп кетеді ғой, тым болмаса зая кетпесін» деген ниетпен алып жейді. Артынша бір бұрышқа барып түкіргенде түкірігінен қан көреді. Осы уақытқа дейін қан түкіріп көрмеген Сәбит мұның жаңа ғана жеген алманың кесірінен болғанын ойлап, өкіне бастайды. Сөйтіп, алманың иесінен ақысын кешуін өтіну үшін өзенді жағалап жүре береді. Сұрастыра-сұрастыра ақыр соңында алманың иесін табады. Басынан өткен оқиғаны түгел баяндап, алманың иесінен ақысын кешуін өтінеді. Әлгі кісі бұған бірден келісе кетпей, ақысын кешу үшін Сәбитті өзінің қолында ұзақ уақыт бойы жұмыс істеткізеді. Оны түрлі жағдайларда сынап көреді. Құдай деген ізгі жан екеніне көзі жеткесін: «Менің соқыр, саңырау, мылқау және мүгедек бір қызым бар. Сол қызыммен үйленсең, алманың ақысын кешемін» деп соңғы шартын айтады. Сәбит ақыретке кісі ақысын арқалап кетуден қорыққандықтан, бұған да келісіп, әлгі кісінің ұсынысын қабыл алады.

Некелері қиылғаннан кейін Сәбит келіншегі отырған бөлмеге кіреді. Ол некелі жарының жүзін көрмеген болатын. Бөлмеге кіргені мұң екен аңтарылып тұрып қалады да, дереу бөлмеден қайта шығады. Қайын атасын тауып алып: «Бір қателік болған секілді. Менің бөлмемде сіздің қызыңыз емес, басқа бір қыз отыр» дейді. Сәбиттің шынайылығына көңілі толған қайын атасы күлімсіреп: «Балам, бөлмеңде отырған саған некелеген қызым болады. Сол сенің жарың» дейді. Артынан мәселенің мән-жайын жеке-жеке түсіндіріп: «Қызымды соқыр деген себебім, ол ешқашан харам көрген емес. Саңырау деген себебім, ол ешуақытта харамға құлақ түрген емес. Мылқау дегенім, ол ешқашан өсек сөйлеген емес. Мүгедек деген себебім, ол ешуақытта харамға беттеген емес. Енді құдай қосқан қосағыңның жанына бар. Құрған отауларың құтты болсын!» деп түсіндірген екен.

Міне, осындай әке-шешеден Имам Ағзам Әбу Ханифа дүниеге келеді. Әрине, бұл да ел аузындағы әңгіме. Алайда, ең маңыздысы, Имам Ағзам сынды алып ғұламаның қандай отбасында, қандай тәрбиемен өсіп-жетілгенін парықтап, осыдан ғибрат алып, ой түю болса керек.

Анасының инесі, ұлының бізі…

Жатырда жатқан кезінен бастап, сәбидің адал астан нәр алуы өте маңызды. Баланың іште қалыптасу, даму сатыларында ананың діни, рухани тұрғыдан салғырттыққа салынған кез-келген жағдайы сәбиге кері әсер етіп, өткінші де болса кесірін тигізеді. Әке-шешенің қанындағы бір түйір харам нәрсе баланың өмірде адасушылыққа ұрынуына сеп болуы әбден мүмкін.

Хазірет Әбу Уәфә осыған қатысты өз басынан өткен бір оқиғаны былай жеткізеді. Хазіреттің баласы өсе келе қолына біз ұстап жүретін әдет шығарады. Сөйтіп, құдықтан су таситын адамдардың торсықтарын тесіп, жұрттың мазасын алып, әбігерге салатын қылық шығарады. Хазірет Әбу Уәфәның көңіліне қаяу салмау үшін жұрт бастапқыда тіс жарып ештеме айтпайды. Алайда, уақыт өткен сайын мәселе ушыға түседі. Ақыр аяғында жұрт баласының істеп жүрген қылығын айтып, ғұламаның өзіне шағымданады. Баласының жаман әдетін естігенде,хазіреттің көңілі қатты құлазып кетеді. Бір жағынан аң-таң болып, таңырқайды. Жұрт кеткесін жағдайды әйеліне айтып түсіндіреді. Сөйтіп, баланың мұндай басбұзарлыққа баруына екеуінің бірі себепкер болуы мүмкін екеніне тоқталады. Артынан әйелінен жүкті кезінде бір қателік жасап-жасамағанын сұрап көреді.

Әйелі ойланып-толғанып отырғанда бірдеңе есіне сап етіп түсе кетеді. Сонысын хазіретке айтып: «Бала туылмастан бірнеше ай бұрын көршінің үйіне барған едім. Көршінің бақшасында өсіп тұрған апельсин мен анарды көріп, соны жегім келіп, қатты аңсарым ауды. Бірақ сұрауға ұялдым. Көршіме айтпай қолымдағы тебен инемен жемістердің қабығын тесіп шырынын сорып, дәмін татқан едім» дейді. Осыны естуі мұң екен Әбу Уәфә: Елдің торсығын бізбен тесетін жаман әдет баламызға содан жұққан екен» деп мұңаяды. Артынан әйеліне: «Енді істеген қателігің үшін Аллаһтан кешірім тіле» дейді. Әйелі істеген қателігінің баласында қалай көрініс тапқанын көріп, қатты өкінеді. Көршісінен барып кешірім сұрап, жылап-еңіреп Аллаһтан кешірім тілеп, тәуба етеді. Анасын көріп баласы да өзінің істеп жүрген ісіне өкіне бастайды. Тіпті көп өтпей қолындағы бізін лақтырып тастайды.

Шын мәнінде адам үшін қатты алаңдап, қауіпте-нетін мәселелердің бірі «бала-шағама харам жегізіп қоямын ба?» деген қорқыныш сезімі болуы қажет. Өйткені, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Харам асты талғажау етіп өскен адам отқа (түсуге) лайықты» деген еді. Әрбір харам оны ішіп-жеген адамнан немесе оның бала-шағасының алдынан осы дүниеде болмаса да, арғы дүниеде міндетті түрде шығады. Халал – жүректі нұрландырып, жарқыратса, харам – оны қатайтып, қарайтады. Ғибадаты кемшіліксіз, дұғасы қабыл болғанын, ұл-қызының ізгілерден болуын қалайтын кісі халалдың аясынан шықпауға асқан ыждағаттылық танытуы қажет.

[1] Мүбаһ – жасалуы мен жасалмауында діни жағынан ешқандай тосқауыл болмаған, яғни жауапкердің еркіндегі іс-әрекеттер. Мәселен, тамақ ішу, ұйықтау, т.б.
[2] «Бақара» сүресі, 2/29.
[3] «Жасия» сүресі, 45/13.
[4] «Нахыл» сүресі, 16/116.
[5] «Маида» сүресі, 5/88.
[6] «Бақара» сүресі, 2/168.
[7] Адам бойында миллиондаған жасуша болатындығы секілді оның рухани болмысында да миллиондаған рухани жасуша болады. «Латифа» термині бұл жерде рухани жасуша мағынасында қолданылған. (Ауд.)
[8] Ислам діні келгенге дейінгі арабтардың қараңғылық, надандық дәуірінің атауы
[9] «Мағрифат» – Аллаһқа деген таным, ілім. Аллаһты ішкі рухани танымы арқылы білу, сезіну дегенге саяды (Ауд.)
[10] «Заққум» – жаһаннамда өсетін ағаштың атауы
[11] «Әрбайн» – тасаууыф ілімінде кісінің 40 күн бойы аз ішіп-жеп, аз ұйықтап белгілі бір діни, рухани тәжірибені бастан өткеруіне айтылатын сөз (Ауд.)

рет оқылған
Тілді таңдау »