X
Меню
X

Халал мен харам астың медицинадан алатын орны

Халал мен харам астың медицинадан алатын орны
Print Friendly, PDF & Email

Халал және харам – барша мұсылман қауымының күнделікті тұрмыс-тіршілігіне  қатысты шариғат шеңберін қамтитын тек Ислам дініне тән ұғым.

Мұсылманға тән халал тағам Құран Кәрімде анық айтылып, шариғатымызбен бекітілген. Сондықтан қандай жағдай болмасын, әрбір мұсылман халал мен харамға көңіл бөлуге міндетті. «Халал» терминін қазақ тіліне аударғанда «рұқсат етілген», «адал», «таза», «шариғат бойынша жасауға болады» деген мағыналарды білдіреді. Ал, шариғат шеңберінде нақты тыйым салынған, адам денсаулығына зиян келтіретін, қоғамға да үлкен зардабын тигізетін лас заттар мен әрекеттер харам болып есептеледі.

Дініміз тыйым салғаны үшін кейбір жануарлардың еттерін жеуге болмайды. Әрине бұл тыйымдарда көптеген хикметтер бар. Мұсылмандар бұл хикметтерді біле бермесе де діннің тыйым салған нәрселерін жасамау керек. Алла Тағала «Мәида» сүресінің 3-аятында:

﴿حُرِّمَتْ عَلَيْكُمُ الْمَيْتَةُ وَالدَّمُ وَلَحْمُ الْخِنْزِيرِ وَمَا أُهِلَّ لِغَيْرِ اللَّهِ بِهِ وَالْمُنْخَنِقَةُ وَالْمَوْقُوذَةُ وَالْمُتَرَدِّيَةُ وَالنَّطِيحَةُ وَمَا أَكَلَ السَّبُعُ إِلا مَا ذَكَّيْتُمْ﴾

«Сендерге: Өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атынан бауыздалған мал арам етілді. Буынып, ұрылып, құлап, сүзіліп өлген малдар және жыртқыш (аң, құс) жеген мал арам. Бірақ (жаны шықпай) бауыздалғандары басқа», – деп үкім ете отырып, жейтін етіміздің қайсысы адал, қайсысы арам екенін атап көрсетеді.

Бұл үкім кезінде Мұса (ғ.с.) үмметтері иаһудилер мен Иса (ғ.с.) үмметтері христиандарға да берілген болатын. Иаһудилер бұл үкімді әлі де ұстап келеді. Ал христиандар Інжілде жазылған (Қосзаңдылық 14:8): «Ал, доңыз аша тұяқты болса да, күйіс қайырмайды. Ол сендер үшін таза (халал) емес, оның етін жемеңдер және олардың өлігіне жоламаңдар!» – деген Алла Тағаланың бұйрығын тәрк етіп, «амандықты қамтамасыз етуді» ұмытты.

Азықтардың адамға жақсы немесе жаман әсері болатыны сөзсіз. Анасы жаман болған немесе жаман әйелдің сүтін емген бала да жаманшылығының әсерін алады. Дүниесін және ақыретін ойлайтын адам дініміздің халал деген нәрселерін жеп, харам деген нәрселерінен тыйылуы керек.

Халалдың қоғам үшін атқаратын қызметтері көп. Экономикалық салада да, денсаулық сақтау саласында да, әр адамның жеке гигиенасының сақталуы мен рухани тазалықтың себепшісі ретінде халал өнім көп рөл атқарады. Қазақ «тәні саудың жаны сау» немесе «ас – адамның арқауы» деп бекер айтпаған. Адам денсаулығына әсер ететін әлеуметтік факторлардың  50%-ы тамақтану, 20%-ы қоршаған ортаның әсерлері, 20%-ы тұқым қуалайтын қасиеттер, тек 10%-ы ғана денсаулық сақтау жүйесінің жұмысына байланысты. Егер адам денсаулығына әсер ететін бүкіл факторлардың жиынтығын алсақ, соның 35%-ы тамақтанудың үлесіне тиеді екен. Сондықтан әр адамның денсаулығы оның тамақтануына тікелей байланысты.

Адам тіршілігінің көзі, өмірінің жалғастырушысы, ал кейде өмірін тоқтатушы ажал көзі де осы ас. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне қарағанда, 65 жасқа дейінгі өлім-жітімнің тең жартысы дұрыс тамақтанбаудан туындаған аурулармен байланысты. Ұзақ өмір сүру үшін, сондай-ақ жас ұрпақтың дұрыс дамып, өсуі үшін тиімді тамақтанудың және азық-түлікті зиянды компаненттерден қорғаудың маңызы ерекше.

Мұсылмандардың харам етінен бас тартуын, Алла әміріне бой ұсына отырып, өз денсаулығына жасаған қамқорлығы деп пайымдаған жөн.

Медицина ғалымдарының жазбаларына сүйенсек, доңыз өте лас хайуан. Әрі етінің құрамында барлық минералдық заттар мен витаминдер салыстырмалы түрде өте аз мөлшерде ғана кездеседі. Маңызды белоктар, витаминдер мен макроэлементтердің мөлшері мардымсыз. Доңыз етінде бастан аяқ тек бізге керексіз заттар бар, тіпті керексіз ғана емес, өте зиянды заттар бар.

Ұзақ уақыт жүйелі түрде пайдалану иммундық реактивтіліктің төмендеуіне алып келеді. Ол ағзаның спецификалық және бейспецификалық иммунитетінің төмендеуінен көрінеді және мұндай ағза әр түрлі ауру-сырқауға бейспецификалық қабынуларға, қатерлі ісікке бейім келеді.

Доңыз етін жеуден пайда болатын тағы бір ауру – трихинеллез. Статистикалық дерек бойынша трихинеллез ауруымен 28 млн. адам ауырады, соның 21 млн. АҚШ – та тұрады екен. Бұған қоса Америкада бұл дертке шалдығушылар саны жыл сайын 350 мың адамға артуда.

Адамның биологиялық өмір сүру ұзақтығы шамамен 150 жыл. Доңыз етін тағамға пайдаланбайтын Кавказ, Түркия, кейбір ислам мемлекеттері осы көрсеткішке жақындайды.

Дұрыс бауыздалмаған малдың еті де денсаулыққа зиян. Ал азық ретінде пайдаланатын жануарларды элекр тогымен өлтіру еттің сапасына нұқсан келтіреді. Мұндай әдіспен малды жансыздандырғанда мал денесінен қанның біркелкі ағып кетуіне кедергі болады және қан ағзадан толық шықпай қалады. Осының нәтижесінде әсіресе ісік ауруларын тудыратын концероген сақталып қалады, бұл адамның денсаулығына өте қатерлі. Бұл шариғи мал сою шарттарына қарсы келетін жағдай. Бұлардың бұл дүниенің өзінде де жұртқа тигізер кесір-кесепаты ұшан-теңіз. Сондықтан дінімізде мұндай лас әрекет тыйым салынған.

«Көбі харам нәрсенің азы да харам» деген қағидаға сай, сатылымдағы сыра мен шампандардың да харамдығын білген жөн.

Алла елшісі (с.а.с.) бір хадисінде: «Ағзада бір кесек ет бар. Егер ол сау болса, ағза да сау болады, бұзылса, ағза да бүлінеді. Ол – жүрек» деген екен.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұл арқылы талай хикметті бірден қамтыған. Тән саулығы жүректің дұрыстығына байланысты. Бұған анатомия және медицина ғылымдары тұрғысынан қарағанда да қайшылық жоқ. Адам өмірінің сыртқы көрінісінің бастау көзі – жүректің саулығы. Осы бір мағынасы терең сөзінен бірқатар түйін жасауға болады. Біріншіден, жүректен қантамырлар арқылы дене мүшелерімізге айдалатын қан адал, таза астан қуат алса, сау жүрек жақсы жұмыс істейді. Әрі осындай сау жүректен бүкіл дене мүшелерімізге айдалатын қан арқылы ағзамыздың да аман-сау болуын қамтамасыз етеміз. Керісінше, жүректен дене мүшелерімізге нәжіс қан айдалатын болса, жүректің қызметі бұзылып, сырқаттанады. Жүрек сырқат болса, одан тұла бойымызға айдалатын қан арқылы басқа да ағзаларымыз сырқаттанады.

Сол сияқты Сирия медицина университетінің бір топ ғалымдары 3 жыл бойы зерттеп, «биссимилла» айтылып сойылған малдың еті мен айтылмай сойылған малдың етінде үлкен айырмашылық  барын анықтады.

Зертхана жетекшісі профессор Халид Халавенің moheet.com сайтына берген сұхбатында: «Бисмилла айтылмай сойылған мал мен құс етінің құрамынан ұйыған қан, көбейуге бейім бактерия мен микробтар көп табылды және ет тез бұзылды, келесі етте ондай жағдай кезікпеді» дейді.

Зерттеушілердің үш жыл бойы зертхана үздіксіз жұмыс жасап, ашқан жаңалығы көптеген медицина ғалымдарын таңғалдырды.

Шам қаласында өткен ресми таныстыру үстінде зерттеу тобының басшысы доктор Абдулькадир Дирани: «Құран Кәрімдегі «Алланың аты аталмай сойылған малдың етін жемеңдер» деген үкім мен «бисмилланың» хикметі мені осындай тәжірибе жасауға итермеледі. Үш жыл бойы үзбей жасаған жұмыстың нәтижесі белгілі болды. Алғашында әріптестерімнің өзі бұған салқын қарады. Соңынан таңғаларлық зерттеу нәтижелері шыға бастаған соң бәрінің қызығушылығы оянды» деп қорытындылапты.

Халал дегеннің өзі бір үлкен ғылым. Жалпы халал мәселесі дінге тікелей қатысты. Себебі бүгінде барлық ғылымның атасы – Құран Кәрім. Онда барлығы жазылып қойған. Медицина да соның ішінде.

Шарани деген ғалымның мынадай бір сөзі бар. «Біз ғылыми зерттеу жасадық, сонда байқағанымыз, халал жеген адамның ұйқысы сергек болып, ғылым-білімге құштарлығы артады екен. Ал арам жеген адамның бүкіл ағзасы арамдықты талап етіп тұрады. Сондықтан ол бос уақытында арам іс жасап қоймас үшін Алла Тағала оғанда жеңілдік жасап, көп ұйқы беріп, маубас етіп қояды екен. Аз күнә жасасын деп. Себебі күнә түбі – бақытсыздық», – деген. Сол себепті де халал-харам мәселесін тереңнен қарау керек.

Бірде Франция елшісінің орынбасарына мынандай сұрақ қойылған екен: «Сіздер мұсылман емессіздер, еуропалықтарға жатасыздар, үшінші дәрежелі Әлемдік халал стандартында тұрсыздар. Енді екіншісін алмақшысыздар, тіпті Эмиратты озуға айналдыңыздар. Сонда не себепті халал мықты дамып жатыр?» Сонда ол: «Біз қорқыныш гормондарынан қорқамыз. Бізде көптеген көпшілік тамақтанатын орындарда малды электр тогымен өлтіреді. Ол етті жеген адамдардың түнгі ұйқысы тыныш болмай, дұрыс демала алмайды. Себебі сойылған малдың ағзасындағы қорқыныш гормондары тамақтанған адамның бойына тарайды. Содан барып, түн ұйқысынан шошып оянатындар көбейіп кеткен. Ал халал сойылған малда қорқыныш гормондары қалмайды, әрі еті тәтті. Сол себепті бізде халалға сұраныс артып отыр» – деген.

Әрине, қазіргі уақытта әлем бойынша көзі ашық халықтардың таза (халал) тағамға деген сұраныстарының артуына бірден-бір себеп, шет елдерден ағылып келіп жатқан күмәнді, зарарлы азық-түліктердің адал-арамын ажырату қиындыққа соғатындығында болып отыр.

Харам-халал мәселесінде қара қылды қақ жаратындай асқан мұқияттылық танытқан ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Халал мен харам белгілі. Алайда, осы екеуінің арасында кейбір күмәнді нәрселер бар. Адамдардың көпшілігі осының ара жігін айыра алмайды. Осы күмәнді нәрселерден бойын аулақ ұстаған жан дінін, ар-намысын сақтап қалады», – деген.

Бұл хадис халалға шақырудың, харамнан аулақ болудың және шүбәлі нәрселерден бас тартып, дін мен абыройды сақтау бірінші кезектегі амалдардың бірі екенін айтуда. Сондай-ақ, адамда жаман пікір тудыратын және сақтануды керек ететін нәрсеге ұстамдылық көрсету қажеттігін қаперге салады.

Кезінде Тони Блэр Женевадағы бір халықаралық жиында: «Бізге енді гендік модификацияның бетін ашатын уақыт жетті. Оны біз биотерроризмнен жаппай қырып-жоятын қару ретінде атайтын уақыт жетті» деген еді. Бүгінгі таңда сол нәрсе жүзеге асырылып жатқанына өзіміздің де көзіміз жетіп отыр. Шет елдерден, тіпті еліміздің өзінде өндіріліп жатқан өнімдердің құрамында, жаңа технологияның көмегімен тексерістен өткізу барысында табылып жатқан адамның ағзасына кері әсер тигізетін зиянды улы компоненттер адамдарды таңғалдырып, толқытуда. Сондықтан да, дүние жүзі бойынша, тіпті мұсылман емес халықтардың арасында да халал өнімдерге деген сұраныс күннен күнге артып келеді.

Алла Тағала адамзатқа рақымын жаудырып, арам мен адалдың аражігін көрсетіп берді және адамның тәні мен жанына зарары тимейтін таза рызық несібелерден пайдалануды бұйырды. Ислам шариғаты адам денсаулығына, өміріне қауіп төндіретін нәрселерді пайдалануға қатаң тыйым салған. Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Өз-өздеріңді өлтіруші болмаңдар, расында, Алла сендерге мейірімді» (“ан-Ниса” сүресі, 29 аят).

Алла елшісі (с.а.с.) бір хадисінде айтады: «Өзіңе де, өзгеге де зиян тигізуің болмайды!» (Ахмад 5/326, Ибн Мажа 2340, ат-Табарани 1/163)

Имам Ибн Хәзм (р.а.) былай деген: «Денсаулыққа зияны тимейтін нәрселерді жеуге рұқсат етіледі, ал денсаулыққа зияны тиетін нәрселерді ішіп-жеуге тыйым салынады!» (“әл-Мухалля” 7/430).

«Денсаулық – зор байлық» демекші, әрбір адамның бұл дүниедегі қазынасы, Алланың аманаты, ол – денсаулығы. Ал тәннің саулығы бойға тарайтын асқа байланысты болғандықтан ішетін асымызға барынша мұқият болуымыз керек. Әсілінде, Алла Тағала бізге берген дүниенің ішінде халал нәрселер көп. Ал, харам заттар өте аз. Демек, біз халал шеңберінде өз пенделік қажеттілігімізді қанағаттандыра аламыз. Бойымызды хараммен улауымызға ешбір себеп жоқ.

Осындай тазалық пен адалдықты бізге айқындап берген, медициналық зерттеулер нәтижесінде дәлелденген хақ дініміздің үкімдеріне құлақ асу, яғни, харамға апаратын барлық жолдарды бекіту және харамға жетелейтін амалдардан сақтану барша иман еткен, Раббысының разылығын көздеген мұсылмандардың міндеті. Бұл дініміздің талабы, тәніміздің тазалығы үшін қажет.

Добавить комментарий

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

рет оқылған