X

ХАЛАЛ ӨНІМГЕ ДЕГЕН СҰРАНЫС АРТЫП КЕЛЕДІ

ХАЛАЛ ӨНІМГЕ ДЕГЕН СҰРАНЫС АРТЫП КЕЛЕДІ
Print Friendly

Бүгінде бүкіл әлем табиғи таза өнімді тұтынуға ынталы. Адам ағзасын улап, зиянын тигізетін сапасы төмен тамақ өнімдеріне деген көзқарастың күрт өзгергені тегін емес. Алпауыт батыс елдері де ислами талаппен өндірілетін өнімге бей-жай қарамайтын болды. Тәуелсіздік алғалы біздің еліміз де бұл мәселені күн тәртібінен түсірген емес. Осы жуырда ғана Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет мәжілісінде халал стандарты мәселесі көтерілді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан да арнайы халал стандарты бөлімінің ашылғанына да көп бола қойған жоқ. Осы азғана уақыт кезеңінде халал стандартын енгізу үшін қаншама жұмыстар тындырылды.

Әрине, бұған дейін де халал стандартын айғақтайтын таңбасы бар өнімдер шеттен тасылатын еді. Өз еліміздегі бірқатар кәсіпорындар да арнайы сертификат алып, өнімдерін шығарып жатыр.

Бірақ, бір әттеген-айы, бұл өнімдердің барлығы ислами тұрғыдан алғанда таза халал өнімі болып шықпай жатқанын да жасыра алмаймыз. Сертификат алғанның бәрі халал өнім шығарып жатыр десек, қателесетініміз тағы бар.

Осы жуырда Науан хазірет мешітінің арнайы шақыруымен ақмола облысына жұмыс сапарымен келген Мүфтияттың «Халал стандарттау» бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев  осы елді толғандырған мәселелер жөнінде облыстың барша имамдары қатысқан семинарда кеңінен әңгімелеп берген еді. Оның айтуынша, аталған бөліммен еліміз бойынша 200-ден аса кәсіпорынға халал сертификаттары берілген екен.

 

Аталған басқосудың алдында Астанадан келген өкіл қаламыздағы «Бижан» ет өңдеу кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, өндіріс процесімен жан-жақты танысты. Мал сойғаннан бастап, таза өнім шыққанға дейінгі өндіріс ырғағына қанық болды. Мұнда мал сою кезінде шариғи талаптар қатаң сақталады. Кәсіпорын директоры Шәкірхан Әнтаев малды сою кезінде оған қорқыныш сезімін тудыру еттің сапасына да әсерін тигізетінін айтты. Сөйтсек, ондай мал еті түрін өзгертеді екен. Яғни, халалдығын жоғалтады деген сөз.

Сонымен бірге, қаз-қатар тізілген малды сою барысында жаны толық шығып, қаны ақпай жатып терісін сыпыру оқиғалары да кездеседі екен. Ал, мұндай кәсіпорындарда шариғат қатты талап ететін жайлар басты назарға алынатынына куә болдық.

Бейбіт Мырзагелдиев көпшілікке қарап, көшеде сатылатын шұжық өнімін жеуге не үшін тартыншақтайтынымыздың жай-жапсарын тілге тиек етті. Расында, ол қандай жолмен жасалғанын білмей тұрып, тұтына алмаймыз ғой. Мысалы, Мүфтияттың халал бөлімі осы заманғы зертханада 300-ге жуық халал таңбасы бар өнімдерді тексерген кезде, оның 285-інен шошқаның май қоспасы табылғанын атап көрсетті. Сондықтан халал таңбасын алатын кәсіпорындар қатаң бақылауда болатынын да жасырмады.

Үкімет те бұған  назар аудара бастады. Бәлкім, енді халалдау мәселесі ел деңгейінде қолға алынса, оның жақсылығы көп екенін айтар едік. Мүфтияттан келген өкіл бұл мәселені аудан-қала имамдарына да айтып, жергілікті жерде бұл мәселеге бас-көз болуға шақырды.

Ақмола облыстық өкілдігінің халал стандарты бөлімімен жасалып жатқан жұмыстарға оң баға берілді. Өкіл имам Қуаныш Сәбит бұл мәселе алдағы уақытта да  назарда ұсталатынын атап айтты. Бұл облыс орталығында ғана емес, барлық өңірлерде жолға қойылады деп сендірді.

Бір атап өтерлігі, Көкшетау қаласында бірқатар қоғамдық тамақтандыру орындары осындай халал сертификаттарын алды. Жаңағы «Бижан» ет өдеу кешенінің де кей өнімдері арнайы сараптаудан өтті. Алдағы уақытта өңірлердегі мешіттер жандарындағы асханалар жұмыстары да толықтай халал стандартына көшіріледі.

Бақыт СМАҒҰЛ.

рет оқылған