X
Меню
X

Құрбан айтта сақталуы тиіс халал стандарт талаптары

Құрбан айтта сақталуы тиіс халал стандарт талаптары
Print Friendly, PDF & Email

Мұсылмандардың ұлық мерекелерінің бірі – Құрбан айт. Үш күнге созылатын мейрам жыл сайын хижра – мұсылман күнтізбесі бойынша Зүлхижа айының оныншы жұлдызында (Арафа күнінен кейін) және Ораза айт мейрамынан 70 күн өткеннен кейін басталады.

Бұл күні Меккеге барған тәуапшылар Мина алқабында құрбандық шалу рәсімі мен қажылықтың басқа да талап-шарттарын атқарса, қажылық жасауға шамасы келмеген мұсылмандар мешіттерде айт намазын оқып, айтулы мерекенің ең маңызды рәсімі – құрбандық шалады.

Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл жайында: «Адам баласы Құрбан айт күні қан шығарудан (құрбандық шалу) басқа абзал амал арқылы Алла Тағалаға жақын болған емес. Құрбандық ретінде шалған малы қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай тұрып Алла Тағаланың құзырында ерекше жоғары дәрежеге жетеді. Сондықтан да шын жүректен әрі ризашылықпен құрбандарыңды шалыңдар», – деп құрбандық шалудың қаншалықты жауапты әрі сауапты іс екенін айтқан.

Бұл күні шариғат бойынша барша мұсылманға ортақ ғибадат – құрбандық шалынады. Құрбандық деп Құрбан айт күндерінде ғибадат ниетімен шалынатын малды айтады. Сондықтан бұл құрбандық шалу мерекесі, яғни Құрбан айт деп аталады. Құрбан айт күндері (алғашқы үш күні) шалынатын мал «ұдһия» деп аталады. Алайда, кез-келген мал құрбандыққа жарай бермейді. Құрбандық ретінде шалынатын малдың ерекшеліктері мынадай болу қажет:
1. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар (еркек-ұрғашысы бірдей) жарамды. Ал үйрек, қаз, тауық, түйетауық, елік секілді және тағы басқа да аң-құстар құрбандыққа жарамсыз. Бұларды құрбандық ретінде шалу харамға жақын мәкрүһ болып табылады. Өйткені мұнда отқа табынушылардың нышаны бар.

  1. Құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен, алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса ол құрбандыққа жарамды. Ал ешкі міндетті түрде бір жасқа, сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толған болуы қажет.
  2. Құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Сонымен қатар оның бойында малды құрбандыққа жарамсыз ететін кемшіліктер болмауы тиіс. Атап айтқанда, екі немесе бір көзінің соқыр болуы, бауыздалатын жерге өздігінен жүріп бара алмайтындай әлсіз, көтерем болуы, екі құлағының не бір құлағының басым бөлігі болмауы, тістері түгелдей немесе бір бөлігі түсіп қалған болса, қос мүйізі немесе бір мүйізі түбінен түсіп қалған болса, сондай-ақ желін ұшының түсіп қалуы, жетекке көнбейтін, үйірге қосуға жарамайтындай асау немесе ауру екендігі анық белгілі болса. Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды тек бір адам ғана, ал түйе немесе сиыр секілді ірі-қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп соя алады.

ҚМДБ Халал Дамудың 1:2016 стандарттың 6-шы «Қолмен мал бауыздау үрдісі» тармағына сәйкес Ханафи мазхабы бойынша құрбан айт мерзімінде мал бауыздау барысында сақталуы тиіс стандарт талаптары:

6.2.1. Малды немесе құсты бауыздайтын немесе бауыздалу процесін басқарушы адам – кәмелетке толған, ақыл-есі дұрыс, қолмен бауыздау ережелерін білетін, «ХАЛАЛ» ұйымынан арнайы берілетін рұқсат қағазы (куәлігі) бар мұсылман болуы қажет. Бауыздау алдында ниет етіледі.

6.2.2. Бауыздалатын мал (құс) «ХАЛАЛ» болуы міндетті.

6.2.3. Сойылатын мал (құс) тірі болуы немесе бауыздар алдында тірі болып саналуы керек. (Бауыздаған кезде малдың қаны лық етіп аққанына және бауыздағаннан кейінгі қимылдарына қарай тірі болып саналады).

6.2.4. Сойылатын малдың бауыздар кезінде еттің сапалық құрылымын өзгертетіндей, әлде етін жеген адамды ауруға шалдықтыратындай қандай да бір ауру жұқтырмаған, сау болуы талап етіледі.

6.2.5. Мал бауыздайтын арнайы жабық жер болмаған жағдайда, жануарды сол жағына жатқызып, Құбылаға (Меккеге, Сауд Арабияға) қарату керек (абзал) және жануардың жанын мейлінше қинамау қажет.

– мал тек қана Алланың есімі аталып бауыздалуы керек, басқа ешбір мақсатта емес.

6.2.6. Қолмен мал бауыздайтын адам жануарды тура бауыздар алдында Алла Тағаланың есімін, яғни, «Бисмилләһ» (Алланың атымен бастаймын) деп айтуы шарт.

Ескерту: магнитафон немесе өзге де дауыс шығарғыш құралдарды қолдануға болмайды.

6.2.7. Малды өткір пышақпен (пышақ – түзу әрі бір жүзді, тістері, шұңқырлары, сынығы жоқ, әрі құстың мойнының енінен кем дегенде төрт есе, жануардың мойнынан екі есе ұзынырақ болуы керек), тек бір рет осу арқылы және пышақты жануардың денесінен ажыратпай бауыздау қажет;

– қолмен мал сойғанда, оның кеңірдек, өңеш және мойнындағы негізгі күретамырлары кесілу керек (1,2,3 суреттер);

Ескерту: Төрт Мазхабтағы мал бауыздау ерекшеліктері:

Ханафи: Төрт күре тамырдың барлығы да кесілуі тиіс.

Мәлики: Кеңірдек пен екі ұйқы күретамыры кесіледі.

Шафиғи: Кеңірдек пен өңеш кесіледі. Ал күретамырлар мен мойындырық қантамырларын кесу сүннет болып табылады.

Ханбали: Шафиғи мазхабында сияқты бауыздалады.

  • Пышақты малдың (құстың) көзінше қайрауға болмайды;
  • Бір малдың көзінше басқа бір малды бауыздауға жол берілмеуі тиіс;
  • Мал мен құсты өтпейтін пышақпен бауыздамау қажет, себебі жануар қиналады;
  • Мал бір мәрте ғана бауыздалады, бауыздағаннан кейін, пышақтың жүзі жануардың денесінен бір көтерілгенде бауыздау аяқталады.

6.2.8. Малдың тұтас етін жіліктеуге тек қанның басым бөлігі ағып кеткеннен кейін ғана рұқсат етіледі;

  • Бауыздамай жатып малдың (құстың) қандай да бір бөлігін кесіп (шауып) алуға болмайды;
  • Бауыздамас бұрын жануардың терісін сыпырып алуға болмайды;
  • Құсты бауыздамас бұрын жүндерін жұлуға болмайды;
  • Жануарды (құсты) бауыздамас бұрын қайнап тұрған суға салуға болмайды.

6.2.9. Пұтқа табынушы, атеист, отқа табынушы, дінбұзардың сойған малын жеуге болмайды.

 

6.1. Мал мен құсты бауыздау алдында күтіп ұстау шаралары

6.1.1. Мал мен құстарды бауыздауға дейін Исламда көзделген қағидалар бойынша күту қажет.

6.1.2. Жануар қасақана лас (ұнтақталған ет пен сүйек және т.б.) нәрселермен жемделмеуі қажет. Тауықты тазалау мерзімі 3 (үш) күнді, қойды тазалау мерзімі 4 (төрт) күнді, ірі қара мен түйені тазалау мерзімі 10 (он) күнді құрайды (негізінен тазару мерзімі малдың етінен иіс кеткенге дейін жалғасады).

6.1.3. Союы жоспарланған мал мен құстың дені сау екендігін растайтын арнайы ұйымнан берілетін құжат болу керек. Жануарларды кәсіби ветеринардың қарауынан өткізу де міндеттеледі. 1/3 кезеңнен өткен буаз мал сойылмайды.

6.1.4. Сойылатын мал мен құс нәжістен, зәрден және ластықтан тазалануы керек.

6.1.5. Сояр алдында мал мен құсқа қандай да бір зиян, ауру, күйзеліс келтірмей тыныш қалыпқа түсіру керек.

6.1.6. Кезекті бауыздалатын мал өзінің алдында сойылып жатқан малды көрмеуі керек. Мал бауыздау орны пердемен не басқа қоршаумен қоршалуы тиіс.

Құрбандық шалу  барысында ҚМДБ Халал Даму ЖШС бекіткен стандарт талаптарының орындалуын ескергендеріңіз жөн. 

ҚМДБ халал стандарттау бөлімінің баспасөз қызметі 

 

 

 

 

рет оқылған