X
Меню
X

АСПАРТАМ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?!

АСПАРТАМ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?!
Print Friendly, PDF & Email

АСПАРТАМ (Е 951) – тағамға тәтті дәм беруші, қантты алмастырушы,  ақ кристал тәрізді, қарапайым қанттан 200 есе тәттірек, иіссіз, жасанды тағамдық қоспа.

Жасанды қоспалар арзан, әрі табиғи тәттілендіргішпен салыстырғанда тауардың ұзақ уақыт сақталуына жақсы ықпал етеді. Аспартам секілді басқа да жасанды қоспалардың аз ғана мөлшері бірнеше килограмм қантты алмастыра алады.

Өндірушілер калориясы аз өнім өндіру мақсатында диеталық тағамдарды өндіруде кеңінен қолданады.

 Аспартамның құрамына кіретін екі амин қышқылы қауіпсіз болғанымен, метанол – өте зиянды, канцерогенді зат. Себебі, құрамында аспартам бар өнімді  тұтыну кезінде адам ағзасы метанолмен улануы мүмкін. Метанол аспартамның 10% -ға жуық бөлігін құрайды.

Құрамында аспартам бар өнімдерді мөлшерден тыс тұтыну мынадай ауруларға шалдықтыруы мүмкін:

  • неврологиялық аурулар;
  • Альцгеймер ауруы;
  • асқазан-ішек аурулары;
  • бас ауруы;
  • жүрек айну;
  • есте сақтау қабілетінің нашарлауы;
  • гормондардың бұзылуы.

Қазіргі таңда тағам өндірісінде аспартамды қолдану кең белең алғандықтан аспартамсыз тағам, сусын түрлерін табу қиын. Сол себепті, тұтынушыларға аспартамның орнына мейілінше табиғи аналогтары қолданылған тауарларды тұтынуға кеңес береміз.

Табиғи қант алмастырғыштар:

  • Фруктоза – қанттың орнына пайдаланса, тіс жегінің пайда болуын 30 %-ға төмендетеді;
  • Сорбит (Е 420) – дәл қант сияқты тәттілігі болмаса да, колориясы салыстырмалы  жоғары;  
  • Ксилит (Е 967) – табиғи тәтті дәм беруші, ылғал қамтамасыз етуші агент, стабилизатор, эмульгатор ретінде де қолданылады.

Жасанды, бірақ салыстырмалы зияны аздау:

  • Ацесульфам (Е 950) қанттан 200 есе тәттірек;
  • Сахарин (Е 954) қанттан 300 есе тәттірек;
  • Сукралоза (Е 955) қанттан 600 есе тәттірек;

          Бұл қоспаларды күнделікті немесе жиі тұтынудан сақ болған жөн!

Жасанды әрі канцерогенді болуы ықтимал, зиянды:

  • Цикламат (Е 952)өте зияндығына байланысты кейбір мемлекеттерде қолдануға тиым салынған.

Аталмыш қоспаны мүлдем тұтынбаған абзал!

Қорыта айтқанда, аспартамға (Е 951) харам үкімін бере алмаймыз! Десек те, күнделікті қолданып жүрген тағамдарымыздың құрамын саралай келе денсаулығымызға тигізер пайдасынан зиянының көп болмауына аса мән бергеніміз дұрыс. Жүкті әйелдер мен балалардың құрамында аспартам (Е 951) қоспасы бар өнімдерді көп мөлшерде әрі, жиі қолданбағаны абзал.

Адам денсаулығы Алланың нығмет қылып берген мүлкі және аманаты. Сондықтан ағзамыздың әр мүшесіне аса үлкен жауапкершілікпен қарағанымыз абзал. «Бахара» сүресінің 195-аятында: «Өздеріңді өз қолдарыңмен опатқа ұшыратпаңдар», – делінген. Ендеше өз-өзімізге қиянат жасамай, Алла берген аманатымызға берік болғанымыз дұрыс!

Анығын Аллаһ білуші!

ҚМДБ халал өнімдерін стандарттау бөлімінің баспасөз қызметі

рет оқылған