X
Меню
X

Қауіпсіз жеміс-жидекті қалай таңдаймыз?!

Қауіпсіз жеміс-жидекті қалай таңдаймыз?!
Print Friendly, PDF & Email

Көкөністер мен жемістер көптеген дәрумендердің көзі екені ежелден белгілі. Қазіргі таңда дүкен сөрелерінен кез-келген жеміс пен көкөністі еш қиындықсыз таба аласыз тіпті біздің елімізде өспесе де. Яғни климаттық жағдайымыз тропикалық жемістерді өсіруге қолайсыз болса да, тропикалық жемістердің сан алуан түрін, балғын күйде таба аласыз. Аталмыш жемістер шет ел асып келсе де, еш бүлінбей, қаз қалпында сақталуының сыры неде?!

Дүкен сөрелерінде көптеп кездесетін түрі тартымды жемістер мен көкөністер химиялық өңдеулер нәтижесінде тауарлық күйге ие болады. Химиялық өңдеудің ең көп таралған түрі этилен газымен өңдеу.

Этилен газы жемістің уақытынан тез пісіп жетілуіне көмектеседі. Өзге құрлықтан теңіз асып келетін көптеген жемістер толық піспеген күйде тасмалданады да, импорттаушы елге әкелінгенде арнайы этилен газымен өңделеді. Нәтижесінде күн көзінде тұрып табиғи жолмен , кем дегенде 2 аптада пісетін жемістер мен көкөністер, газ камерасында бар болғаны санаулы сағаттарда пісіп шығады. Негізінен этилен газы аса қауіпті деуге келмейді себебі, жеміс-жидектер табиғи жолмен күн көзінде піскенде де этилен белгілі мөлшерде жемістен бөлінеді. Алайда жасанды жолмен, газды шамадан тыс қолданып пісірген уақытта жеміс-жидек фотосинтез үрдісі нәтижесінде жинақталатын дәрумендерден мақрұм болады, себебі жеміс-жидек нағыз пайдалы дәрумендерді жинайтын кезі – толық пісіп жетілген кезі. Яғни пайдалы деп сатып алған жемістерімізде дәрумен өте мардымсыз, әрі дәмі де өзгеше болады.

Келесі жемістерді сақтау мақсатында қолданылатын химиялық қоспа – дифенил. Дифенил – мұнай өңдеу нәтижесінде бөлінетін химиялық қоспа. Дифенилді кейбір елдерінде қауіптілігіне (аллергиялық әсері бар, әрі ағзаға улы қоспа) байланысты қолдануға тиым салған. Аталмыш қоспамен өңделген жемістерді қалай танимыз?! Егер жемістің сырты жылтырап тұрса, әрі майлы болса, жеміс дифенилмен өңделуі әбден мүмкін. Аталмыш жолмен өңделген жемісті жай сумен жуу жеткіліксіз. Мамандар сырты дифенилмен өңделген жемісті сабындап жуып, кейін ағынды сумен шаюды немесе қабығын алып тастап пайдалануды ұсынады.

Келесі химиялық қоспаның ерекшелігі піспеген жемістің сыртын бояп, тауарлық күй береді. Е121, «цитрусты қызыл» деп аталатын қоспа –канцерогенді деп танылуына байланысты Ресейде қолданысқа тиым салынған. Алайда АҚШ-та жемістердің, атап айтсақ апельсиннің сыртын қаптауға рұқсат етілген.

Қорыта айтсақ, қазіргі таңда жеміс-жидек, көкөністердің сақталуын, тауарлық күйін қамтамасыз ету мақсатында көптеген импорттық тауарлар химиялық өңдеулерге ұшырайды. Сондықтан мейілінше отандық өнімдерді тұтынуға кеңес береміз. Арнайы химикаттармен өңделген жеміс-жидектерді термоөңдеп немесе қабығын алумен ғана тұтынған жөн. Жеміс-жидектерді әрқайсысының өзіне тән маусымында алу – сапалы, әрі пайдалы тауар алудың кепілі бола алады.

ҚМДБ халал өнімдерін стандарттау бөлімінің баспасөз қызметі

рет оқылған