X
Меню
X

Шариғат қанды ішіп-жеуге тыйым салған

Шариғат қанды ішіп-жеуге тыйым салған
Print Friendly, PDF & Email

Төлеби Оспан Дәділұлы
ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша бас имамы

Қанды ішіп-жеуге қатысты дініміздің берген үкімі – арам. Бұл нәрсе шариғат қатаң айыптап кесімді түрде тыйым салған істердің қатарына жатады.

Құранда бұл жайында: إِنَّمَا حَرَّمَ عَلَيْكُمُ الْمَيْتَةَ وَالدَّمَ

 «Расында Алла сендерге өлексе және қанды харам етті» (Бақара сүресі, 173 аят) деп келсе, келесі бір аятта:

حُرِّمَتْ عَلَيْكُمُ الْمَيْتَةُ وَالدَّمُ وَلَحْمُ الْخِنزِيرِ

 «Қан, өлексе және шошқа еті сендерге харам етілді» (Маида сүресі, 3 аят) деп баяндалады.

Ханафи мәзһабының усул фиқһ ғалымы Имам Жассас: «Егер де қанды харамға шығаратын Құранда осы екі аяттан басқа дәлел келмегенде, бұл екі аят қанның азын да, көбін де арам етуге жеткілікті болар еді» деп айтқан.

Басқа бір аятта Алла Тағала:

قُل لَّا أَجِدُ فِي مَا أُوحِيَ إِلَيَّ مُحَرَّمًا عَلَىٰ طَاعِمٍ يَطْعَمُهُ إِلَّا أَن يَكُونَ مَيْتَةً أَوْ دَمًا مَّسْفُوحًا أَوْ لَحْمَ خِنزِيرٍ فَإِنَّهُ رِجْسٌ أَوْ فِسْقًا أُهِلَّ لِغَيْرِ اللَّهِ بِهِ

«Айт: «Маған уахи етілгендердің ішінде, тамақтанатын кісіге жеуге арам болған нәрсені таппадым. Алайда өлексе немесе аққан қан, не шошқа еті ол – лас нәрсе, яки Алладан басқаға арнап сойылған ет басқа (бұлар арам)» (Әнғам сүресі, 145 аят).

Табиғин ғалым Қатада: «Біз бұл аяттан қанның аққан түріне ғана тыйым салынғанын ұғамыз. Ал қан араласқан ет бұл тыйымның аясына кірмей адал болып қала береді» деп аятқа түсініктеме жасаған.

Қасым ибн Мұхаммед жеткізген хадисте Айша анамыз етте және малдың басқа мүшелерінде кездесетін қан жайлы сұралады. Сонда ол: «Алла Тағала аққан қанды ғана арам еткен» деп жауап береді.

Тамырлардағы қанның қалған қалдықтары араласқан етті жеуге болатындығына қатысты ғалымдардың бірауыздан келісімі (ижмағ) бар. Ода талас жоқ. Малдың бауыры мен өкпесіне де осындай үкім беріледі. Яғни жеуге болатын адал есебінде. Оған Алла Елшісінің (с.ғ.с.) мына бір хадисі дәлел болады:

 أُحِلَّتْ لَنَا مَيْتَتَانِ وَدَمَانِ, فَأَمَّا الْمَيْتَتَانِ: فَالْجَرَادُ وَالْحُوتُ, وَأَمَّا الدَّمَانُ: فَالطِّحَالُ وَالْكَبِدُ

«Бізге екі өлексе және екі қан халал етілді. Екі өлексе – балық және шегіртке, ал екі қан – бауыр және көк бауыр» (Ибн Мәжа)

Кейбіреулер жұмыс барысында саусағын кесіп алып, сондағы қанды ауызымен сорып алатынын көріп жатамыз. Тіпті соны әлі күнге дейін жасап жүргендеріміз де бар. Әрине шариғат білмей істегенге күнә артпайды. Алайда жоғарыдағы діни мәтіндердің қорытындысы бойынша аққан қан арам әрі нәжіс болып саналады. Өз саусаңғыңыздағы қан болсын сорып жұтуға болмайды, күнә. Оны ішіп-жеуге және пайдалануға рұқсат жоқ.

Жалпы Алла Тағала қандай да бір затты арам етсе, оның адам денсаулығына зиян болғандығынан солай істеді. Медицина ғылымында аққан қанның құрамында ластықтар мен асқорыту жүйесін бұзатын кері қасиеті бар екені анықталған. Жұқпалы бактериялардың туындауы мен ағзаның шіруіне әкеп соғатыны дәлелденген. Сондай-ақ, адам шаһуаты мен гормондарын оятып, ашу-ызаны шектен тыс қоздыратыны байқалған.

Пайғамбардың (с.ғ.с.): «Ішкені арам, жегені арам және кигені де арам. Қалайша дұғасы қабыл болмақ?!» (Муслим, 1015) дегеніндей мұсылманның жасаған дұғасының қабыл болуы үшін арнайы шарттар белгіленген. Міне, соның бірегейі әрі маңыздысы адал асқа мән беріп тазасын жеу. Сондықтан адалы мен арамын ажыратып, күмәндісінен сақтанатын парасатты мұсылман болайық ағайын!

рет оқылған