X

Біз туралы

Print Friendly

 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы,

Бас мүфти Cерікбай қажы Ораз 

Халал өнімдері қазіргі таңда

«Халал» сөзі дінімізде тазалық пен адалдықты білдіретін қастерлі ұғым. Алланың берген нығметтерінің адалынан пайдаланып, тыйым салған нәрселерден аулақ жүру әрбір мұсылманның асыл міндеті.

Қазіргі таңда әлемде жолға қойылып келе жатқан маңызды бағыттардың бірі осы халал азық-түлік мәселесі. Себебі, отандық және шеттен импортталып келіп жатқан азық-түлік тауарлары олардың сапасын, құрамын, қауіпсіздік деңгейін анықтауды талап етеді. Бұл біздің халқымыздың тән және жан саулығының сақталуы үшін де өте маңызды.

Халал ас – иман беріктігі мен денсаулықтың кепілі екенін ұмытпауымыз керек. Өйткені, Алла Тағаланың тыйған нәрселерінен тыйылмау жүректің қараюына, мінез-құлықтың нашарлауына, дұғалардың қабыл болмауына, тіпті Алланың рахымынан алыстауға себеп болады.

Дамыған мұсылман мемлекеттерде халал индустрия саласы ертерек қолға алынып, олар өз тұтынушыларын тек қана сенімді, сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ете алатын деңгейге жетіп отыр.

Ал біздің елімізде күмән тудыратын азық-түлік өнімдерінің көбеюі, кез келген нәрсеге «халал» сөзінің негізсіз таңылуы, сондай-ақ, халықтың халал өнімдерге деген сұранысының күрт артуы секілді толғандырарлық мәселелер Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан «халал өнімдерін стандарттау» саласының қолға алынуына түрткі болды.

ҚМДБ-дағы «халал өнімдерін стандарттау» бөлімі 2014 жылдың 8 қазанында ашылды. Бұл бөлім 2016 жылдың 22 ақпанынан бері ҚМДБ-ның еншілес ұйымы ретінде «Халал Даму» ЖШС болып қызмет атқарып келеді.

«Халал Даму» ЖШС халал өнімдерін стандарттау ұйымы отандық және шетелден келетін өнімдердің халалға сәйкестігін тексеріп қана қоймай, сонымен бірге еліміздегі кәсіпкерлерді, жалпы халықты қажетті мәліметтермен ақпараттандырып, сауатын ашу қызметіне де баса назар аударады. «Халал» сертификатына ие болған кәсіпорындардың алған сертификаттарына сай болып, әрі қарай да өз қызметтерін қатаң түрде халал талаптарына сәйкес атқаруын қадағалау және бақылау ісі де ескерусіз қалмай, ұйым тарапынан басты негізге алынған.

Ұйымның атқарып жатқан істеріне сәттілік тілеймін!

Шариғат талабына сай өнім шығаратын кәсіпорындардың өркендеуіне тілектеспін!

Асымыздың адал болуына жіті көңіл бөлейік құрметті мұсылман қауым!