«МАКИНСК ҚҰС ФАБРИКАСЫНДА» АУДИТ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ
«Халал даму» ЖШС директоры Айбек Асқарбекұлы және мекеменің технологы Нұрбек Қанатұлы Ақмола облысы, Макинск қаласында орналасқан “Макинск құс фабрикасы”ЖШС-дегі «Kus&Vkus» өніміне өндірістік тексеру жұмыстарын жүргізді.
Тексеру барысында құс етін сою, өңдеу, сақтау және тасымалдау кезеңдеріндегі халал талаптарының сақталу барысы қаралды. Өндірістік үдерістердің шариғат талаптарына сәйкестігі, санитарлық нормалардың орындалуы және ішкі бақылау тетіктері жан-жақты зерделенді.
Іссапар аясында кәсіпорын аумағында қасапшыларға арналған түсіндіру дәрісі ұйымдастырылды. Дәріс барысында халал стандарттарын сақтау, мал сою кезіндегі діни талаптар, өндірістік тазалық пен жауапкершілік мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Айбек Асқарбекұлы:
«Халал талаптарын сақтау – бұл тек бақылау емес, ең алдымен жауапкершілік. Әрбір өндірістік кезең шариғат талаптарына толық сәйкес болуы тиіс. Тұтынушы сенімі – басты құндылығымыз», – деп атап өтті.
Аталған жұмыстар халал стандарттарының сақталуын күшейтуге және тұтынушыларға ұсынылатын өнім сапасын арттыруға бағытталған.