27.04.2026
Семей
155
«Халал Даму» мамандарының Абай облысына іс-сапары аясында өңірдегі сертификатталған кәсіпорындарда жоспарлы айлық аудит жұмыстары жүргізілді. Бақылау-қадағалау шараларына «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы, Абай облысының бас имамы Асқар Әбітайұлы, сондай-ақ жауапты мамандар Ардақ Меллетұлы мен технолог Данияр Бақзейнелұлы қатысты.
Аталған аудит жұмыстарының негізгі мақсаты – кәсіпорындардың халал стандарттарына сәйкестігін бақылау, өндірістік процестердің талаптарға сай жүргізілуін қамтамасыз ету және өнім сапасын арттыру.
Іс-сапар барысында мамандар Абай облысында орналасқан «Arai East Food» шұжық цехына және «Восток Бройлера» ЖШС (Ардагер құс фабрикасына) аудит жұмыстарын жүргізді. Тексеру кезінде өндіріс орнындағы санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуы, шикізат сапасы, технологиялық процестердің дұрыстығы және құрал-жабдықтардың жағдайы жан-жақты қаралды.
Тексеріс қорытындысына сәйкес, кәсіпорындардағы санитарлық тазалық деңгейі жоғары екені және өндірісте қолданылатын техникалық құрал-жабдықтардың сапасы талапқа сай екені анықталды. Сонымен қатар, кәсіпорындар бекітілген халал стандарттарын толықтай сақтап отырғаны белгілі болды.
Осыған байланысты «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы:
«Абай облысында жүргізілген аудит нәтижелері өңірдегі кәсіпорындардың халал талаптарын сақтауға жауапкершілікпен қарайтынын көрсетті. Өндірістегі тәртіп, тазалық және технологиялық үдерістердің дұрыс ұйымдастырылуы – сапалы әрі сенімді өнімнің кепілі. Алдағы уақытта да мұндай бақылау жұмыстары тұрақты түрде жалғасады», – деп атап өтті.
«Халал Даму» орталығы алдағы уақытта да кәсіпорындарға жүйелі бақылау жүргізіп, халал талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарын жалғастырады.