02.06.2026
Жетісу облысы
165
Жетісу облысы, Талдықорған қаласында орналасқан «Лаззат» сүт фабрикасында халал талаптарының сақталуын бақылау мақсатында жоспарлы бақылау-қадағалау жұмыстары жүргізілді.
Аталған тексеріс жұмыстарын «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы, технолог маман Мейіржан Бауыржанұлы және Жетісу облысы бойынша жергілікті өкіл Мұхаммед Ордыбай қатысты.
Тексеру барысында кәсіпорынның өндірістік үдерістері толықтай зерделеніп, шикізаттарды қабылдау, сақтау, өңдеу және дайын өнімді нарыққа шығару кезеңдеріндегі халал талаптарының орындалу деңгейі бағаланды. Сонымен қатар өндірісте қолданылатын ингредиенттердің құжаттары, жеткізушілер туралы мәліметтер, санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуы және өндірістік бақылау жүйесінің жұмысы тексерілді.
Бақылау-қадағалау аясында мамандар өндірістік цехтарды аралап, технологиялық жабдықтардың жұмысымен танысты. Кәсіпорын басшылығымен және жауапты қызметкерлермен кездесіп, халал стандарттарын сақтау мәселелері талқыланды.
Осы ретте «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы халал талаптарын сақтау тек сертификат алумен шектелмейтінін атап өтті.
«Халал – тұтынушы алдындағы үлкен жауапкершілік. Сондықтан кәсіпорындар халал талаптарын тексеріс кезінде ғана емес, күнделікті өндірістік қызметтің барлық кезеңінде тұрақты түрде сақтауы қажет. Біздің мақсатымыз – кәсіпорындарға талап қою ғана емес, халал мәдениетін қалыптастыруға және сапалы өнім өндіруге қолдау көрсету», – деді ол.
Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорынға халал стандарттарын одан әрі жетілдіру және өндірістік бақылауды күшейту бағытында тиісті ұсынымдар берілді.