15.06.2026
Ақтөбе
39
Ақтөбе облысы, Хромтау қаласында орналасқан ЖШС «Агрофирма Тау» кәсіпорнының Milky Land сүт зауытында «Халал Даму» мамандары тарапынан жоспарлы тексеру жұмыстары жүргізілді.
Тексеру барысында кәсіпорынның өндірістік қызметі жан-жақты зерделеніп, өндірісте қолданылатын шикізаттар мен қосалқы материалдардың құрамы, оларды сақтау шарттары, технологиялық үдерістердің халал талаптарына сәйкестігі қарастырылды. Сонымен қатар өндірістік цехтардың санитарлық-гигиеналық жағдайы, қызметкерлердің жұмыс тәртібі және сапаны бақылау жүйесі назарға алынды.
Аудит барысында өндірілетін сүт өнімдерінің дайындалу кезеңдері бақылаудан өткізіліп, кәсіпорынның ішкі құжаттары мен халал талаптарына қатысты қажетті мәліметтері тексерілді. Мамандар тарапынан өндіріс үдерісін жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсыныстар беріліп, халал стандарттарының талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
«Халал Даму» мекемесі тарапынан халал куәлік алған кәсіпорындарда бақылау және мониторинг жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Бұл жұмыстар тұтынушыларға ұсынылатын өнімдердің сапасы мен халал талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталған.