«QMDB EXPO-2026» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕСІ БАСТАЛДЫ
Жаңалықтар

19.09.2026

Алматы

62

«QMDB EXPO-2026» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕСІ БАСТАЛДЫ

Алматы қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен «QMDB EXPO-2026» халықаралық көрмесі өтіп жатыр. Көрменің ашылу рәсіміне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты.

Көрме ҚМДБ-ның бөлімдері мен мекемелерінің қызметтері мен өнімдерін көпшілікке таныстыруға бағытталған. Шара аясында баспа және баспасөз, уақып саласындағы өнімдер таныстырылып, зекет, халал, қажылық және цифрлық даму бағыттары бойынша қызметтер ұсынылуда.

Көрме алаңында отандық кәсіпкерлердің халал өнімдерімен қатар түрлі тәттілер, халал фаст-фуд өнімдері, косметика және тұрмыстық тауарлар қойылған. Келушілер өнімдерді көріп қана қоймай, олардың дәмін татып, өндірушілермен тікелей танысып, арнайы ұсыныстар мен жеңілдіктерге ие бола алады.

Көрменің ашылуында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «QMDB EXPO-2026» шарасының рухани саладағы жаңашылдық пен тұрақты дамуды танытатын маңызды алаң екенін атап өтті.

Екі күнге жалғасатын көрме барысында халал индустриясы, уақып, зекет, қажылық, цифрлық даму және басқа да бағыттар бойынша түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.

«QMDB EXPO-2026» халықаралық көрмесі 19-20 қыркүйек күндері Алматы қаласындағы «Бақшасарай» салтанат сарайында өтуде.

Телефон WhatsApp
Чем я могу Вам помочь?