23.10.2026
Қызылорда
10
Қызылорда қаласында Республика күніне орай алғаш рет «QMDB HALAL» халал өнімдер жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Ауқымды шараға Қазақстанның сегіз өңірінен және Қытай, Өзбекстан мен Қырғызстаннан отыздан астам кәсіпорын қатысты.
Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – халал индустриясын дамыту, отандық өндірушілерді қолдау, кәсіпкерлер арасындағы іскерлік байланысты нығайту және тұтынушыларға халал өнімдерді кеңінен таныстыру.
Көрмеде сүт өнімдері, қымыз, сусындар, балмұздақ, құс еті, шұжық өнімдері, жартылай дайын тағамдар, кондитерлік өнімдер, шоколад, кәмпит, мармелад, дайын қамыр, таңғы ас өнімдері, лаваш, макарон және соустар ұсынылды. Сонымен қатар қоғамдық тамақтану орындары да өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.
Қызылорда, Қарағанды, Ақтөбе, Орал, Алматы, Жамбыл, Шымкент және Түркістан өңірлерінен келген өндірушілермен қатар, шетелдік кәсіпкерлер де өз тауарларын таныстырып, тұтынушылармен және әлеуетті серіктестермен байланыс орнатуға мүмкіндік алды. Қасиетті жұма мен Республика күніне орай келушілерге арнайы жеңілдіктер ұсынылды.
Жәрмеңкенің салтанатты ашылу рәсіміне ҚМДБ «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау орталығының директоры Айбек Асқарбекұлы мен облыстық дін істері басқармасының басшысы Мира Жомартқызы қатысты. Құттықтау сөздерінде халал өндірісті дамытудың, отандық кәсіпкерлікті қолдаудың және іскерлік ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығы атап өтілді.
Сонымен қатар жәрмеңке аясында кәсіпкерлерге арналған «Халал – шариғат талабы» семинары өткізіліп, қайырымдылық бастамалары жүзеге асырылды. Бірқатар кәсіпорынға «QMDB HALAL» куәлігі табысталып, сала мамандары марапатталды.
«QMDB HALAL» жәрмеңкесі өндірушілердің тәжірибе алмасуына, жаңа іскерлік байланыстар орнатуына және халал өнімдердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.