11.10.2023
7
Шариғатымызда иттің еті, сілекейі нәжіс, харам болып саналады. Өйткені ит азу тісті жыртқыш аңдардың қатарына жатады. Ол жөнінде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Азу тісті әрбір жыртқыш аңды жеу – харам»[1], – деген. Сондай-ақ, итті сатып ақшасын пайдалану харам екендігіне байланысты Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Итті сатып тапқан табысы – харам»[2].
Енді иттің майын емдік мақсатта пайдалануға келсек, Ханафи мәзһабында жеуге тыйым салынған жануарлардың еті және тағы басқа нәрселерімен емделуге болмайды [3]. Ибн ән-Нужайм әл-Ханафи: «Харам нәрселермен емделу ғалымдардың арасында тартысты мәселе. Алайда «әз-Захира» кітабында: «Харамнан басқа еш ем табылмаса және ол ауруға ем болатыны нақты болса, онымен емделуге рұқсат»[4], – деген. Ал Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Алла Тағаланың харам еткен нәрселерінде сендерге шипа жоқ»[5], – деген хадисі емі жоқ нәрселерді ғана қамтиды [6]. Сол үшін ғалымдар адал әрі таза дәрі табылмаған жағдайда ғана дәрігер иттің майын жағуға кеңес берсе оған рұқсат берген[7].
Сондықтан әділ әрі сенімді мұсылман дәрігер аурудың жалғыз емі – иттің майын жағу және оның еш зияны жоқ деген қорытынды жасаған жағдайда әрі оның орнын басатын халал дәрі табылмаса, онда оны емдік мақсатта қолданудың оқасы жоқ.
[1] Муслим, №1933; [2] Муслим, №1568; [3] Хашияту ибн Абидин, 1/325; [4] әл-Бахру әр-Раиқ шарһу канзу ад-дақаииқ, 1/122; [5] Бұхари риуаяты; [6] Радду әл-Мухтар, 1/365; [7] Хашияту ибн Абидин, 7/480.
Табарак Қамит
Жетісу облысы бойынша пәтуаға жауапты маман