Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

30 қыркүйек 2025

65

Мақалалар

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ҚЫМБАТ ӘРІ ЕРЕКШЕ КОФЕ

Кофе – миллиондаған адамның күнделікті серігі. Әлемде ондаған түрлі сорттары бар болса да, олардың ішінде ең ерекше әрі даулысы – лювак кофесі. Бұл сусынның тарихы, дайындалу тәсілі және бағасы оны «әлемдегі ең қымбат кофе» деген атаққа жеткізген.

Лювак кофесінің тарихы Индонезияда XVII ғасырда басталған. Ол кезде индонезиялық аралдарға голландиялық теңізшілер қоныстанып, кофе плантацияларын салған еді. Бірақ піскен кофе жемістерін тек адамдар ғана емес, жергілікті мусангтар да жей бастады. Олар ең тәтті, ең ірі жемістерді таңдап жеп, орнына тек өздерінің қалдықтарын қалдыратын. Сол кезеңде кофе өте қымбат әрі тек элитаға арналған сусын болғандықтан, қарапайым жұмысшылар оны іше алмайтын. Олар мусангтардың қалдықтарынан шыққан дәндерді жинап, тазалап, қуырып, солай ерекше сусын дайындай бастады. Уақыт өте бұл кофе «Копи Лувак» деп аталып кетті.

Оның дайындалу тәсілі дәстүрлі кофеден өзгеше. Арнайы азиялық пальмалық бұлғын, яғни циветтің асқазанында кофенің дәндері табиғи түрде ферменттеліп, ерекше өңдеуден өтеді. Жануар піскен кофе жемісін жеп, дәндері қорыту жүйесінен өткен соң табиғи жолмен сыртқа шығады. Адамдар сол дәндерді жинап, мұқият жуып, тазалап, кептіріп, қуырады. Дәл осы сирек әрі жұмсақ дәмі себепті  әлемде жоғары бағаланады.  Бұл кофенің қымбат болуына бірнеше себеп бар. Ең алдымен, оның өндіріс көлемі тым аз – жылына бар болғаны бірнеше жүз килограмм ғана дайындалады.  Бүгінде лювак кофесінің негізгі плантациялары Индонезияда, Филиппинде және Оңтүстік Үндістанда орналасқан. Бір келі дән алу үшін жануарға шамамен бір келі жеміс жегізу қажет. Сондықтан лювак кофесі қымбат саналады. Сондай-ақ процесс ұзақ әрі қол еңбегін қажет етеді. Оның үстіне лювак кофесі экзотикалық әрі сирек сусын болғандықтан, халықаралық нарықта оған деген сұраныс әрдайым жоғары. Осы себептен лювактың бір келісі мыңдаған АҚШ долларына сатылады. 

Ал, мұсылман елдерінде лювак кофесінің халалдығы жайлы пікірталас бар. Өйткені дәндер жануардың ас қорыту жүйесінен өтеді. Кейбір ислам ғалымдары «кофе дәндері жануардың ішегінде өзгермей, бастапқы қалпында қалады. Кейін ол мұқият жуылып, тазаланып, қуыру арқылы толықтай зарарсызданады. Сондықтан оны ішуге болады» деп есептейді. Ал басқа ғалымдар «жануардың нәжісінен шыққан нәрсе – күмәнді» деп, сақтықпен қарауды ұсынады.

Лювак кофесі – тарихы да, жасалу тәсілі де ерекше, әлемдік нарықта ең қымбат сусындардың бірі. Оның дәмі жұмсақ әрі нәзік болғанымен, өндірісіндегі этикалық қиындықтар мен халал мәселесі оны даулы тақырыпқа айналдырады. Сондықтан лювак кофесін таңдағанда тек оның дәмі мен бағасына емес, сонымен қатар дайындалу жолына және діни тұрғыдағы көзқарасқа да мән беру қажет.

Бөлісу: