ОРАЗАДА ДҰРЫС ТАМАҚТАНУДЫҢ МАҢЫЗЫ
Мақалалар

20.02.2026

44

ОРАЗАДА ДҰРЫС ТАМАҚТАНУДЫҢ МАҢЫЗЫ

Рамазан айында күннің екі сәті ерекше қадірлі: сәресі – ниетті бекітіп, денеге қуат беретін таңғы мезет; ауызашар – сабырдың сыйы, шүкірдің көрінісі. Бұл екеуі тек ас ішу уақыты емес, мұсылманның тәртібі мен мәдениетін қалыптастыратын күнделікті амал. Дастарханға қоятын тағамымыз да, оны жеу әдебіміз де оразаның жеңіл өтуіне тікелей әсер етеді: ағзаны жүктемей қолдау, суды дұрыс ішу, маусымға сай таңдау – Рамазанның берекесін арттыратын қарапайым қадамдар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сәресі туралы «Сәресі ішіңдер, өйткені сәресінде береке бар» деп айтқан.

Оразаның күнделікті тәртібіндегі алғашқы маңызды сәт – сәресі. Сәресіде мақсат – күні бойы бірқалыпты қуат беретін тағам таңдау. Ол үшін жылдам сіңетін тәттілер мен ақ ұннан пісірілген тоқаштарға сүйенбей, күрделі көмірсу, ақуыз және пайдалы майдың тепе-теңдігін ұстаған дұрыс. Мысалы, сұлы немесе қарақұмық сияқты дәнді дақылдар, жұмыртқа не сүзбе, көкөніс пен көк, аздап жаңғақ – аштықты ұзақ ұстайтын үйлесім. Егер шай ішсеңіз, қантты азайтып, оның орнына жылы су мөлшерін көбейткен пайдалы. Сондай-ақ сәресінде ақуызға бай тағамдарды тұтыну ұсынылады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүт ішуі де осыған дәлел. Сүт пен айран секілді табиғи сүт өнімдері асқазанды ауырлатпай, шөлді азайтып, бұлшық ет тіндерінің ыдырауын тежейді. Гарвард университетінің қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің зерттеуінде ақуызға бай таңғы ас ішкен адамдарда аштық гормоны – грелиннің деңгейі төмен болатыны анықталған. Бұл ораза кезінде әлсіздік пен бас айналудың алдын алуға көмектеседі. Сонымен қатар күрделі көмірсуларға жататын сұлы ботқасы, қарақұмық, тұтас дәнді нан сәресіндегі қолайлы тағамдар қатарында аталады.  Дәрігерлер мен нутрицологтар сәресінде тұзды, қуырып дайындалған, тым тәтті немесе өңделген тағамдардан бас тартуға кеңес береді. Мұндай ас шөлді күшейтіп, асқазанға салмақ түсіреді. Сондықтан сәресінде таза су, құрма, жұмыртқа, көкөніс, сүт өнімдері секілді халал әрі табиғи тағамдарды таңдау – әрі сүннетке сай, әрі ғылыми тұрғыдан негізделген амал.

Гарвард медициналық мектебінің нутрициология саласындағы зерттеулерінде таңғы ас ішпейтін адамдарда қандағы қант деңгейінің тұрақсыздығы, әлсіздік пен зейіннің төмендеуі жиі кездесетіні анықталған. Нутрициологтар сәресіде баяу қорытылатын көмірсулар мен жеткілікті ақуыз қабылдауды ұсынады. Атап айтқанда, сұлы немесе арпа ботқасы, қарақұмық, жұмыртқа, айран, сүзбе, ірімшік, тұтас дәнді нан секілді тағамдар күн бойы тоқтық сезімін сақтауға көмектеседі. Сонымен қатар, дәрігерлер сәресінде таза су ішуге ерекше мән береді, себебі сусыздану оразаның ең жиі кездесетін қиындықтарының бірі. Сондықтан сәресінде табиғи, өңделмеген, жеңіл әрі нәрлі тағамдарды таңдау – әрі сүннетке сай, әрі медициналық тұрғыдан ең дұрыс шешім.

Ауызашардың да дұрыс өтуі тікелей сәресінде желінген асқа байланысты екені ескерілуі тиіс. Өйткені сәресінде таңдалған тағам күн бойы аштықтың қалай өткерілетініне әсер етеді. Ұзақ аштықтан кейін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ауызды құрмамен немесе сумен ашуды әдет етуі де осы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған. АҚШ пен Катар университеттерінің бірлескен зерттеулерінде құрманың гликемиялық индексі [Гликемиялық индекс (ГИ) – белгілі бір тағамның құрамындағы көмірсулардың қандағы қант (глюкоза) деңгейін қаншалықты тез және қаншаға көтеретінін көрсететін ғылыми көрсеткіш]төмен екені, яғни қандағы қантты бірден емес, біртіндеп көтеретіні анықталған. Бұл ұзақ аштықтан кейін инсулиннің күрт бөлінуінің алдын алады. Демек, сәресі мен ауызашардағы сүннет тағамдар – тек діни амал емес, адам ағзасының табиғи қажеттілігіне толық жауап беретін өмір салты. Ауызашарда ішілетін тағамның құрамы мен мөлшері де шариғат пен медицинаның ортақ қағидаларына негізделеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ауыз ашқаннан кейін бірден ауыр асқа көшпей, жеңіл тағаммен шектелгені риуаят етіледі. Хадистерде Ол кісінің құрма мен судан соң намаз оқып, кейін ғана тамақтанғаны айтылады. Бұл амал асқазанға біртіндеп жұмыс істеуге мүмкіндік беріп, ағзаны ауыр жүктемеден сақтайды. Қазіргі медицина бұл сүннеттің даналығын нақты деректермен дәлелдейді. Дүниежүзілік гастроэнтерология ұйымының ұсынымдарына сәйкес, ұзақ аштықтан кейін майлы, қуырылған және өте тәтті тағамдарды бірден жеу асқазан-ішек жолында түйілу, қыжыл және инсулиндік стресс тудыруы мүмкін. Сондықтан дәрігерлер ауызашарда алдымен су, құрма, жеңіл көкөніс сорпасы немесе сұйық ботқа ішуге кеңес береді. Бұл асқазан сөлінің бөлінуін қалыпқа келтіріп, ас қорыту жүйесін негізгі тағамға дайындайды. Нутрицологтардың пікірінше, ауызашар мәзірі теңгерімді болуы керек: ақуыз, күрделі көмірсулар және пайдалы майлар белгілі бір мөлшерде ғана қамтылуы тиіс. «Journal of Nutrition» журналында жарияланған зерттеуде ораза кезінде ақуызға бай, бірақ майы аз тағамдарды тұтыну бұлшық ет массасының сақталуына және жалпы әл-ауқаттың жақсаруына ықпал ететіні көрсетілген. Осы тұрғыдан алғанда, ауызашарда қайнатылған ет, балық, бұршақ тұқымдастар, көкөністер мен тұтас дәнді өнімдер қолайлы саналады.

Құрандағы «Жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер» (Ағраф сүресі, 31-аят) деген ескерту ауызашар дастарханына тікелей қатысты. Дәрігерлер де шамадан тыс тамақтанудың ұйқының бұзылуына, салмақ қосуға және жүрек-қантамыр жүйесіне салмақ түсіретініне назар аударады. Осылайша, ауызашарда мөлшерді сақтау – рухани тәрбиемен қатар, денсаулықты қорғаудың сенімді жолы. Оразаның мәні де дәл осы тепе-теңдікте: адам тәнін ғана емес, әдеті мен нәпсісін де тәрбиелейді. Сондай-ақ, ораза кезінде маусымдық және климаттық ерекшеліктерді ескеру де маңызды. Қыс пен көктемнің аралығында ораза ұстағанда ағза жылу мен қуатқа мұқтаж болады. Британдық диетология қауымдастығы салқын мезгілде ақуыз бен пайдалы майлардың жетіспеуі иммунитеттің төмендеуіне әкелетінін айтады. Сондықтан сәресіде ботқа, жұмыртқа, сүт өнімдері, ал ауызашарда сорпа мен ет тағамдарын тұтыну – орынды таңдау. Ал ыстық аймақтарда тұратындар үшін басты мәселе – сусыздану.  Күн ұзақ аш жүрген кезде ағзаның ең әуелі мұқтаж болатыны – су. Түрлі медициналық зерттеулер Рамазан айында су теңгерімі сақталмаса, бас ауруы мен бүйрекке салмақ түсуі мүмкін екенін көрсеткен. Бұл деректер ауызашар мен сәресі арасында суды жеткілікті мөлшерде ішудің маңызын дәлелдейді.

Сондай-ақ, қазақ дастарханындағы «ақ» тағамдар (айран, қатық, сүзбе, ірімшік, құрт және т.б.) Рамазанда орнымен қолданылса, өте пайдалы. Ақуыз ағзаның қалпына келуіне көмектеседі, ал ашытылған сүт өнімдері ас қорытуға жайлы болуы мүмкін. Дегенмен, лактозаға сезімтал адамдарда кебу мен жайсыздық болуы ықтимал. Ондайда кәдімгі сүттің орнына айран немесе қатық сияқты ашытылған түрін, әрі аз мөлшерде таңдаған дұрыс.

Қорытындылай келе, сәресі мен ауызашар Исламдағы халал мен харам қағидаларына сүйеніп, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетімен бекітілген және қазіргі шет елдік ғалымдардың зерттеулерімен толық расталған өміршең амал екені анық көрінеді. Бұл үйлесім сақталған жағдайда ораза адамды әлсіретпейді, керісінше, рухани тазалық пен дене саулығын қатар нығайтады. Сондықтан Рамазан айында сәресі мен ауызашарды дұрыс ұйымдастыру – әрбір мұсылман үшін әрі діни жауапкершілік, әрі денсаулыққа салынған маңызды инвестиция.

 

«Халал Даму» директоры

А.Асқарбекұлы

Телефон WhatsApp