ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНДА «АДАЛ АС – ШАРИҒАТ ТАЛАБЫ» АТТЫ СЕМИНАР ӨТТІ
Жаңалықтар

19.02.2026

Павлодар

82

ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНДА «АДАЛ АС – ШАРИҒАТ ТАЛАБЫ» АТТЫ СЕМИНАР ӨТТІ

Павлодар облысында әйел-қыздар жамағатына арналған «Адал ас – шариғат талабы» атты тағылымдық семинар ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – халал тағам ұғымының мәнін кеңінен түсіндіру, шариғат талаптарына сай ас тұтынудың маңызын насихаттау және қоғамда адалдық мәдениетін қалыптастыру.

Семинарды ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкілі, «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы ашып, адал астың мұсылман өміріндегі орнына тоқталды. Ол өз сөзінде халал тағам тек рұқсат етілген өнім ғана емес, рухани тазалық пен жауапкершіліктің көрінісі екенін атап өтті.

Жиын барысында қатысушыларға халал стандарттарының негізгі талаптары, тағам дайындау мен ұсынудағы шариғи өлшемдер және тұтынушы сенімінің маңызы кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, ҚМДБ-ға қарасты «Халал Даму» мекемесінің жұмыс бағыты таныстырылып, кәсіпорындарға жүргізілетін сараптама, өндіріс орындарын тексеру, шикізат құрамын зерттеу және халал сертификатын беру тәртібі баяндалды.

Павлодар облысы бойынша халал даму мекемесінің технологы Ақбота Болатбекқызы «Адал ас – шариғат талабы» атты семинар жүргізіп, тағамдық қоспалардың түрлерін нақты мысалдармен түсіндірді. Ол қоспалардың өсімдік, жануар және синтетикалық негізде болатынын, кейбір эмульгаторлар мен бояғыштардың жануар текті шикізаттан алынуы мүмкін екенін ескертті. Мысалы, желатин, кейбір Е-кодты қоспалар, ферменттер мен хош иістендіргіштердің шығу тегі маңызды рөл атқаратыны айтылды.

Әйел-қыздар секторының Павлодар облысы бойынша меңгерушісі Туғанбай Ақерке халал ұғымының тек тағаммен шектелмейтінін, халал табыс пен халал тәрбиенің де мұсылман өмірінде айрықша маңызға ие екенін жеткізді.

Телефон WhatsApp