Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

07 мамыр 2020

1184

Мақалалар

ШЫРЫН ТУРАЛЫ ШЫНДЫҚ

Бағасы мен сапасы сәйкес келе бермейтін, дүкен сөрелерінде қызылды-жасылды қаптамасымен ерекшеленіп, балаларды былай қойғанда, тәтті дәмімен ересектердің өзін баурап алатын шырындар туралы шыңдық қандай?!

Бір ішсең шөліңді басатындай көрінген тәтті сусындардың құпиясы неде? Қаптаманың сыртқы жағында көрсетілген ақпараты ішіндегісімен сәйкес келе  ме?  Бүгін осы сұрақтардың жауабын іздейтін боламыз...

     Табиғи шырынның құрамында бір ғана компонент болуы тиіс ол – шырын. Сол себепті, ешқандай қоспасыз дайындалған шырын қаптамасында мүлдем қоспалар жазылмайды.

Қазіргі таңда Қазақстан нарығында шырындардың 3 түрі кездеседі: қалпына келтірілген (97%), пастеризенген (2%) және жаңа сығылған (1%). Көріп тұрғанымыздай сандар көрсеткішінде айтарлықтай айырмашылық бар.

Жаңа сығылған шырын көбіне ресторандарда «фреш» деген атаумен сатылатын, көз алдыңызда жеміс-жидек, көкеністі сығу арқылы дайындалатын, қоспасыз табиғи сусын. Олардың сақтау мерзімі 24 сағат.

Пастеризенген шырын дегеніміз – пастеризациядан өткен жеміс-жидектерді жоғары температурада өңдеу арқылы дайындалған шырын.

Ал біз күнделікті дүкен сөрелерінен алып жүрген шырынымыз - концентратты сумен араластыру арқылы дайындалған қалпына келтірілген шырын.

Концентрат дегеніміз – жылы өңдеу арқылы жаңа сығылған шырын құрамынан суды түгелдей дерлік алып тастап, қою субстанцияға айналдырып, сығындыдан қалған шырынның қою қалдығы. Яғни, үгітілген, ұсақталған ботқа немесе пюре іспеттес қоймалжың нәрсе.

Ары қарай, осы концентратты сумен араластырып, жасанды витаминдер, түрлі тәттілендіргіштер, бояғыштар қосу арқылы қайта қалпына келтірілген шырын дайындалады.

Қайта қалпына келтірілген шырынның құрамында 1-10% дейін ғана табиғи шырын болады. Қалғаны 90% су және қоспалар.

Концентраттың сақталу мерзімінің ұзақтығы және шет елдерден жеңіл тасымалданатындығы, бағасының сапасына сәйкестігі шырынның осы түрінің кең тарау себептерінің бірі десек те болады.

ХАРАМ ШЫРЫНДАР БАР МА?

Көпшілік «харам» деген термин тек доңыз етіне қатысты деп ойлайды. Алайда, сіз бен біз аңғара бермейтін, күнделікті тұтынатын шырындардың құрамында кездесетін рұқсат етілмеген қоспалар бар. ҚМДБ «Халал Даму» мамандары рұқсат етілмеген қоспалар тізіміне жатқызған - Е120 тағамдық қоспасы.

Бұл қоспа «Апельсин», «Шие», «Виноград», «Ананас», «Қызанақ» секілді  сары, қызыл, күлгін түсті шырындардың құрамында кездесіп жатады.

Сонымен қатар, шырындарды қоюландыру үшін желатин де қосылады. Желатин харам қоспалар тізіміне жатпаса да, алыну жолы күмәнді болғандықтан, желатинді шырындар да күмәнді. Себебі, желатин көбіне доңыздан және ірі қара малдан алынады. Доңыздан алынған желатин анық харам болса, ірі қара малдың шариғат талаптарына сай сойылып-сойылмағандығы күмән туғызғандықтан, олардан алынған желатин де күмәнді.

ШЫРЫНДАРДЫҢ ЗИЯНЫ

Шырындардың құрамындағы қант мөлшері едәуір көп болғандықтан, қант диабетіне әкелуі мүмкін. Шырындар табиғи балғын жемістермен теңесе алмайды. Сондықтан да олардың құрамында ешқандай да дәрумендер сақталмаған. Жалпы дүкен сөрелеріндегі шырындарды күнделікті тұтыну денсаулыққа кері әсерін тигізері анық.

МАМАНДАРДАН КЕҢЕС

Біз шырындарды харам деп айтпаймыз. Құрамында рұқсат етілмеген қоспалар кездескен жағдайда ғана,  шырынның адалдығына мамандар тексерісі арқылы көз жеткізуге болады.

Бұл ақпараттың басты мақсаты – тұтынушыларды ішіп жүрген сусындарының жасалу жолы мен құрамы туралы ақпараттандыру. Денсаулыққа зиян тигізетін, адам ағзасының үнсіз дұшпандарынан барынша сақтануды ескерту. Әсіресе, балаларға дүкен сөрелеріндегі шырындарды алып беруден сақтанған абзал!

Мамандар барынша жаңа сығылған шырындарды тұтынуға немесе үй  жағдайында компот, морс секілді сусындар дайындап ішуге кеңес береді.

Айжан Омарова
"Халал Даму" ЖШС-ң бас технолог маманы

Бөлісу: