Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

31 қазан 2016

273

Мақалалар

ХАРАМ АС СУИЦИД СЕБЕПКЕРІ

Жалпы, дінін дәстүрге айналдырған ата-бабаларымыз адал асқа ерекше мән берген. Тарихқа үңілсек, ата-бабаларымыз, тіпті, тұлпарына доңыздың басқан шөбін жегізбеген, ал, аналарымыз ұл-қыздарын дәретсіз емізбей, адалдықты ұстанып, Алланың хақ жолынан таймай өткен. Шыны керек, Кеңестік идеология біздің осы тектілігімізді, дінімізді, ділімізді, тілімізді, ұлттық дәстүрімізді жоя жаздады. Харам етілген доңыздың етін жей салу түкке тұрмайтын болды. Ол – ол ма, тіпті, малды адалдап союдың орнына, зілбалғамен немесе тоқпен соғып өлтіріп соятын жағдайға жеттік. Тіпті, тауық екеш тауықтың өзін дұрыс соймайтын болдық. Құс фабрикаларында тауықтың қауырсынын түсіру үшін оларды тірідей ыстық суға малып алады. Тауықтар ондай ыстық суға шыдамай өліп кетіп жатады. Ол судан шыққаннан кейін конвейермен сүйретіліп келіп, автоматты түрде бас шабатын тоқ пышақтың астына түседі. Конвейерден басы шабылмай өтіп кеткен тауықтарды қасапшы шауып отырады. Енді осыны халал деп айта аламыз ба? Союдың басты хикметі қан шығаруда емес пе? Егер мал мен құс пышақпен сойылмай, қаны ақпаса, ол етке тарап кетпей ме? Оның барлығы адам денсаулығына қауіп төндіретін вирустар емес пе? Ал, Алла тағала «Майда» сүресінің үшінші аятында не дейді? «Өлексе, аққан қан, доңыз еті, бауыздалмаған мал - харам» демеп пе еді? Ендеше, біздер не істеп отырмыз? Қазір мал мен тауықтың осылай сойылатыны талай рет теледидарда көрсетіліп келеді. Біз осы Алланың үкіміне қарсы шығып жүрген жоқпыз ба? Тіпті, аузын айға білеген Американың өзі тауықтарды осылай харам қылып сойып, тонналап әлемнің түкпір-түкпіріне таратып жатыр. Осыдан кейін ұрпақ неге азып барады деп айтудың өзі артық секілді. Бір сөзбен айтқанда, адамзаттың өзі ұрпағын қолдан аздырып отыр. Қазір медицина ғылымдары харам астың адам рухы мен мінез-құлқына кері әсер ететінін айтып, дабыл қағуда. Шынында да халал ас адамның жанына да, тәнене де, мінезіне де, тәрбиесіне де тікелей әсер етеді. Мәселен, егер харам аспен қоректенетін әйел сәбиді емізетін болса, онда ол бала болашақта жағымсыз қылықтарға үйір болып, бұзық болып өседі. Бұл әлдеқашан дәлелденген құбылыс. Жалпы, малды электр тоғымен немесе зілбалғамен ұрып өлтіріп сою қанның жақсы ағып кетуіне кедергі келтіреді, яғни, қан ағзадан толық шықпай қалады. Осының салдарынан ондай етте ісік ауруларын тудыратын канцероген сақталып қалады. Бұл адам денсаулығына өте қатерлі. Бауыздалмаған малдың етін жеу тек ісік ауруларын ғана тудырып қоймайды, ол барлық бәлекеттің бастауы десек те болады. Осы тұрғыда Қазақстан Халал индустриясы қауымдастығының төрағасы Марат Сәрсенбаев бір сұхбатында былай дейді: - Негізі харам асты тұтыну – суицидтің көбеюіне жол ашып отыр. Неге? Өйткені, біз көбіне етті базардан сатып аламыз. Бірақ, ол қалай сойылды оған назар аудармаймыз. Қазір дамыған елдерде, тіпті, ішінара бізде де малды электр тоғымен не балғамен ұрып өлтіріп сояды. Сиыр, жылқы сынды ірі қараның көбі осылай азапталып сойылады. Мұны бастан өткерген хайуан шошынып қалады. Мұндай  кезде малдың қаны лезде қоюланып кетеді. Оны сойған кезде қан аз ағады. Көбі ағзада қалып қояды. Осы кезде малдың қанында «қорқыныш» бактериясы, ғылыми түрде айтсақ, spores UV деген вирус пайда болады. Ол вирус бірер минуттардан соң, 150 градустық ыстыққа шыдас беретін хитин (ұлудың қатқыл қабығына ұқсайтын зат) түзіп алады. Бұл дегенің, етті қанша қайнатсаң да, ішіндегі бактерияларды өлтіре алмайсың деген сөз. Не керек, вирусы бар етті адам жейді. Асқазанға келіп түскенде, әлгі микроб сыртқы қабығын жарып шығып, адам ішінде көбейе бастайды. Тоқ ішекке түседі, сосын қан тамырлары арқылы бүкіл денеге таралады. Кез келген вирус ішке түскен соң, жеген нәрсесін қорытып, соңынан құмалақ қалдырады. Дәл осы бактериялардың «тезегі» адамның жүрегін лоблытып, басын айналдырады. Ал, мына «қорқыныш» вирусы қан арқылы миға келіп, сол жерде тезектей бастайды. Оның қалдығы ми қыртыстарына түседі. Сосын әлгі қидың кері әсері басталады. Адам бойкүйездікке салынады. Өмірге ынтасы өшеді. Кез келген заттан үрейленеді. Мұндай ауруға шалдыққан кісі - көбіне өз-өзіне қол салады. Сондықтан, суицидтің бір себебі жеген асқа да байланысты. Шынында дәрігер әрі халал саласын жіті зерттеп жүрген азаматтың бұл айтқан сөзінің жаны бар. Ойланып, алаңдайтын жәйт. Бұл ретте Франция елшісінің орынбасары бір сөзінде былай деген болатын: «Біз мұсылман елі емеспіз, еуропалықпыз. Бірақ бізде халал индустриясы қарқынды дамып келеді. Неліктен? Өйткені, біз қорқыныш гармондарынан қорқамыз. Бізде көптеген көпшілік тамақтанатын орындарда малды электр тоғымен өлтіреді. Ол етті жеген адамдардың түнгі ұйқысы тыныш болмай, дұрыс демала алмайды. Себебі, сойылған малдың ағзасындағы қорқыныш гормондары тамақтанған адамның бойына тарайды. Осының салдарынан түн ұйқысынан шошып оянатындар көбейіп кеткен. Ал, халал сойылған малда қорқыныш гормондары қалмайды. Сол себептен бізде халалға сұраныс артып отыр», - деді ол. Міне, көрдіңіз бе, түсіне білген адамға осыдан-ақ көп нәрсені аңғаруға болады. Алла тағаланың «Харамға жоламаңдар!» деген көп хикметінің бірі осында жатқан тәрізді. Алла бұл адамға зиян болғандықтан тыйым салып отыр. Осыдан алты-жеті жыл бұрын Францияда адамдардың өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары тым жиілеп кеткен болатын. Ресми дерекке сүйенетін болсақ, Францияда жыл сайын 10 мыңнан аса адам өз еркімен өмірінен қош айтысады екен. Тіпті, 250 мыңға жуық адам суицид жасауға әрекет ететін көрінеді. Қазіргі таңда ол жақта «Халықты суицидтен сақтаудың ұлттық күні» атап өтілетін болған. Бүгіндері Франция Еуропа елдері ішінде суицидтен алдыңғы қатарда келеді. Сондықтан, олар бұл мәселеге жіті назар аударуда. Халал ас жеудің пайдасы өте зор екендігін түсінуде. Сол себептен онда Халал индустриясы қарқынды дамып келеді. Біз осыны түсініп, дұрыс қорытынды жасай білуіміз керек. Еуропа елдері ішінде Францияда суицид көп болса, Қазақстан суицид бойынша Орталық Азияда алда тұр. Бұл біздің емес, Біріккен Ұлттар Ұйымының келтірген дерегі. БҰҰ есебінше, Қазақстанда 2003-2009 жылдары әрбір 100 мың тұрғынға шыққанда 52,4 адам (оның 9,4-і – әйел, 43-і – ер адам) суицид жасаған. Психиатрия, психотерапия және наркология бойынша республикалық ғылыми-практикалық орталығының дерегінше, Қазақстанда жылына шамамен 3 мыңдай суицид оқиғасы болады екен. Негізі «Сен не жесең – солсың!» деген сөз тегіннен-тегін айтылмаған. Мәселен, «шайтан су» арақты ішіп алған жұрттың шайтан жасамайтын жұмысты жасап, арысы адам өлтіріп, берісі туған баласын тастап немесе сатып жатқаны бүгінде ешкімді де таңқалдырмайтын болды. Қазіргі күні қоғам бұзылды деген тақырыпта әңгіме айтпайтын адам жоқ. «Сол қоғам неден бұзылды?» деген сауалға жауап іздегенде, оның бір астарын ішіп-жеп жүрген тамағымыздан да қарау керек секілді. Әжеміздің қазанындағы қаспақты қырып жеп отыратын күн алысқа кетіп, құртты анда-санда ғана дүкеннен сатып алып жейтін қалалық қауымның кейде «қатыгездеу» болып кететіні де сол ұлттық тағамнан қол үзіп бара жатқандықтан емес пе екен? Әрине, бұл – жан-жақты талқылауға жататын тақырып. Бірақ, бір білеріміз, сапасыз тамақ денсаулықтың бұзылуына бастар бірден бір жол екендігін ұмытпауымыз керек. Қалай десек те, халал индустриясының дамуына біз ғана емес, бүкіл әлем, бүкіл адамзат баласы мүдделі екендігін түсініп келе жатқан секілді. Бұл қуантарлық жағдай. Өйткені, Алланың үкімін орындау әрбір адамға парыз. Халқының 70 пайызын мұсылмандар құрайтын біздің елде де халал индустриясын қарқынды түрде дамытатын кез келді...

Бөлісу: