Пайда көздегендер шектен шығып барады
Дөңгелектенген «Халал» мөрі бар тауарлардың дүкендерде самсап тұрғанына, қызмет көрсету орындарының көбейгеніне халықтың көзі үйренді. Бір ғана Алматының өзінде халал тауары мен қызметін ұсынатын 3 мыңға жуық нысан бар екен. Бейресми дерек, десе де, жақсылыққа жорыған жөн. Өйткені, халалдың қай жағынан да зияны жоқтығы көпке мәлім және дәлелденген. «Ауру – астан» деген, азық-түлікті ғана алайық, адам денсаулығына кері әсер ететін факторлардың 50 пайызы тамақтанудан келеді. Яғни, адал тағамның маңызы зор. Сондықтан да дүние жүзінде халал өнімдерін тұтынатын мемлекеттер саны жүз елуге жақындайды. Оларда өмір сүретін мұсылмандар екі миллиардтың үстінде. Бұл халал өнімін немесе қызметін тек мұсылман халықтары пайдаланады деген сөз емес. Ислам талаптарына сай дүниелерді тұтынатындардың ішінде өзге діндерді ұстанушылар да есепсіз. Халалға деген сұраныстың күн санап қарыштап жатқаны да содан. Бізге соңғы мәліметтер беймәлім, бірақ сәл ілгерідегі көрсеткіш сұраныстың өсу қарқынын айғақтайды. Бес жыл бұрын ғана халал өнімнің жылдық айналымы 3 триллион долларға жеткен.
«Көш жүре түзеледі» десе де, Қазақстанда қанатын кеңге жая бастаған халал нарығында көңіл қынжылтар келеңсіздіктер мен кемшіліктер де аз емес. Қалтасын қалыңдатуды көксеген кәсіпкерлер көрінген дүниесіне «халал» тіркесін қолдануға құштар. Мәселен, халал фитнес клуб, халал монша, халал стоматология, халал сауна, тіпті халал білім… Екі жыл бұрын елімізге іссапармен келген Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл-Халифа бастаған топ Қазақстанда «халал су» мен «халал техникалық қызмет көрсету орталығы» бар екенін естігенде, таңданыстарын жасыра алмаған. Әрине, ұят.
Сертификат берсе де, шара қолдана алмайды
Біздегі халал индустриясының заңмен қорғалмағаны көптен бері айтылып жүр. Бұдан туатын проблема – кәсіпкерлерге сертификат беріп, сенім білдірген құрылымдық бірлестіктер мен ұйымдардың өнімдерді немесе қызметті тексеруге, талаптарының үдесінен шықпаған жағдайда шара қолдануға құзыреті жоқ. «Кейбір компаниялар сертификат бергенімен, оны мұқият тексермейді. Таңба туралы заң шығарып, ол орындалмайынша, халал мәселесін біржақты шешіп тастау мүмкін емес», дейді Қазақстан халал индустриясы қауымдастығының төрағасы Марат Сәрсенбаев.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан құрылған «Халал даму» ЖШС жоғарыдағы мәселенің шешімін тапқандай-ақ. Елімізде елуге жуық өкілдігі бар ұйым 74 сертификат ресімдеп үлгерген. Алайда, олар да қадағалап, жазасын беретін мемлекеттік орган емес. Біз кәсіпкерлерге егер сіз харам өніміңізді тұтынушыға халал деп ұсынсаңыз, Алланың алдында жауап бересіз, деп насихат айтамыз. Негізі, халал стандарты бойынша сертификат аламыз деген кәсіпкер «Тексеруге рұқсат беремін» деп жазып береді. Соның арқасында ай сайын өнімдерді тексеріп отырамыз, дейді ҚМДБ Халал өнімдерді стандарттау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев. Ал сарапшылардың айтуынша, Қазақстан – зайырлы мемлекет, халал – шариғат сөзі. Талаптардың қаншалықты сақталып жасалғанын ескеру – тұтынушының өз таңдауы.
Маман тапшылығы – басты мәселе
Саладағы үшінші түйткіл – елімізде халал стандартымен айналысатын маман жоқ. Ондай білім ешбір университетте, колледжде, тіпті діни медреседе де берілмейді. Ал шетелден оқып келген бірнеше кадр мәселені түбегейлі шеше алмайды. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Техникалық реттеу департаментінің директоры Нұртас Өтешовтің мәліметінше, стандартсыз жұмыс істеу мүмкін емес. «Егер стандартты бір жолға қойсақ, халал индустриясы ілгерілей бастайды. Біздің осы мәселеге байланысты жасаған жоспарымызда техникалық парктер ашу керек екені айтылды. Соның ішінде халал өнімдерге баса назар аударған абзал. Қазіргі таңда мемлекеттік мекемелерде бұл мәселені зерделейтін бірде-бір сарапшы-аудитор жоқ. Халал индустрия болғандықтан, мамандары тек шариғат жағынан ғана емес, технология мен техниканы да білуі керек. Сондықтан елімізде халал мәселесіне қатысты арнайы заң қабылдағаны жөн», дейді ол.
Рас, қолданыстағы заңнамада халал өнімнің қауіпсіздік және сапалық көрсеткіштері қаралмаған, тек «Халал» шұжық пен қонақ үйге арналған ұлттық стандарттар бар. Олардың өзі Қазақстанда міндетті сертификатталатын өнімдер мен қызметтер тізбесіне жатпайды. Сонда да халал сертификатын беретін құрылымдар қатары көбею үстінде. Мәселен, Қазақстан халал индуст- риясы қауымдастығы жетекшісі Марат Сәрсенбаев 600 компанияға сертификат бергендерін айтады. «Соның 400-і бізбен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде. Ал 200-і маусымдық жұмыспен айналысатын кәсіпкерлер», дейді ол.
Біле жүргеніміз абзал, халал индустриясының үштік шыңында Малайзия, БАӘ мен Франция тұр. Сондай-ақ, Австралия, Бразилия, Жаңа Зеландия, Үндістан, Таиланд елдері де халал стандартын қолданып қана қоймай, экспортқа шығарып, елінің экономикасына қомақты қаржы құйып отыр. Бұл – «халал» сөзінің діни мазмұннан ажырап, адам тұтынатын кез келген заттың сапа кепіліне айналғанының белгісі. Мұндай үрдісті бізде де қалыптастыруға болады-ақ. Ол үшін еліміздегі сертификат беретін ұйымдарды халықаралық деңгейде тіркеу қажет. Сол кезде әлемдік талаптарды Қазақстанға да енгізіп, «халал» деген белгісі бар өнімдерді сыртқа шығаруға мүмкіндік туады.
Түйін
Халал индустриясындағы басты проблемаларды түгендегендей болдық. Бәрінің шешімі бір-ақ нәрсеге саяды: арнайы заң керек, «халал» таңбасын заңдастыру қажет. Әлемнің талай елінде қолдау тапқан жаңа нарықты Қазақстан Үкіметі де қамқорлығына алғаны жөн. Бұл бағыттағы шаруалар басталып кеткен сыңайлы. Елімізде малайзиялық сарапшылар көмегімен халал өнімді немесе қызметті растайтын ұлттық жүйе әзірленуде. «Елімізде «халал» маркасымен шығарылатын өнімдер көп. Алайда, оның бәрін екі стандартпен реттеу қиын. Жалпы, өнім сапасының бұл бағыты заңмен толық реттелмей келеді. Нәтижесінде «халал» брендіне сәйкеспейтін өнімдер шығарылуда», дейді Метрология мен техникалық реттеу комитетінің төрағасы Біржан Канешов. Оның айтуынша, осы саладағы жұмысты ретке келтіру үшін бір-ақ шаруаның басын қайыру қажет. IFOM (Органикалық ауыл шаруашылығы үшін қозғалыстың халықаралық федерациясы) стандарттарын қабылдап, басым бағыттар бойынша техникалық комитеттер құру керек. Бұдан бөлек, халықаралық және аймақтық стандарттарды теңестірген жөн.
Осы айдың соңында елімізге малайзиялық сарапшылар келеді екен. Олардың қатысуымен еліміздегі «халал» ұлттық жүйесінің негізгі тетіктері әзірленеді. Істің сәтін салсын дейік.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»