Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

29 қараша 2019

1132

Мақалалар

Дұғаның қабыл болуы үшін астың адал болуы тиіс

Мұсылман болсын, яки болмасын кез келген адамның өмірінде дұғаның маңызы ерекше. Дұға – Жаратқан Хақ Тағаламен байланыс жасаудың ең төте әрі сенімді жолы. Дұға жасаушы мен Жаратқан арасында ешқандай кедергі болмайды. Дұға – мейірімі шексіз, аса құдыретті Жаратқан иемізге көңіл сарайымызды айқара ашып, бүкіл мұң-мұқтаждығымызды, әлсіздігімізді білдіріп, жүрек түкпіріндегі сырларымызды жасырмай айтып, күйбең тіршіліктің қиындықтарын еңсеру жолында таптырмас мүмкіндік. Дұға – адамның Алла тағалаға иманының өлшемі.

«Махаббатпен жаратқан адамзатты» Алла тағала адамды күллі жаратылыс атаулыдан ерекше ардақтап, жоғары мәртебе беріп, көптеген нығметтерге бөледі. Соның қарымы ретінде Өзін танып білуді, құлшылық жасауды міндеттеді. Ал осы құлшылықтардың ішінде дұғаның орны бір бөлек. Сол үшін де адамзаттың Асылы – әз Мұхаммед (Оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын): 

الدعاء مخ العبادة   «Дұға – құлшылықтың өзегі» (Тирмизи, дағуат 1, н. 3371.) деп дұғаның осы қасиетін ерекше атап өткен.

Хақ тағала да Құранда дұғаға ерекше тоқалып, аас мән берген. Бүкіл пайғамбарлардың, ізгі құлдардың өміріндегі дұғаның маңызына басты назар аударған. Жаббар Ие:
قُلْ مَا يَعْبَؤا بِكُمْ رَبِّي لَوْلَا دُعَاؤُكُمْ

«Айт (Мұхаммед с.а.с.): егер дұғаларың болмаса, Раббым сендерді қалай бағаласын?..» (Фурқан сүресі, 77-ая) деп қадірлі болудың, елеп-ескерілудің жолын көрсетуде. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.) осы аятты қуаттап: «Алла үшін дұғадан құрметтірек еш нәрсе жоқ» (Термези, Ибн Мәжә) десе, тағы бір сөзінде: «Кімде кім Аллаға жалбарынып, дұға тілемесе, Алла оған ашуланады», - деген. Аллаға алақан жайып, дұға тілемеу – әсілінде имансыздық пен тәкаппарлықтың белгісі. Дұға жасамаған адам «мен Құдайға мұқтаж емеспін» деп тұрғандай болады. Әсілінде дұға – пенденің абыройын асқақтататын құлшылықтың нақ өзі.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дүғаның қасиетін білдіретін тағы бірнеше інжу-маржан сөздерін келтіре кетсек. Алла елшісі:
اَلدُّعَاءُ سِلاَحُ الْمُؤْمِنِ، وَ عِمَادُ الدِّينِ، وَ نُورُ السَّمَوَاتِ وَ الأَرْضِ

«Дұға – мүминнiң қаруы, дiннiң тiрегi, аспан мен жердiң нұры» (Әбу Хурайрадан (р.ғ) Имам Хаким), – деп Аллаға сенген мұсылман баласы үшін дұғаның қандай сарқылмас қазына, ең мықты қару екенін тамаша баяндап берген.

Пайғамбарымыз тек қана бізге уағыздап кетпеген, оны өмірінде өрнектеп көрсеткен. Оның өміріне назар салсақ, ғұмыры толықтай дұғамен өрнектелген. Қуанышта да, қайғыда да, жамандықта да, жақсылықта да, молшылықта да, таршылықта да ұдайы Аллаға дұға жасаған. 

Дұға жасаған адам әрдайым Алланы жанынан табады. Құранда:

«(Мұхаммед с.ғ.с) егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса: Мен оларға өте жақынмын, тілек тілеушінің дұғасына жауап беремін. Ендеше, олар да әмірімді қабыл етсін және маған сенсін. Бәлкім тура жол табар» (Бақара сүресі, 186 аят) деп құлдарына керемет шабыт сыйлап, жігер береді. Құдыреті шексіз, Асқан дана, Тым Жомарт әрі Мейірімді күштің әрдайым жаныңнан табылуы қандай бақыт?! Сондай-ақ Алла тағала:

وَإِذَا سَأَلَكَ عِبَادِي عَنِّي فَإِنِّي قَرِيبٌ أُجِيبُ دَعْوَةَ الدَّاعِ إِذَا دَعَانِ فَلْيَسْتَجِيبُواْ لِي وَلْيُؤْمِنُواْ بِي لَعَلَّهُمْ يَرْشُدُونَ

ادْعُونِي أَسْتَجِبْ لَكُمْ   «Маған дұға етіңдер, сендерге жауап беремін» (Ғафир сүресі, 60 аят) деп біздерді дұға жасауға шақыруда. Дана халқымыз: «Аллаға сенген құстай ұшады...» деп Жаратқанға иман келтіріп, мұқтаждығын содан ғана сұраудың нәтижесінің қалай боларын керемет ұқтырған. Олай болса, мұсылман баласы дұға арқылы қол жеткізетін осындай ерекше мүмкіндік пен мәртебеге аса мұқияттылық танытып, мән беруі керек. Алайда дұға жасаудың да өзіндік әдептері мен тезірек қабыл болуының кейбір шарттары бар екені белгілі. Солардың ішінде астың адалдығы да ерекше рөл ойнайды.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде бір адамның алыс сапарға шығып, алба-жұлбасы шыққан кейіпте екі қолын көкке көтеріп, Алладан дұға қылғаны жайлы  жеткізе келе:
مَطْعَمُهُ حَرَامٌ وَمَشْرَبُهُ حَرَامٌ وَمَلْبَسُهُ حَرَامٌ وَغُذِىَ بِالْحَرَامِ فَأَنَّى يُسْتَجَابُ لِذَلِكَ

«Алайда, оның ішкен-жегені, киген киімі харам болса, дұғасы қалай қабыл болсын?» деген (Сахих Муслим). Тағы бір сөзінде Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Харамнан сақтаныңдар. Асқазанына харам ас түскен адамның дұғасы қырық күнге дейін қабыл болмайды» деген-ді. Сондықтан да мұсылман баласы құлшылығының текке кетпесі үшін, ішіп-жеміне, асының адалдығына аса мән беруі керек. Адамды «Көркем бейнеде жаратып» («Тин» сүресі, 4) адамдықтың шыңына шығару үшін келген ислам діні біздің жанымыздың да, тәніміздің де әрдайым таза болғанын қалайды. Харам аспен қоректену адамның рухани тұрғыдан кемелденуіне кедергі келтіреді. Осы орайда атақты әулие Ибраһим Әдхам: «Кісі ішіп-жеміне мұқияттылық танытқанда ғана рухани кемелдікке қол жеткізеді» деп осы мәселеге назар аудартса, тағы бір рухани әлемге қанат сермеген Алланың сүйікті құлдарының бірі: «Кей жағдайларда харам астан жүректің бұзылып, бүлінетіні сондай, қайта бұрынғы қалпына келе алмайды. Күнә атаулы жүректі қарайтып, қатайтады...» деп ішіп-жеген нәрсеміздің адалынан болудың мәнін ұқтырған.  Осы ақиқатты парасатпен пайымдаған бабаларымыз «Қайыры жоқ ас сақтап, дәмді харам шайнама» деп есерткен.

Алау Әділбаев
Нұр-Мүбарак Египет ислам
унивеситетінің ұстазы



Бөлісу: