Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

10 желтоқсан 2019

322

Мақалалар

Астың адал болуына мән берейік

Адал ас дегенде әуелі сөзімді Құрандағы мына аятпен бастағалы отырмын. «Муминун» сүресінде Құдай Тәбәрәку уа Тағала: «Уа, елші пайғамбарлар! Астың адалынан жеңдер һәм салихалы амал, ізгі іс жасаңдар, оңды қарекет етіңдер. Күмәнсіз мен сендердің жасағандарыңды толықтай білушімін» дейді. Осы аяттың тәпсірлеріне қарасақ ғұламалар әр түрлі пікір білдірген. Біреулер хазіреті Иса пайғамбармен байланысты десе енді біреулер көпті айта отырып хазіреті Мұхаммед пайғамбарымызды меңзеген дейді. Енді біреулері күллі пайғамбарларға қатысты айтылған деп ой түйіндейді. Әуелгісі Иса пайғамбармен байланысты дегені бұл сол замандағы Исрайыл ұрпақтарына қатысты еді. Сол заманда Исрайыл ұрпақтары дүниеге беріліп әсіресе олардың ғұламалары дүниеге көбірек жақындап арамзалық шыңырауына құлаған еді. Ендеше біз сол Исрайыл ұрпақтарының неден бұзылғанын осы жерден байқауымызға болады. Олар әрине адал ас пен харам ас дегенге көп мән бермегендігінен осындай күйге жеткен. Өйткені арам ас былай қарағанда адамға азық болғанмен адамның жан дүниесіне, көңіліне, жүрегіне теріс азық болады. Жанын күйретіп, жүрегін суытады. Арам ас барған жердің бәріне шайтан ұялайды. Адам ағзасындағы арам ас шайтанның әзәзіл ойларын тастауына байланыс жасайды. Бұл Алланың сынақ заңы. Сырттай қарағанда сізге пайдалы секілді көрінгенмен сіздің рухыңызға кері әсерін тигізеді. Арам ас негативті жинайды, адал ас позитивті тартады. Бұл күнде жапон ғалымдары су екеш судың өзіне жақсы сөз айтсаң сол жақсы сөзді тартандығы жаман сөз айтсаң сол жаман сөз тартандығын айтып дабыл қағып жүр. Енді ойлап қараңыз ең жақсы сөз ол Алланың есімі – бісміллә. Атам қазақ сол себепті бісмілласыз мал соймаған. Ең жаман сөз Аллаға серік қосқан сөз. Сол сөзбен мал шалу. Өткенде туыс інімнің қызы Америкада журналист болып оқып жүріп бір күні «Мұсылманшылықта малды адал етіп шалу» деген мақала жазады. Мұсылманша шалғанда малдың арам қаны ағатынын ал басқаша шалса сол арам қан ақпай қалатынын және сол себепті де сол арам қан адамның ағзасына кететінін айтып дәлелдеп жазады. Сол мақала сол елде көп дүмпуге сеп болады. Бүгінгі тілмен айтқанда «шок» болады.  Сол елдің халқы әрине ақиқатқа жаны құмар болған соң осы адал сою үрдісіне бір жағынан таңырқаса екінші жағынан «осы күнге дейін арам жегенбіз бе?» деп әр түрлі пікір-таласқа түседі.

Әлқисса атам қазақтың «Ас адамның арқауы»деп айтып кеткені сол  «адал асты» айтқаны. Арам ас денеге бір кірсе, ол тек ағзаны құрап тегін жатпайды сонымен қатар сол адамның ойына да жүрегіне де нәпсісіне де, рухына да кері әсерін тигізеді. Әрине тұтастай бір жаман құлықты адам болып кетпесе де сол жамандыққа әсіресе келесі харамдыққа қарай жетелеуі бек мүмкін. Өйткені ұсақ күнәнің өзі келесі өзінен сәлірек үлкен бір күнәнің шақырушысы. Ұсақ күнәлар жинала берсе ұсақ тастардай бір күні тауға айналуы әбден мүмкін.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Ішкені харам, жегені харам, кигені харам қалай ғана оның дұғасы қабыл болмақ», - дейді. Сіз кірді кірмен тазарта алмайсыз ғой. Қайта кірлей береді. Пайғамбарымыз алайһис-салату уәс-сәләм бірде намазда тұрғанда Жебрейіл келіп кебісінде бір дақ нәжіс тұрғанын айтып, Пайғамбарымыз кебісін шешеді. Кебістегі нәжәсәсттің өзі намазға кедергі болса адамның ағзасындағыны сіз ойлай беріңіз. Бірде Пайғамбарымыз алайһис-салам таңға дейін ұйықтай алмай, түні бойы уһіліп шықты. Таңертең жары: «Пайғамбарым, түнде бір жеріңіз ауырды ма? Қатты қиналып шықтыңыз ғой», – деп сұрайды. Хақ пайғамбар: «Жатар алдында жерде жатқан бір құрманы көріп қалып, аузыма салдым. Бірақ, кейіннен есіме түсті. Біздің үйде садақа мен зекет құрмалары да болып жатады. Ал осы құрма солардың бірі болса ше?! Осыны ойланып, таң ағарып атқанша кірпік айқастыра алмай шықтым» деп жауап қатады.

Иә, садақа мен зекет Пайғамбарымызға адал емес еді. Оларды ол өзгелерге тарату үшін алатын. Пайғамбарымыз таза болды, тазалық сақтады, тазалықты насихаттады. Сол үшін Алланың алдында мәртебесі биік болды.

 Сол себепті әуел бастағы аятта «Асты адалынан жеңдер, салихалы амал жасаңдар» деді. Ендеше осы аятта салихалы ізгі амал мен істің, харекеттің бәрі осы адал асқа байланысты екенін осы аятта баса айтып отыр. Салихалы амалдың негізі мен шарты адал аста жатыр. Егер сіз бір харамды жесеңіз содан кейін мінберге шығып елге, халыққа насихат айтсаңыз сол насихат халыққа өтер ме еді, әсерлі болар ма еді? Әрине болмайды. Неге? Өйткені аузыңыздан кірген сол харам астың микроб-рухы насихат рухымен араласып бейне бір тымау таратқандай боласыз. Бұл тек халыққа ғана емес үйге келгенде балаңызға да айтқан сөзіңіз, берген насихатыңыз әсерлі болмайды. Оны ең оңай жолмен былай деп түсіндіре кетейін: Арақ ішіп мас болып келген қария үйіндегі немерелерін жинап алып: «Алтын ұрпақтарым! Сендерге айтар насихатым арақ ішпеңдер, арақ атаңнан қалған ас емес, жоламаңдар. Ертең мен өлгенде «атамнан қалған өсиет еді» деп айта жүріңдер» десе осы сөз өтімді болар ма еді? Харам тек арам өлген малда ғана емес басқа нәрселерде бола береді. Мысалы сіз билікте отырып елдің ақысын жесеңіз, мұғалім болып оқушылардан пара алатын болсаңыз мұның бәрі де харам астың түрлеріне, сыңарларына жатады. Ғайбат та харам асқа жатады. Құранда ғайбат, біреудің сыртынан өсек айту, сынау, кемшілік көру сол адамның етін жегенмен бірдей екенін айтады. Яғни көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Сіз бір жақыныңызды етін шикідей жеп жатырсыз. Мұндай адамның намазы да қатерлі келеді. Аузы қан болып тұрып намазға тұру кімге жақсы дейсіз?! Хакім Абайдың «бес нәрседен қашық бол» деп жүз жыл бұрын бүгінгі ұрпағына дабыл қағып кеткені сол ағайын. Сол себепті менен «тақуалық дегенді бір ауыз сөзбен жеткізе білесің бе деп сұраса мен: «аузыңа ие бол» немесе аузыңа кірген мен шыққанға ие бол» дер едім. Ауызға кіргені ас, шыққаны сөз. Кіретін арам астан сақтанса, шығатын ғайбат сөзден сақланмақ керек. Міне осы шығатын ғайбат сөзді де тудыруға сеп болатынның бірі осы ішке кірген арам ас. Тіпті ішке кірген арам ас қайта ауыздан шыққанда арам сөз боп, немесе сөзді арам етіп шығарады десек те болады.

Сол себепті Асхабул Кәһф Ямлиха, Максалиналар үш жыл ұйқыдан тұрып араларынан біреуін таңдап базарға азық алуға жіберерде «Астың ең тазасынан ал» дейді. Өйткені олар күмәнді астың өзінен де қашады. Пайғамбарымыз күмәнді нәрседен сақтанбаған күнәға кіретінін айтқан. Мысалыға бізде қазір не бір түрлі шұжықтар бар. Егер осылардың ең адалын таңдамай яғни муфтият секілді арнайы зерттеу орталығының қатал бақылауынан өтпегенін «халал» деген жазу тұр екен деп жей беретін болсаңыз және олардың арасында доңыз майы өте аз қосылғандар болса да бір күні махшарда алдыңыздан сол жеген ұсақтар жиылып бір немесе бірнеше доңыз болып шығуы әбден мүмкін. Иә, адам байқамай жеп қойса не болмаса біреуге сеніп жеп қалса оның харамға кірмейтіні анық. Бірақ осы харам астар адамның ағзасына барып қана қоймай оның құлшылығына және тақуалығына һәм дұғасының қабыл болуына кері әсерін тигізері хақ.

Бірақ әрине Ямлихалардың ең басты қорыққаны Аллаға серік қосқан астар еді. Олар базарға барғанда сатушылармен сөйлесе, тілдесе келе белгілі өздері білетін жасырын құпия сөздері арқылы иманды екендерін біліп содан кейін ғана азығын сатып алмақ. Һәм біз олардың осы «ең тазасынан» деген сөздерінен олардың осындай ихсандық шыңға жетулерінің яғни Алланы іштей терең тануларының басты сыры адал асқа қатты мән берулерінде жатқанын байқаймыз. Әлбетте адал асқа осыншалық мән берген бір адамның кісіден кемшілік іздеуі беймүмкін.

Бірақ бүгінгі таңда астың адалына өте қатты мән бергендері сонша астамшылық жасап астың адалдығына қарағанда сатушының иманын тексеретіндер бар және оп-оңай өзінің өлшеміне симайтындарды «күпірге» жатқыза салатындар бар. Бұлар біздің тақырыбымызға жатпаса керек. Оларды әрі кетсе «шайтан оларға оң жағынан келгендер» деп атасақ керек. Сөз соңы адал аста береке бар, іздегенге сан түрлі өнеге бар.

Мұхиддин Исаұлы

Бөлісу: