Иленген теріні пайдалануға бола ма?
Ермек МҰҚАТАЙ
ҚМДБ Өскемен аймағының бас имамы,
Шығыс Қазақстан облыстық
«Халифа Алтай» мешітінің бас имамы
Аң және мал терісін адамзат баласы ежелгі ғасырлардан бері киімге және басқа да тұрмыстық бұйымдарға пайдаланып келген. Аң мен мал терісі адамдар киім-кешекке, төсенішке, ыдыс ретінде, шаңғы сияқты құралдар жасауға, садақ пен ер-тұрманға үнемі қолданылып келеді.
Байырғы түркілерде аң аулау дәстүрі ерте қалыптасып, дамыған. Аң аулау кәсібі арқылы тері өңдеу ісі дамыды. Ата-бабаларымыз теріні илеу арқылы өңдеп, сан түрлі тұрмыстық қажеттілікке пайдаланған. Теріні қалың жұқалығына байланысты мезгілдік киімдер тігіп қолданғаны деректерден белгілі.
Қазақ халқы мал шаруашылығын ерекше дамытқан. Жылқы туралы: «Ішсең сусын, мінсең көлік, кисең киім» деп мал баласын қадір тұтқан. Бұл жерде кисең киім деп малдың терісін және жүні айтылып отыр.
Бабаларымыз мал мен аң терісін әбден илеп, жұмсартып пайдаланып, тері илеудің дәстүрін жетілдірген. Қазақы киімнің барша сымбаты мен ою-өрнегінде, әрбір әшекейінде халқымыздың тарихының, ой-дүниесінің қайталанбас көрінісі бар. Ол-біздің ұлттық мәдениетіміз. Қазақтар құланның, ақбөкеннің, жолбарыстың, жанаттың, бұлғынның, сусардың, ақ тышқанның терілерін ерекше қымбат бағалайды.
Асыл дініміз исламда адам мен доңыз терісінен басқа терінің барлығын қолдануға рұқсат берілген. Бұл мәселені ислам ғалымдары нақты мысалдармен бекіткені айтылады. Атап айтқанда Абдулхамид Мұхаммед Мұхийддин өзінің «әл-Ахуалуш-Шахсия» және Убайдулла ибн Масғуд «Мухтасар әл-Уиқоя» атты еңбектерінде теріні илеп айдалану туралы үкімдерді айтып кеткен.
Иленумен тері де, сойылған теріде таза болады. Бауыздалмаған малдың сүйегі және терісі таза болып саналады. Иленумен таза болған тері сойылуымен де таза болады деп есептеледі. Ислам ғалымдары иленген теріге намаз оқуға болады деп бекіткен.
Сонымен қатар егер тері нәжіс нәрсемен иленген болса онда үш қайтара жуып-шайса ол таза болады (Муслим, Абу Дауд) делінген. Имам Әбу Ханифаның (р.х) көзқарасы бойынша доңыздан басқа барлық жануарлардың терісі иленгеннен соң пайдалануға рұқсат.
Тағылымды әңгімелерде Алла Елшісі (с.ғ.с) Тәбүк жорығынан келе жатып, (өлген жануардың) терісінен жасалған су торсығы ілулі тұрған үйден су сұрайды. Сонда үй иесі: «Уа, Алла Елшісі, (с.ғ.с) бұл өлген малдың терісінен жасалған торсық, Сізге бұдан су ішуге бола ма?» - деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Тері иленсе тазарғаны», - деп үкім береді.
Бұған қарап, дінімізде иленген таза теріні пайдалануға болады деген сөз. Дініміз еңбек етуді, қоғамға пайдалы іс атқаруды барынша қолдайды. Сондықтан мал терісін илеп іске асырып, нарықтық айналымға енгізсе оның еш айыбы жоқ деген сөз.