Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

21 ақпан 2020

591

Мақалалар

ӨЗГЕ ДІН ӨКІЛІ СОЙҒАН МАЛДЫҢ ЕТІ АДАЛ САНАЛА МА?

Мұхан Исахан
Заңгер, шариғат маманы
«Нұр Мүбәрак» Қазақ-Египет ислам университетінде
«Дінтану» мамандығының докторанты


Шариғатта әһли-кітап сеніміндегі яһуди және христиан адам сойған малдың етін мұсылмандарға жеуге рұқсат етілген. Өйткені, Алла-тағала Құран-кәрімде: «Бүгін сендерге жақсы нәрселер халал етілді. Кітап берілгендердің (христиан, яһуди) тамағы (бауыздағандары) халал етілді. Сендердің тамақтарың оларға да халал етілді» (Мәйда, 5-аят) деп бұйырады. Осы аяттағы «тағам» кәлимасына ғұламалар етті де жатқызған. Ал пұтқа табынушы, отқа табынушы, атеист адамның сойған малының етін жеуге болмайды (Мәусили, әл-Иқтияр, IV, 229; әл-Фәтәуа-Хиндия, V, 370; Ибн Абидин, Рәддул-Мухтар, IX, 474).

Әйтсе де, әһли-кітап сеніміндегі адам сойған мал шариғатта рұқсат етілген төрт түліктің қатарынан болуы керек. Сондай-ақ, шариғат бұйырғанындай малдың тамағынан бауыздалуы тиіс. Және де мал бір Жаратушының атымен шалынуы қажет. Себебі, Алла Тағала Құран Кәрімде: «Сендерге: Өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атымен бауыздалған мал арам қылынды» (Мәйда, 3-аят) деп бұйырады.
Кейбір ғұламалар Алла Тағала Құран Кәрімде рұқсат бергендіктен, әһли-кітап сенімін ұстанушы Алланың атын атамай бауыздаса да, ол малдың етін жеуге болады деп айтқан. Бірақ, «Исаның атымен» немесе «Үзейрдің атымен» деп бауыздаса, ол малдың еті харам болып саналады. Сонымен қатар, шариғатта құрбандық үшін дайындаған малды әһли-кітап сеніміндегі адамның шалуы мәкрұһ болып есептелінеді. Себебі, әһли-кітап сенімін ұстанушыда құрбан ниеті болмауы мүмкін. Жалпы, дін ғұламалары зәрулік болмаған жағдайда, әһли-кітап сеніміндегі адамның сойған малының етін жемеген дұрыс деп біледі.

Бөлісу: