Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

06 наурыз 2020

2776

Мақалалар

Атқан аң мен құс адал бола ма?

Өмірзақ Бекқожа
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы
бойынша бас имамы
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен

Аңшылық ертеден бері адам баласының кәсіп еткен, әрі күнкөріс көзі болған істерінің бірі. Сондықтан шариғатымыз да аң аулау мәселесін айналып өтпеген. Өйткені Ислам діні бір қауымның, не бір заманның ғана діні емес, барлық адамзат баласына, барлық заманға жауап беретін дін.

Ежелгі заманда аң аулау тек күнкөріс мақсатында, яғни аңның, құстың етін жеп күнелту немесе аң терісін сатып нәпақа табу мақсатында болатын. Ал бүгінгі күні аң мен құстың етіне не терісіне қарап отырған адам жоқтың қасы деп айтуға болады. Құр ермек үшін аң аулау шариғатымызда мәкруһ тахриман, яғни харамға жақын мәкруһ болып табылады. (қараңыз: Исламдағы аңшылық үкімі. http://fatua.kz/kz/post/view?id=936).

Алла Тағала Қасиетті Құранда:«Олар сенен өздеріне не нәрсенің халал қылынғандығын сұрайды: “Сендерге таза нәрселер (дін бойынша халал нәрселер) халал қылынды” де. Және де Алланың өздеріне білдіргенін үйретіп, тәрбиелеген жыртқыштарды: Алланың атын айтып (аңға) салсаңдар, сендер үшін ұстағандарын жеңдер. Алладан қорқыңдар, күдіксіз Алла есепте өте тез» - дейді. (Мәида сүресі, 4-аят)

Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Аңның соңына түскен адам ғапыл (бейқам) болады» - деген. (Тирмизи риуаяты).

Шәкәрім атамыз да «Мұсылмандық шарты» кітабының «Аң ауламақ» атты бабында: «Аң ауламақ обал емес. Бірақ оған айналып жүріп, парыз-уәжіп, ғибадат қалса, обал болады» - деген. Яғни намаз оқылмай қаза болып, ораза ұсталмай, басқа да шариғат бекіткен міндеттер орындалмай қалып, аң аулаумен алдануға болмайтынын айтып отыр.

Сондай-ақ Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына ескертулерін естен шығармау керек: «Кімде-кім ешбір себепсіз бостан-босқа бір торғайды болсын өлтірсе, қиямет күні ол торғай Алла Тағалаға: «Уа, Раббым! Пәленше мені нақақтан-нақақ өлтірді. Мені пайдасына жарату үшін өлтірмеді», ­– деп өзін өлтірген адамның үстінен шағымданады», – деген.

Сол секілді: «Ешбір себепсізден-себепсіз, нақақтан-нақақ бір торғайды не одан да үлкен құсты өлтірген адамнан Алла Тағала есеп алады», – дегенде: «Уа, Алланың Елшісі! Құсты нақақ өлтірмеудің жолы не?» - деп сұраған сахабаларға Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Аңшының ұстаған аңын талапқа сай сойып, жеуі. Басын да кесіп лақтырмауы»,  – деп жауап берген. (Насаи риуаяты).

Шариғат аңшылықты ермек үшін емес белгілі шарттармен рұқсат еткен.

Жалпы ауланатын аң мен құс еті желінетін және желінбейтін болып екіге бөлінеді. Жыртқыш аңдардың еті желінбейтіні белгілі. Еті желінетін аңдар азық мақсатында ауланса, еті желінбейтін аңдарды терісін пайдалану мақсатында аулайды.

Біріншіден, аң не құсты аулау мақсатымен оқты атқан кезде «Бисмилләһ», яғни Алланың атымен деп ату керек.

Екіншіден, аң адал болу үшін аңды атқан адам мұсылман немесе әһли кітап (яһуди не христиан дінідегі адам) болу керек. Ал діннен шыққан немесе Құдайға сенбейтін атеист болса, оның атқан аң-құсы желінбейді.

Үшіншіден, жан-жануарлар төлдеп, көбейетін кезде, сондай-ақ құстардың балапан басып шығарар кезеңінде аң-құсты аулауға тиым салынады, сонымен қатар, «Қызыл кітапқа» енген, мемлекет қорғауындағы аңдарды да атуға болмайды.

Төртіншіден, қажылықта ихрам халінде жүрген адамның аң аулауына болмайды.

Бесіншіден, атылған аң тірідей қолға түссе, оны «бисмилләһ» деп бауыздау керек. Тірідей қолға түсіп, бауыздауды кешіктіріп, бауыздалмай өліп кетсе, еті желінбейді.

Оқ тиген соң өлмей қашып барып, бір жерге соғылып өлсе, оның еті адал болмайды. Сонымен қатар, өткір, үшкір нәрсемен қан шығармай ұрып, тоқпақтап өлтірсе жануардың еті адал болмайды.

Қорыта айтар болсақ, аң-құсты атарда «бисмилләһ» деп атса, аң-құс атылған оқтан өліп қалса да адал. Ал жараланып қолға түскен сәтте «бисмилләһ» деп сою керек. Егер тиген оқтан қансырап өлсе, арам өлген үкімінде ол аң-құсты жеуге болмайды.

Бөлісу: