АДАЛ АС – АМАНДЫҚТЫҢ БАСТАУЫ
Халал тағам – мұсылман өмірінің өзегі. Ол адамның тәнін де, жанын да ластанудан сақтайды. «Халал» сөзі араб тілінде «рұқсат етілген, заңды» деген мағынаны білдіреді. Ол – тек тағамға ғана емес, бүкіл өмір салтына қатысты түсінік.
Халал адал еңбек, таза табыс, әділ сауда, сенімді серіктестік дегенді білдіреді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адал нәрсе айқын, арам нәрсе де айқын. Ал екеуінің арасында күмәнді нәрселер бар. Кім күмәннән сақтанса, дінін де, абыройын да қорғайды», – деп айтқан (Бұхари, Мүслим). Бұл хадис халалдың шекарасын айқындайды: әр мұсылман күмәнді тағамнан аулақ болуы керек. Себебі, харам ас рухани әлсіздік пен иманның әлсіреуіне әкеледі. Осы себепті халал тағам ұғымы тек діни ұстаным емес, сапаны, тазалықты және тұтынушы сенімін қамтамасыз ететін жүйе ретінде қалыптасты. Яғни, халал принциптері тек рұқсат етілген өнімді анықтап қана қоймай, оны өндіруден бастап тұтынуға дейінгі әр кезеңнің қауіпсіздігін бақылауға бағытталған.
Халал тағамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – күрделі әрі көпсатылы процесс. Бұл жүйе «шикізаттан бастап тұтынушыға дейінгі процес» қағидасымен жұмыс істейді.
1. Шикізат кезеңі
Алдымен өнімнің шығу көзі мен шикізаты тексеріледі. Мысалы, ет өнімдері үшін малдың сойылу тәсілі, жемнің құрамы, судың тазалығы – бәрі ескеріледі. Мал Ислам шариғаты бойынша «Бисмилләһи Аллаһу Акбар» деп сойылуы керек.
2. Өндіріс кезеңі
Бұл кезеңде мәселен, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау мекемесінің мамандары өндіріс орнын тексеріп, жабдықтардың харам өніммен жанаспауын бақылайды. Сондай-ақ, өндіріс желісінің санитарлық тазалығы, қызметкерлердің гигиенасы, құралжабдықтардың арнайы тазартылуы да тексеріледі.
3. Сақтау және тасымалдау
Өнім халал емес тағамдармен бірге тасымалданбауы тиіс. Қоймада немесе көлік ішінде айқын контаминация (яғни, жанасу арқылы ластану) болмауы қажет.
4. Сату және тұтыну кезеңі
Дүкендер мен асханаларда да халал бақылауы жүргізіледі. Халал өнім сататын орындарда спиртті ішімдік сатылмауы, шошқа етімен қатар сақталмауы тиіс. Қазақстанда халал индустриясы қарқынды дамуда. Қазіргі таңда республика бойынша 6 халал сертификаттаушы ұйым бар. Соның бірі – Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына қарасты «Халал Даму» мекемесі. 2014 жылдан бері бұл ұйым еліміз бойынша 2000-нан астам кәсіпорынды тексеріп, халал сертификат пен куәлік беріп келеді. «Халал Даму» жұмысы халықаралық стандарттарға, яғни SMIIC (Ислам елдері стандарт және метрология институты) талаптарына негізделген.
Ұйым сарапшылары тек құжатты ғана емес, нақты өндіріс орнын аралап, микробиологиялық сынамалар алып, зертханалық талдау жасайды. Жүйелі бақылау нәтижесінде тұтынушы халал өнімге сенім арта алады. Себебі, сертификат тексерусіз берілмейді және жыл сайын инспекциялық тексеру қайта жүргізіледі. Егер кәсіпорын талапты бұзса, сертификат уақытша тоқтатылады немесе жойылады. Мұндай мұқият бақылау мен адалдық қағидаларының сақталуы – Исламның рухани талаптарымен де үндес. Өйткені халал – тек өндіріс жүйесі емес, мұсылманның жүрістұрыс мәдениеті мен рухани тазалығының көрінісі. Бұл туралы әйгілі ғұлама имам Ғазали: «Адамның жеген асы оның бойына, ал бойындағы нәр оның рухына әсер етеді», – деген.
Шындығында да, харам немесе күмәнді тағам адамның мінез-құлқына, ой-толғанысына, тіпті дұғасының қабыл болуына да әсер етеді. Ғибратты оқиғада бір кісі Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Менің дұғам неге қабыл болмайды?» – деп сұрағанда, Алла елшісі былай деп жауап берген: «Өйткені сенің асың харамнан, киімің харамнан, асың харамнан келген. Хараммен қоректенген адамның дұғасы қалай қабыл болсын?» (Мүслим).
Алайда рухани тазалық пен адалдықты сақтау тек жеке адам деңгейінде емес, қоғамдық және экономикалық жауапкершілік тұрғысынан да маңызды. Бүгінгі таңда кей кәсіпкерлер халал таңбасын тек маркетингтік құрал ретінде пайдаланып, адалдық ұғымының мәнін бұрмалап жібереді. Бұл – өте қауіпті құбылыс. Себебі жалған халал белгісі тұтынушыны адастырып қана қоймай, бүкіл салаға деген сенімді төмендетеді. Мұндай жағдайда халал ұғымы өзінің рухани салмағынан айырылып, жай ғана коммерциялық брендке айналып кету қаупі бар. Осыны болдырмау мақсатында ҚМДБ «Халал Даму» мекемесі жүйелі түрде рейдтік тексерулер, зертханалық сараптамалар және ақпараттықтүсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Мекеме мамандары кәсіпорындарды алдын ала ескертусіз тексеріп, өнім құрамына зертханалық талдау жасайды. Сонымен қатар, тұтынушылар арасында халалдың шынайы мәнін түсіндіретін насихаттық бағдарламалар мен оқыту семинарларын өткізеді. Сонымен қатар, мекеме шетелдік серіктестіктермен тәжірибе алмасып, халықаралық халал форумдарына қатысады. Бұл – Қазақстан халал индустриясын әлемдік деңгейге көтерудің маңызды қадамы.
Ойымызды қорытындылай келе, халал тағам – тек рұқсат етілген тағам ғана емес, ол – тазалық пен сенімнің жүйесі. Халал қағидасы денсаулықты сақтайды, рухты тазартады және қоғамда әділдік пен сенім қалыптастырады. Құранда Алла Тағала былай дейді: «Алла таза, Ол тек тазалықты жақсы көреді». Сондықтан халал өндіріс пен сауда саласында адалдық сақталған жерде ғана береке болады. Халал индустриясы – ұлт денсаулығы мен рухани қауіпсіздігінің кепілі. Ал осы жолда «Халал Даму» мекемесінің еңбегі елдің сенімін нығайтып, отандық өнімнің беделін арттырып келеді. Халал, бұл жай белгі емес. Ол – сенім, жауапкершілік және жүректегі иман көрінісі.
Мейіржан ТІЛЕКТЕС
ҚМДБ «Халал Даму» мекемесінің технологы