ХАЛАЛ СЕРТИФИКАТЫ САПАЛЫ ӘРІ ҚАУІПСІЗ ӨНІМНІҢ БЕЛГІСІНЕ АЙНАЛДЫ
– Әлемдегі халал индустриясының дамуын қалай бағалайсыз?
– Халал индустриясы – 3 млрд-тан астам мұсылманға ғана емес, күллі адамзатқа сапалы өнім ұсынатын қарқынды дамып келе жатқан сала. Қазіргі таңда ол қаржы, туризм, логистика, фармацевтика, азық-түлік сияқты түрлі бағыттарды қамтиды. Халал – тек діни талап емес, «сапалы», «таза», «балғын» деген ұғымдардың баламасы. Соңғы 20 жылда «халал нарығы» әлемдік экономикадағы ең ірі тұтыну нарықтарының біріне айналды. Бүгінде оның құны 2,3 трлн доллардан асады, жылдық өсімі – шамамен 20 пайыз. Нарықтың 43 пайызын азық-түлік, 23 пайызын медиа мен киімкешек, 8 пайызынын туризм, 7 пайызын фармацевтика, 5 пайызын косметика құрайды. Ең ірі сегмент – мал және құс еті. Халал өнім тұтынушыларының қатарында тек мұсылмандар ғана емес, түрлі ұлт пен дін өкілдері де бар. Себебі халал ерекше сенім мен сапаның белгісіне айналды.
– Ал отандық халал индустриясында ҚМДБ «Халал Даму» мекемесінің рөлі қандай?
– Қазақстанда халал талаптары жүйелі түрде енгізіліп, тұтынушылар арасында сенім қалыптасып келеді. Бұл бағытта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Халал Даму» ұйымы басты рөл атқарады. «Халал Даму» мекемесі – шариғат талаптарына сәйкес халал өнімдерді сертификаттаумен айналысатын маңызды ұйым. Бұл мекеменің құрылуының басты мақсаты – еліміздегі халал индустриясын дамыту, ұлттық нарықты сапалы әрі адал өнімдермен қамтамасыз ету және діни талаптарға сай өндірісті қолдау. Осылайша, «Халал Даму» халал өнімдер саласын дамытуға және сондай өнімдерге деген қажеттілікті қанағаттандыруға бағытталған шараларды жүзеге асырып келеді. Мекеме өз қызметін бастағаннан бері елімізде халал индустриясы жүйеленіп, халал өнімдердің саны айтарлықтай артты. «QMDB Halal» таңбасы бүгінде халал өнімдердің кепілі әрі сенімділік белгісіне айналды. Бұл таңба – тұтынушыларға өнімнің шариғат талаптарына сәйкес келетінін және оның сапасының жоғары екендігін білдіреді. Халықаралық тәжірибеге негізделген алты халал стандарты («Ауылшаруашылығы құстары мен малдарын сою», «Қоғамдық тамақтандыру қызметтері», «Халал өнімдерін өндіруге, сақтауға және тасымалдауға қойылатын жалпы талаптар», «Халал дәрілік заттар мен биологиялық белсенді қоспаларды өндіруге, сақтауға, тасымалдауға және сатуға қойылатын жалпы талаптар», «Халал парфюмерлік, косметикалық өнімдерін өндіруге, сақтауға, тасымалдауға және сатуға қойылатын жалпы талаптар», «Халал туристік қызметтері») әзірленіп, оларды жүзеге асыру барысында 2000-нан астам отандық және шетелдік кәсіпорын «QMDB Halal» сертификатына ие болды. Сонымен бірге былтыр «QMDB Halal» сертификаты бар 10 000 тоннадан астам ет өнімі экспортқа шығарылды. Бұдан бөлек, «Халал Даму» мекемесі еліміздің ірі қалаларында, атап айтқанда, Астана, Алматы, Шымкент, Тараз қалаларында бес мәрте «HALAL EXPO» халықаралық көрмесін ұйымдастырды. Бұл көрмелер халал индустриясының дамуын көрсету және отандық өнімдерді халықаралық нарыққа таныстыру үшін маңызды алаңға айналды. «Халал Даму» мекемесінің халықаралық аренада да беделі артып келеді. Мекеме Малайзияның Исламды дамыту департаменті (JAKIM) мен Қазақстан Республикасының мемлекеттік Ұлттық аккредиттеу орталығынан аккредиттеуден өтті. Сонымен қатар, Ислам Ынтымақтастық Ұйымы (ИЫҰ) негізінде жұмыс істейтін Ислам елдерінің стандарттары мен метрология институты (SMIIC), сондай-ақ Ресей, Татарстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Монғолияның халал стандарттау және сертификаттау мекемелерімен ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қойылды. Осылайша, «Халал Даму» мекемесі Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де халал өнімдер саласының дамуында маңызды рөл атқарып келеді. Бұл мекеме еліміздің халал индустриясын жаңа белестерге көтеріп, діни талаптарға сай өнімдердің сапасын арттыру арқылы халықтың әл-ауқатын жақсартуға, қазақстандық халал өнімдердің әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болуына ықпал етуде.
– Қазақстандағы халал стандарттар мен халықаралық стандарттар арасындағы айырмашылықтар қандай?
– Халал индустриясы – бүгінде тек мұсылмандар үшін емес, бүкіл әлем халқы үшін сенімді, сапалы әрі қауіпсіз өнімнің белгісіне айналды. Әлемдік халал нарығының құны триллион доллармен өлшеніп, жыл сайын қарқынды өсіп келеді. Бұл үдерісте әр елдің стандарттау жүйесінің маңызы зор. Қазақстан да осы бағытта өзіндік ұлттық талаптарын қалыптастырып, халықаралық деңгейге шығуда. Алайда, отандық стандарттар мен халықаралық жүйелер арасында белгілі айырмашылықтар бар. Халал индустриясында әр елдің стандарттау жүйесі мен сертификаттау талаптары әртүрлі болып келеді. Қазіргі таңда «Халал Даму» ұйымы 6 ұлттық-халал стандарт бекітіп, түрлі кәсіпорындарда қолданылуда. Ал халықаралық деңгейде халал талаптарын үйлестіруші бірнеше беделді институттар бар. Мысалы, Ислам елдері стандарттау және метрология институты (SMIIC) қырықтан астам мемлекетке ортақ талаптарды бекітсе, Парсы шығанағы елдерінің стандарттау ұйымы (GSO) Сауд Арабиясы, БАӘ, Катар сияқты елдерге арналған ережелерді реттейді. Ал әлемдік аренада ең жоғары беделге ие орган – Малайзиядағы JAKIM, оның сертификаттары көптеген елдерде мойындалған.
– Өнім қаптамасында «QMDB Halal» белгісінің қойылуы қалай бақыланады? Жалған белгілерге қалай тосқауыл қоясыздар?
– Қаптамада «QMDB Halal» белгісінің дұрыс қолданылуы қатаң бақылауда болады. Сертификат алған әр кәсіпорынға белгі тек ресми келісімшарт арқылы беріледі және ол тексерілген өнім түрлеріне ғана қойылады. «Халал Даму» мамандары кәсіпорындарды жоспарлы және жоспардан тыс аудиттен өткізіп, өндірістің әр кезеңін, соның ішінде қаптамаға таңба қою процесін де тұрақты қадағалайды. Жалған белгілердің алдын алу үшін бірнеше шара қолданылады. Біріншіден, «QMDB Halal» таңбасын қолданған кәсіпорындар анықталған жағдайда заңды жауапкершілікке тартылады. Екіншіден, тұтынушылардан келіп түскен шағымдар жедел қаралып, тексеріс жүргізіледі. Үшіншіден, кәсіпорындарға берілген сертификаттар мен куәліктер олардың мерзімі ресми сайтта ашық жарияланып отырады. Бұл кез келген азаматқа өнімнің халал сертификаты мен куәлігін тексеруге мүмкіндік береді. Осылайша, «QMDB Halal» белгісінің қаптамаға дұрыс қойылуы жүйелі бақылауда болып, жалған белгілерге жол бермеу үшін заңгерлер қадағалайды.
– Халал нарығында қандай жаңа технологиялар немесе зертханалық әдістер енгізілуде?
– Халал нарығында соңғы жылдары бірқатар жаңа технологиялар мен зертханалық әдістер енгізіліп, бұл салада нағыз төңкеріс жасалып отыр. Мысалы, наносенсорлар өндіріс барысында доңыз немесе спирт іздерін нақты уақыт режимінде анықтап, контаминация (араласу) қаупін төмендетеді. Ал блокчейн технологиясы әрбір өнімнің жолын фермадан дүкен сөресіне дейін бақылап, тұтынушыға QR-код арқылы ашық ақпарат ұсынады. Тағам қауіпсіздігін арттыруда ақылды қаптама мен жоғары қысыммен өңдеу әдістері де ерекше рөл атқаруда. Олар өнімнің жарамдылық мерзімін ұзартумен бірге қосымша химиялық заттарсыз дәмі мен құндылығын сақтайды. Бұған қоса, нарықта өсімдік негізіндегі баламалар мен тіпті зертханалық жағдайда өсірілген халал ет пайда болуда. Бұл экологияны қорғау мен денсаулыққа мән беретін тұтынушыларға жаңа мүмкіндік береді. Әлемдік халал индустриясы қарқынды дамуымен «Халал Даму» да өз қызметінде жаңа технологиялар мен зертханалық әдістерді енгізуде. Қазіргі таңда «Халал Даму» ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты зертханалармен келісімшарт негізінде жұмыс істейді. Аталмыш орталықтың 19 облыстық, оның ішінде Алматы және Астана қалалары бойынша филиалдары бар. Жалпы алғанда, халал нарығында блокчейн, биосенсорлар, роботтандыру, өсімдік негізіндегі өнімдер және зертханалық ет сынды жаңа технологиялардың енгізілуі – бұл саланың болашағын айқындайтын басты үрдістердің бірі.
– Өнім құрамындағы қоспаларды тексерудің негізгі жолдары қандай? Қазіргі өндірісте ең жиі кездесетін күмәнді қоспаларды айта кетсеңіз...
– Халал индустриясында өнім құрамындағы қоспаларды (E-кодтар, ароматизаторлар, эмульгаторлар және т.б.) тексеру – аса маңызды бағыттардың бірі. Бұл жұмыс бірнеше кезең арқылы жүзеге асады. Ең алдымен, құжаттық сараптама жасалады: кәсіпорын ұсынған қоспаларға қатысты сертификаттар, техникалық спецификациялар және шығу тегі туралы анықтамалар зерттеледі. Әрбір Е-кодтың химиялық құрамы мен өндіріс әдісі халықаралық дерекқорлармен салыстырылады. Келесі саты – зертханалық талдау. Сонымен қатар, күмәнді қоспаларды өндіретін зауыттарға барып, сыртқы аудит жүргізу де маңызды қадам болып саналады. Бұл әдіс өндіріс процесінің халал талаптарына сай орындалғанын тексеруге мүмкіндік береді. Қазіргі өндірісте халал тұрғысынан күмән тудыратын қоспалар жиі кездеседі. Мысалы, E441 (желатин) – көбінесе шошқадан немесе белгісіз жануардан алынады. E471 (май қышқылдарының моно және диглицеридтері) өсімдік текті де, жануар текті де болуы мүмкін. E120 (кармин) қоңыздан жасалады. E422 (глицерин) жануар майынан алынуы ықтимал. Сондай-ақ, кейбір синтетикалық бояулар (E151, E152), алкоголь негізінде дайындалатын ароматизаторлар, сүт қышқылы мен оның тұздары (E270, E325–327) да күмәнді санатқа жатады. Мәселе қоспаның атауында емес, оның шығу тегінде жатыр. Өсімдік негізінде алынған қоспа – халал, ал жануар немесе алкоголь негізінде жасалғаны – күмәнді. Сондықтан әрбір қоспа тек құжаттық тұрғыдан емес, зертханалық тұрғыдан да мұқият тексеріледі.
– Бір зауытта халал және халал емес өнім қатар өндіріле ме?
– «Халал Даму» мекемесі бір зауыттың ішінде халал және харам өнімді қатар өндіруге қатаң түрде тыйым салады. Себебі, халал индустриясында ең басты талап – толыққанды халал өнім өндіру. Егер бір өндірістік алаңда халал және харам өнім бір уақытта шығарылса, шикізат пен дайын өнімнің араласып кету қаупі өте жоғары. Бұл халал стандарттарының негізгі принципіне қайшы келеді. Мысалы, шошқа немесе оның туындысы қолданылатын желілерде кейін халал өнім өндірілсе, өндіріс құрал-жабдығын толық залалсыздандырудың өзі тұтынушының сенімін толық қамтамасыз ете алмайды. Харам және халал өнімдерді бірге сақтау, тасымалдау немесе өңдеу де контаминация (араласу) қаупін тудырады. Сондықтан халықаралық тәжірибеде де, біздің халал стандарты талаптарымызда да мұндай жағдайға жол берілмейді.
– Тағам өндірісінде халал талаптарын қадағалау үшін мамандарға қандай арнайы білім немесе тәжірибе керек?
– Халал стандарты талаптарын қадағалау – жанжақты білім мен тәжірибені қажет ететін сала. Халал саласында қызмет ететін мамандардан жан-жақты білім мен тәжірибе талап етіледі. Ең алдымен, олар шариғат ілімі мен халал стандарттарын жақсы білуі қажет. Бұл дегеніміз – халал мен харам үкімдерін ажырата білу, халықаралық және ұлттық халал сертификаттау талаптарымен таныс болу, сондай-ақ өндіріс барысында осы талаптарды дұрыс қолдана алу. Сонымен қатар, маман тағам өндірісінің технологиялық ерекшеліктерін меңгеруі керек. Ол түрлі өнімдердің (ет, сүт, кондитерлік бұйымдар, сусындар және т.б.) дайындалу процесін түсініп, қосымша заттардың (E-кодтар, эмульгаторлар, консерванттар, бояғыштар) шығу тегін анықтай алуы тиіс. Тағам химиясы мен биологиясы жөніндегі білім де бұл салада маңызды рөл атқарады. Халал талаптарын бақылау тағам қауіпсіздігі жүйелерімен тікелей байланысты болғандықтан, мұндай маман HACCP, ISO 22000 сияқты халықаралық стандарттарды білуі шарт. Өндірістегі санитарлықгигиеналық нормаларды сақтау, кресттік ластанудың (контаминация) алдын алу – олардың негізгі міндеттерінің бірі. Практикалық тәжірибе де аса маңызды. Маман тағам өндірісінде немесе сапа бақылау саласында жұмыс істеп көрген, зауыттағы аудит пен инспекция жүргізе алатын болуы қажет. Қорытындылай келгенде, халал саласындағы маман – діни білімі терең, тағам технологиясын меңгерген, зертханалық талдаудан хабары бар әрі халықаралық стандарттармен жұмыс істей алатын жан-жақты маман болуы тиіс. Осындай даярлық қана тағам өндірісінде халал талаптарының толық орындалуын қамтамасыз етеді.


Сұхбаттасқан Ермұрат НАЗАРҰЛЫ