Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

23 желтоқсан 2025

9

Мақалалар

МАЛАЙЗИЯ ЗЕРТХАНАДА ӨСІРІЛГЕН ЕТТІ ХАЛАЛ ДЕП ТАНЫДЫ

Малайзияның Ислам дамуы департаменті (JAKIM) зертханада өсірілген етті (cultivated meat) белгілі бір талаптар сақталған жағдайда халал деп тануға болатыны жөнінде пәтуа шығарды. Бұл – мұсылмандар басым елдер арасында алғаш рет қабылданған осындай ресми шешім.

Аталған пәтуа Малайзияның Ұлттық мұзакара комитетінің (National Muzakarah Committee )қыркүйек айында өткен отырысында қабылданған. Шариғат қағидаларына негізделген бұл шешім Құранда нақты айтылмаған жаңа тағам түрлеріне қатысты мұсылмандар үшін маңызды нұсқаулық болып саналады.

JAKIM мәліметінше, зертханада өсірілген еттің халал болуы үшін бірқатар негізгі талаптар орындалуы тиіс. Атап айтқанда, бастапқы жасушалар халал жолмен сойылған жануарлардан алынуы қажет. Сонымен қатар жасушаларды өсіруге қолданылатын қоректік орта, өсу факторлары, гормондар, ферменттер мен желатин толықтай халал көздерден болуы шарт. Кеңес шешімінде шошқа еті мен оның өнімдері толықтай тыйым салынатыны, сондай-ақ фетальды бұзау сарысуын (fetal bovine serum) қолдану арқылы өндірілген өнімдер халал деп танылмайтыны нақты көрсетілген.

Баламалы ақуыздарға арналған зерттеу орталығының (Good Food Institute APAC) ұйымының бас директоры Мирте Госкер бұл шешімнің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, әлемдегі ең ірі халал нарықтардың бірі саналатын Малайзияның мұндай ұстанымы зертханада өсірілген еттің халал екендігі жөнінде жаһандық консенсус қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

Айта кетейік, бұған дейін осындай пәтуалар Сингапур Ислам діни кеңесі, Корея мұсылмандар федерациясы және Халықаралық ислам фиқһ академиясы тарапынан да шығарылған болатын. Сондай-ақ Сауд Арабиясы мен АҚШ-тағы бірқатар шариғат ғалымдары зертханада өсірілген етті халал талаптары сақталған жағдайда тұтынуға болады деген қорытындыға келген.

Сарапшылардың пікірінше, бұл шешім халал нарығына бағытталған баламалы ақуыз өндірушілер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Зерттеулерге сәйкес, зертханалық ет өндіруші компаниялардың 87 пайызы халал талаптарына сай болуды басымдық ретінде қарастырады. Малайзия билігі бұл қадамды «болашақ тағамдардың әлеуетін зерттеу» аясындағы маңызды шешім деп бағалап отыр. Мамандар мұны Азия мен әлем үшін қауіпсіз әрі тұрақты азық-түлік жүйесін қалыптастырудағы маңызды кезең деп санайды.



Ақпарат төменде көрсетлген сайттан алынды

https://www.greenqueen.com.hk/lab-grown-meat-cultivated-halal-muslims-malaysia-islamic-jakim/

Бөлісу: