3D ПРИНТЕРМЕН ЖАСАЛАТЫН ТАҒАМДАР
3D тағамды басып шығару – соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан, болашақта біздің тамақтану әдетімізді түбегейлі өзгертуі мүмкін жаңа технология. Бұл әдіс арқылы тағам арнайы принтерде қабат-қабат етіп жасалады. Қарапайым тілмен айтқанда, компьютерде дайындалған үлгі бойынша тағам «басылып шығарылады». Мұндай тәсіл тағамды әдемі пішіндеу, әр адамға жеке құрам жасау және азық-түлік ресурстарын үнемдеу үшін қолданылады.
3D тағам принтері кәдімгі 3D принтерге ұқсас жұмыс істейді, бірақ пластиктің орнына жеуге жарамды ингредиенттер пайдаланылады. Алдымен компьютерде тағамның пішіні жасалады. Содан кейін тағамдық қоспалар – мысалы, қамыр, шоколад, көкөніс немесе ет пастасы – арнайы картриджге салынып, принтер арқылы біртіндеп қабаттап шығарылады. Соңында дайын өнім пісірілуі, кептірілуі немесе мұздатылуы мүмкін.
3D тағамды басып шығару технологиясының қалай және қайда пайда болғаны да көп адамды қызықтырады. Бұл идея бір күнде пайда болған жоқ. Оның негізі жалпы 3D басып шығару технологиясымен тікелей байланысты. Ал, тағамды 3D әдісімен басып шығару идеясы кейінірек, 2000‑жылдардың басында пайда бола бастады. 3D тағамды басып шығару саласындағы алғашқы маңызды қадамдардың бірі 2006 жылы АҚШ-та Корнелл университетінде жасалды. Ғалымдар шоколад пен қамыр тәрізді тағамдарды қабаттап басып шығару мүмкін екенін дәлелдеді. Ал 2010 жылдан кейін бұл бағыт қарқынды дами бастады. Мысалы, АҚШ-та Foodini, Natural Machines сияқты компаниялар тағам басып шығаратын құрылғыларды нарыққа шығарды. Қазіргі таңда 3D тағамды басып шығару технологиясы бірнеше елде белсенді қолданылып келеді. АҚШ бұл саланың көшбасшыларының бірі саналады.
Бұл технологияның табысты жұмыс істеуі тағамның физикалық қасиеттеріне тікелей байланысты. Соның ең маңыздыларының бірі – тұтқырлық. Тұтқырлық тағамның қою немесе сұйық болуын көрсетеді. Егер қоспа тым сұйық болса, ол жайылып кетеді, ал тым қою болса, принтерден шығуы қиынға соғады. Сондықтан тағам дәл керекті қоюлықта болуы қажет. Тағы бір маңызды қасиет – реология, яғни тағамның қысым түскен кезде қалай өзгеретіні. Мысалы, кейбір қоспалар қысыммен оңай ағады да, басып шығару тоқтағанда қайта қатаяды. Бұл тағамның пішінін сақтауға көмектеседі. Ал температура – 3D тағамды басып шығарудағы ең шешуші факторлардың бірі. Кейбір тағамдар қызғанда ериді, салқындағанда қатады. Мысалы, шоколад немесе ірімшік. Температура дұрыс реттелмесе, тағамның дәмі де, сыртқы көрінісі де бұзылуы мүмкін.
Қазіргі таңда 3D тағамды басып шығарудың бірнеше түрі бар. Ең көп таралғаны – экструзия әдісі. Бұл кезде тағам қоспасы тюбиктен сығылғандай болып шығарылады. Бұл әдіс шоколад, қамыр және пюре тәрізді тағамдарға өте қолайлы. Тағы бір әдісте ұнтақ тағамдар сұйық зат арқылы біріктіріледі. Ал кейбір заманауи технологияларда лазер немесе тамшы-тамшы етіп шашу әдісі қолданылады. Әр тәсілдің өз артықшылықтары мен қиындықтары бар. 3D тағамды басып шығару тек әдемі пішін жасау үшін ғана емес, тағамның дәмі мен құрылымын басқару үшін де пайдалы. Тағамның ішкі құрылымы кеуекті немесе тығыз болуы мүмкін. Кеуекті тағам дәмді жақсы сіңіреді және ауызда жеңіл сезіледі. Ал тығыз құрылым ұзақ шайнауды талап етеді. Осылайша, тағамның физикалық құрылымы оның дәмін қалай сезінетінімізге әсер етеді. Басып шығарылған тағам міндетті түрде қосымша өңдеуден өтеді. Кейбір тағамдар буға пісіріледі, кейбірі пеште пісіріледі немесе қуырылады. Кептіру арқылы сақтау мерзімін ұзартуға болады, ал мұздату тағамды ұзақ уақыт бұзылмай сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тағамның сыртына глазурь немесе қаптама жағылып, оның сыртқы көрінісі мен дәмі жақсартылады.
3D тағамды басып шығарудың ең үлкен артықшылықтарының бірі – жеке адамға бейімделуі. Мысалы, спортшыларға ақуызы көп, ал қант диабеті бар адамдарға қантсыз тағам жасауға болады. Балаларға қызықты пішіндегі пайдалы тағамдар басып шығаруға мүмкіндік бар. Бұл технология болашақта ауруханаларда, қарттар үйінде, тіпті ғарышта да қолданылуы мүмкін. NASA ұйымы ғарышкерлерге арналған ұзақ сақталатын тағамдарды 3D принтер арқылы дайындау мүмкіндігін қарастыруда. Дегенмен, бұл саланың алдында бірқатар қиындықтар бар. Барлық тағамдар бірдей басып шығаруға жарай бермейді. Кейбір қоспалардың қасиеттерін өзгерту керек болады. Сонымен қатар, 3D тағамды жаппай өндіру әзірге баяу және қымбат. Ғалымдар бұл мәселелерді шешу үшін тағам құрамын жақсарту, процесті жылдамдату және жаңа технологияларды енгізу бағытында зерттеулер жүргізуде.
Қорытындылай келе, 3D тағамды басып шығару – болашақтың технологиясы. Бұл салада физика ғылымының рөлі өте зор, себебі тағамның ағуы, қатуы, пісуі және дәмі физикалық заңдылықтарға бағынады. Ғылым мен технология дамыған сайын, 3D тағамды басып шығару күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналуы әбден мүмкін.