Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

26 желтоқсан 2025

13

Мақалалар

ХАЛАЛҒА ҚАТЫСТЫ МИФТЕР

Қазіргі таңда халал өнімдерге деген қызығушылық артып келеді. Дегенмен, бұл салаға қатысты қоғамда әлі де түрлі қате пікірлер мен негізсіз стереотиптер бар. Олардың көпшілігі ақпараттың жеткіліксіздігінен туындайды. Бүгін біз халал өнімдер туралы кең тараған бірнеше мифке тоқталып, олардың ақиқатын тарқатамыз.

Миф 1. Халал өнімдерді тек мұсылмандар ғана тұтына алады

Бұл – ең жиі кездесетін қате түсініктердің бірі. Шын мәнінде, халал өнімдер дінге, ұлтқа немесе өмір салтына қарамастан кез келген адамға қолжетімді.
«Халал» таңбасы өнімнің өндіріс барысында тазалық, қауіпсіздік, сапа және ашықтық қағидаларына сай дайындалғанын білдіреді. Сонымен қатар, жануарларға гумандық тұрғыда қарау және дұрыс сою талаптары да қатаң сақталады. Осы себепті халал өнімді көптеген адамдар сапаның кепілі ретінде таңдайды.

Миф 2. Халал тек ет өнімдеріне ғана қатысты

Халал ұғымы тек тағаммен шектелмейді. Исламда «халал» сөзі – шариғатқа сай рұқсат етілген деген мағынаны білдіреді. Ол тағамнан бөлек косметика, дәрі-дәрмек, қаржы, логистика, туризм секілді көптеген салаларды қамтиды.
Бүгінде «Halal Lifestyle» – яғни, рұқсат етілген өмір салты деген ұғым кеңінен қолданыла бастады. Бұл – этика мен адалдыққа негізделген тұтас индустрия.

Миф 3. Халал өнімдерге міндетті түрде арнайы қоспалар қосылады

Халал – қосымша заттар туралы емес, керісінше тыйым салынған құрамдас бөліктердің болмауы және өндірістің дұрыс жүргізілуі жайлы ұғым.
Халал өнімдерде шошқа еті, қан, алкоголь, жәндіктер және олардың туындылары болмайды. Бұл заттар кейде желатин, бояғыш немесе консервант түрінде жасырын түрде қолданылуы мүмкін. Сондай-ақ, жануардың табиғи өліммен өлмеуі және ислам талаптарына сай бауыздалуы да – негізгі шарттардың бірі.

Миф 4. «Халал» деп жазылса, ол міндетті түрде халал

Өнімдегі жазу әрдайым оның халал стандарттарға сай екенін білдірмейді. Халал талаптарына сәйкестікті тек арнайы сертификаттайтын орган ғана растай алады. Құрылтайшылары немесе қызметі діни ұйымдармен тікелей байланысты мекемелердің сертификаттарына сенім жоғары. Ал зайырлы сертификаттау ұйымдарына сақтықпен қараған жөн, себебі олар шариғат талаптарын толық меңгермеуі мүмкін. Сондықтан тұтынушылар өнімнің ғана емес, сертификатты берген ұйымның да беделіне назар аударуы қажет. Қосымша ақпаратты ресми сайттар арқылы тексеруге болады.

Миф 5. Халал өнімдер әрдайым қымбат болады

Бұл пікір де шындыққа жанаспайды. Кейбір өнімдердің бағасы сертификаттау, қосымша бақылау және арнайы логистикаға байланысты сәл жоғары болуы мүмкін. Алайда көптеген халал тауарлар нарықтағы балама өнімдермен бірдей баға сегментінде ұсынылады.

Халал – бұл шектеу емес, керісінше сапаға, жауапкершілікке және адам мен қоршаған ортаға деген құрметке негізделген құндылықтар жүйесі. Қуантатыны – халал индустриясына деген қызығушылық тек мұсылмандар арасында ғана емес, өзге дін өкілдері мен түрлі көзқарастағы адамдар арасында да артып келеді.

Бөлісу: