Адал ас және арлы ұрпақ
**Мәулана Руми: «Ілім де, хикмет те, Құдайға деген ғашықтық та, шынайы мейірімділік те ішіп-жемнің адал болуына байланысты. Асқазанға түскен бір түйір ас бойда қызғаныш пен арамзалықты оятса, надандық пен ғапылдыққа берілуге сеп болса, онда мұндай ас – харам. Бидай егіп, арпа жиды дегенді естідің бе?» деген екен. Осылайша, Мәулана ізгі адам болудың және ізгі ұрпақ өсірудің халал аспен тығыз байланысты екенін меңзейді. Арлы ұрпақтың өсіп-жетілуіне халал астың әсері турасында тағы бір ғұлама: «Бүгінде мағрифат[9] иесі немесе ақиқатқа көкірек көзі ашылған жандардың көп шықпауының себебі – рухани тазалық пен тереңдіктің жоқтығынан. Рухани кемелдік ең бірінші ішіп-жемнің адалдығы арқылы шыңдала түседі. Ішіп-жемге харам араласқан сайын, көкіректе мағрифат пен ақиқат шырағы сөне бастайды» деген екен.** Аят-хадистерге және мұсылманның игі жақсыларының насихаттары мен ескертулеріне құлақ түрсек, жүрек тазалығына қол жеткізу үшін міндетті түрде харамнан бойды аулақ салып, халал нәрселерді қанағат тұтқан жөн. Келер ұрпақтың ары таза, рухани дүниесі бай болсын десек, бала-шағамызды, отбасымызды халал, таза аспен қамтамасыз етуіміз қажет. Күдіксіз біз еккен әрбір тұқым я заққұм[10] болып, өзгелерге залал береді немесе тамыры тереңге бойлап, бұтақтары көкке шаншылған, көлеңкесі, жапырағы, бұтақтары, жемісі – бәрі-бәрі адамзат игілігіне жарайтын киелі ағашқа айналады. Харам жолмен табыс табу – жаһаннам заққумын ғана өсірмек. Ішіп-жемі харам болған балалар бір күн болмаса бір күні міндетті түрде я әке-шешесіне немесе қоғамына қан құстырады. Ішкеніміз харам, жегеніміз харам, кигеніміз харам болып, өміріміз харамның ми батпағында қорлықпен өтсе, рухани өміріміз де құлдырап, қожырай түседі. Мұнымен қоймай, балаларымызды да ізгіліктен мақұрым қалдырамыз. Уақыттың, заманның өзгеруі сылтау бола алмайды. Айналамыз түгел харамға белшеден батып, дүниенің соңын қуалап кетсе де, біз харамға жоламауға тиістіміз. Әсіресе, бағып-қағып отырған бала-шағамыз бен шаңырағымызды харамнан аулақ ұстауымыз қажет. Дәрігерлер жүкті әйелдерге «Диазем» сынды тыныштандыратын дәрілердің өзін беруге болмайтынын айтады. Өйткені, мұндай дәрілер жатырдағы эмбрионның қалыптасуына кері әсерін тигізіп, бірқатар ағзаларды зақымдайтынын алға тартады. Бұл дәрі жүктіліктің түрлі кезеңіндегі әрбір балаға бірдей кері әсер етпеуі мүмкін. Алайда, жүзден бір ықтимал да болса ананың дәрігердің кеңесіне құлақ асып, сақтық танытқаны абзал. Әсіресе, босанардан бірнеше ай бұрын мұндай дәрілерден бойды аулақ ұстағаны жөн. Енді осы мәселенің келесі бір қырына келсек, Абдулқадир Гейлани, Имам Шазили, Шах Нақшыбәнди және Имам Ғаззали сынды алып ғұламалар өздерінің тасаууыф іліміндегі тәжірибелеріне сүйене отырып, харам астың адамдарға орасан зиян тигізетінін ескерткен. Мысалы: Құдай сақтап, жаратқан мейірімімен қақпаса, харам ішіп-жеген әке-шешеден дүниеге келген баланың да рухани жұтаңдыққа бой алдыратынын айтқан. Аталмыш ғұламалар харам астың салдарынан харамзадалар (харамнан етек-жеңін жимайтын салғырт жандар) қалыптасатынын алға тартқан. Имам Ғаззали харам ішіп-жеген әйелдің сүтін емген баланың да болашақта лас нәрселерге, жире-нішті істерге бейім келетінін алға тартады. Сол үшін баланы харам асқа қол сұқпайтын тақуа әйелдің емізуі қажеттігін айтады. Өйткені, харам ішіп-жеп, осыдан ұйып шыққан сүттің берекесі болмайды деп есептейді. Мұндай ана баласын емізгенде сүт арқылы баланың табиғатына харамға деген бейімділік дариды екен. Өз ойын қорыта келе, «Баланың қасиетсіздігі – харам астың кесірінен» деп түйіндейді. Тақуа кісілердің бірі: «Ақымақ әрі ғапылдыққа берілген әйелдің сүті де зиянды болады. Ғапылдықпен емізген болсаң, дереу құстыр» деп, бұл мәселеде өте мұқияттылық танытудың маңыздылығын көрсетеді. Баланың дені сау, төрт мүшесі түгел туылуы үшін қолынан келгеннің барлығын істеп, жүзден бір ықтималды қауіп-қатердің өзінен аулақ болуға тырысқан әке-шеше неліктен баласының рухани саулығына дәл осылай ыждағаттылық танытпасқа? Мәселенің осы қырын да ескеру қажет.