Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

13 қараша 2020

239

Мақалалар

Айбек АСҚАРБЕКҰЛЫ: «Халал маркетте» адал өнімдер ғана сатылады

Жақында елімізде тұңғыш рет «Халал маркет» сауда желісінің бірінші дүкені ашылған болатын. Аталған сауда орны жайлы толық ақпаратты «Халал Даму» ЖШС директоры Айбек Аташев KAZISLAM порталына баяндап берді. **– Айбек Асқарбекұлы, «Халал маркет» сауда желісін ашу идеясының туындауына не түрткі болды?** – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Халал Даму» ұйымының құрылғанына 6 жылдан астам уақыт өтті. Қазіргі таңда 400-дей кәсіпорын «ҚМДБ халал» стандарты бойынша жұмыс жасайды. ҚМДБ төрағасы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен сертификатталған кәсіпорын өнімдерін жүйелендіріп, сату бағытын бірізділікке түсіру, сұраныс талабын қанағаттандыру шараларын жүзеге асыру жоспары қолға алынған болатын. Сертификатталған кәсіпорындардың бір аумақта шоғырланбауы, кейбір өнімдердің еліміздің өзге өңірлеріне жеткізілмеуі, халал өнімдерге халық сұранысының артуы «Халал маркет» ашу идеясына түрткі болды. Мысалы, шұжық өнімдерінің басым көпшілігі Жамбыл облысында болса, құс фабрикалары, май, сүт, кондитерлік секілді ірі өндіріс орындары Алматы өңірінде шоғырланған. Осы өнімдерді еліміздің алыс-жақын жерлеріне жеткізіп, сатылымға енгізу мәселесін шешу міндеттелді. Тұтынушылар әдетте бір сауда орнынан қажетті тауарларының барлығын алғанын қалайтыны жасырын емес. Осы сұранысты қанағаттандыру және «ҚМДБ Халал» сертификатын алған халал өнімдерін қолжетімді әрі сенімді ету мақсатында «Халал маркет» жобасы бойынша жұмыстар атқарылып, нәтижесіне өздеріңіз куә болдыңыздар. **– Сауда желісінің дүкендерін еліміздің қанша өңірінде ашуды жоспарлап отырсыздар?** – Еліміздің облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда және кейбір ірі аудандарда «Халал Дамудың» атқарушы инспектор-контролер мамандары жұмыс жасайды. Олардың басты міндеті – сертификаттаудан өткен өндіріс орындарын қадағалап, кәсіпорындар жұмысын бақылау. Жергілікті өкілдерімізбен бірлесе отырып, еліміздің әрбір өңірінен «Халал маркет» ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл қажеттіліктен, сұраныстың артуынан туындаған дүние. Халық бұрынғыдай емес, «халал» мен «харамның» ара-жігін ажыратып, шариғатқа сай өнім тұтынудың маңыздылығын түсінуде. Экологиялық таза, денсаулыққа пайдалы азық-түлікке деген қажеттіліктің туындауы әр өңірден халал маркеттер ашу қажеттігін ұғындырды. Жақын күндерде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент секілді мегаполистерде ашуды жоспарлап отырмыз. Еліміздің алыс-жақын қай өңірінен болсын ҚМДБ халал өнімдер ін сататын дүкен ашуды қалаған кәсіпкер табылса, біз қолдау көрсетуге дайынбыз. **– Айбек мырза, тұңғыш «Халал маркет» не себепті Ақтөбеден ашылып отыр?** – Ақтөбе – еліміздің батысында орналасқан, жергілікті тауар нарығының басым көпшілігін көршілес Ресейден импортталған азық-түлік өнімдері құрайтын экономикалық маңызды аймақ. Бұл өңірдегі тұтынушылар сұранысының көптігі «Халал маркет» жобасын жүзеге асыруға себепкер болды. Көбіне ресейлік өнімдерді тұтынатын жергілікті халыққа «адал», діни басқармастарапынан мақұлданған азық-түлік өнімдерін табу қиындық туғызды. Сондықтан ақтөбелік жеке кәсіпкер азаматтармен бірлесіп «Халал Маркет» ашуға қатысты барлық шаралар жүргізілді. «Халал Даму» ЖШС мамандары тарапынан тиісті оқу-семинар, үгіт-насихат шаралары өткізілді. Сонымен қатар, танымдық мақсатта ақпараттық қолдау көрсетілді. **– «Халал маркеттердің» басқа дүкендерден ерекшелігін атап өтсеңіз?** – Басқа маркеттерден ең басты ерекшелігі – тек ҚМДБ-ның халал сертификатына ие болған өнімдерді ғана сатуы. «№1 HALAL MARKET» деп аталатын бұл дүкенде ет өнімдері, шұжық, құс еттері мен жұмыртқалары, жартылай фабрикаттар, кондитерлік өнімдер, май, жарма өнімдері, бал және сүт өнімдері секілді күнделікті тұрмысқа қажетті тауарлар сатылады. Азық-түліктер еліміздің барлық аймақтарынан жеткізіледі. Алдағы уақытта ұсынылатын тауар түрлері көбейе береді деп ойлаймыз. **– Мысалы, тағы қандай түрлері қосылады?** – Алла қаласа, күнделікті тұтынатын отандық ауылшаруашылық өнімдері, көкөністер мен жеміс-жидектер де сауда желісіне енгізілетін болады. Бұл жердегі басты мақсат – сатып алушыларға бар мүмкіндікті жасап, клиент санын көбейту. Себебі, өзіңіз білетіндей, қазіргі әлемдік пандемияға байланысты бизнестің барлық саласы белгілі бір дәрежеде шығынға ұшырап, кейбіреуі жұмысын тоқтатып жатқандығын көреміз. Осы қиындыққа қарамай, тұңғыш «ҚМДБ халал маркеттің» жұмысын жандандырып, толассыз тұтынушылар мен үздіксіз жұмыс ағымын қалыптастыру қажет. **– Аталған өнімдерге тапсырысты кімдерге бересіздер?** – Тапсырыстар «ҚМДБ халал» стандарты бойынша жұмыс жасап, өнім өндіруші кәсіпорындарға беріледі. Біз тапсырыс беруші және тапсырыс алушы арасында байланыстырушы өкіл ретінде қызмет атқарамыз. Сертификатталған компаниялар туралы барлық ақпарат «Халал Дамудың» базасында жинақталады. Сол бойынша өндіруші кәсіпорындарға тікелей хабарласып, үшжақты келісімшарт негізінде байланыс орнатып бере аламыз. Ары қарай екі кәсіпкер өзара бірлестікте жұмыс жасайтын болады. **– «Халал маркетке» кез келген тұтынушы кіре ала ма, әлде белгілі шектеу қойылған ба?** – «Халал маркетке» кез келген тұтынушы кіре алады. Бұл ашық, қоғамдық сауда орны. Бұл жерде ешқандай шектеу жоқ. Әлемдік ахуалдың талабына орай санитарлық талаптар мен сақтық шаралары толықтай орындалады. Асының адалдығына алаңдаған кез келген қала тұрғыны мен қонақтары «№1 Халал маркеттен» өзіне қажеттінің бәрін табады. **– Тауарлардың бағасы халықтың қалтасын қақпай ма?** «Халал маркетке» қойылатын тауар бағасы нарықтағы бағамен бірдей. Біз халыққа қолжетімді, қалтаны қақпайтындай орта бағаны ұстануды тапсырдық. Ол кәсіпкерге пайда әкелетіндей, тұтынушыға қиындық туғызбайтындай болуы керек. Жергілікті жауапты инспектор-контролер маманымыз тұрақты түрде бақылау, қадағалау шараларын жүргізіп тұратын болады. **– Бүгінде елімізде қанша мекеме халал сертификатын алды?** – Бүгінде 400-ге жуық кәсіпорын ҚМДБ халал сертификатымен өнім өндіреді. Олар шұжық цехы, кондитерлік өнімдер, сүт өнімдері, профилактика, құс фабрикалары, қасапхана, ет дүкені, тағамдық қоспалар, жарма өнімдері, полуфабрикаттар, фаст-фуд, сусын, тамақтану орындары, ашытқы өнімдері, кофе және шәй өндірісі, тері өндірісі, БАД өнімдері секілді категорияларды қамтиды. Алдағы уақытта дәрі-дәрмек және косметика саласы бойынша халал стандарт талаптарын бекітіп, сертификаттауды қолға алуды жоспарлап отырмыз. **– Сөз соңында халық сүйіп жейтін КФС өнімдері туралы айта кетсеңіз. Бір кездері Діни басқарма оларға Халал сертификатын беріп, кейін қайтарып алды. Бұл КФС халал емес дегенді білдіре ме?** – 2018 жылдың 12 желтоқсанында The Caspian International Restaurants Company компаниясына тиесілі KFC ресторандар желісіне берілген «ҚМДБ халал» сертификатын қайтарып алған болатынбыз. Басты себеп – «ҚМДБ халал стандарты» талаптарының сақталмауы. KFC ресторандар желісінен «ҚМДБ халал» сертификатын қайтарып алуымыз – бұл фаст-фуд өнімдерінің халал емес екендігін білдірмейді, тек «ҚМДБ халал» стандартына сай емес және біздің бақылауымыздан шығарылғандығын көрсетеді. – Рақмет! *Сұхбаттасқан Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ* [https://kazislam.kz/ajbek-asqarbekuly-halal-markette-adal-onimder-ghana-satylady/](http://)

Бөлісу: