Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

23 қараша 2021

257

Мақалалар

Айбек Аташев: «Халал» – ниетке байланысты мәселе емес, діни мәселе

Соңғы жылдары дүкен сөрелері «халал» өнімге толы. Әри­не, адал астың көбейгені қуантады. Сертификаттал­ған «халал» өнімдер қалай тексеріледі? Ауызсудың ада­лын қайтіп ажыратуға болады? Сауалдарымызға ҚМДБ «Халал Даму» сертификаттау және стандарттау орталы­ғының директоры Айбек Аташев жауап берді.

– Айбек Асқарбекұлы, соңғы жылдары «халал» қызметін ұсыну­шылар да, «халал» өнімдер де кө­бей­ді. «Халал» сөзі өнім жарнама­лай­тын белгі секілді болып кеткен жоқ па?

– Алла Тағаланың құлына де­ген мейірімінің көрінісі – ризық-не­сібесін молынан беруінде. Алай­да адамдар ризық-несібесіне аса мән бермейді. Алла бізге адал жол­­мен мал табуды, харамнан алыс болуды әмір етті. Нәпақаны түрлі жолдар­мен табуға болатын­дықтан, ислам діні мұсылмандарға тапқан табыс­тың тек қана адал болуын талап етеді. Алла Тағала Құ­ранда: «Уа, адамдар! Жер бетін­дегі нәр­­селердің халал әрі таза­сынан жең­дер!» деп бұйырды. Сондықтан Алла­ның бе­кіткен «халал» таң­ба­сын сауда құ­ра­лына айналдырып, жарнама ре­тін­­де қолдану дұрыс емес. Мәселе таң­ба­да ғана емес, ең бастысы өнім­нің расымен шариғат шартта­рына сай, халал болуы. Ха­лал өнім­нің көбейгенінен күдік ізде­мей, керісінше әрбір мұсылман тұты­ну­шы адал ас артса, қуану керек.

– Әйтсе де, жұрттың барлығы жаппай шұжық өнімдерін шығарып, «халал сертификатын» алып жат­қаны көңілге күдік ұялатпай қой­майды. Шұжықтарға сертификат қалай беріледі?

– Бүгінде табиғи таза өнімге де­ген сұраныс күн өткен сайын артып келе жатыр. Танымал адам­дардың шұжық, фаст-фуд, БАД секілді өнім түрлерін шығарып, өз­дерінің шағын кәсіптерін жап­пай қолға алғаны рас. Бұл да күн­кө­рістің қамы. Ал өндірген өнім­дері расымен де шариғат шарттары мен халал стандарты талаптарына толықтай сай келсе, неге «халал сертификатын» бермеске?! Қазір адамдар әлеуметтік желілерде отырып, блогерлер мен өнер адам­дарының өмірін, тыныс-тіршілігін бақылауды әдетке айналдырған. Ал олар ұсынатын өнімді адамдар ойланбастан сатып алады. Ендеше халық қандай өнім тұтынып жат­қанын білуі керек, не алса да ада­лын алғаны абзал.

– «Ауырған мал етін де шұжық жасайтын жерлерге өткізеді» деген әңгімелер желдей еседі. Өнімнің халал екенін қалай тексересіздер?

– Алла Тағаланың адам бала­сына арам еткен шектеулі нәрсе­лері Құран Кәрімде толықтай баян­далған. Мейірімі шексіз Жа­ра­тушы иеміздің адал еткен нәр­селері де шексіз. Сол тыйым салған нәрселердің бірі – арам өлген мал­дың еті. Қасиетті Құран Кә­рімде: «Сендерге өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан бас­қаның атымен бауыздалған мал арам қылынды. Бірде буынып, ұры­лып, құлап, сүзіліп өлген мал­дар және жыртқыш жеген мал арам. Бірақ (жаны шықпай) ба­уыз­дағандарың басқа және тігілген тасқа (пұтқа) арнап бауыздалған мал әрі оқтар арқылы талай сы­науларың (бал ашуларың) да арам етілді» делінген. Сондықтан арам өлген мал етін шұжық цехтарына өткізу Алла алдында күнәлі әрі адамзат үшін зиянды іс. Мұндай лас тірліктен аулақ болған жөн. Біздің бақылауымыздағы шұжық цехтарына алынатын ет бізден сертификаттаудан өткен қасап­ха­налардан ғана тасымалданады. Кей жағдайда шұжық цехтарының жеке қасапханасы және қасап­шылары болады. Малдың со­йы­луын, тасымалдануын бақылап, әр­бір партиясын тексеріп отыра­мыз. «Халал» сертификатын алуға ниет білдірген ет сатушылардың қасапшыларына оқыту семинарын өткіземіз. Сосын міндеттелген шарт­тарды толық білетінін тек­се­реміз. Малды ұрмау, соқпау, жәбір­лемеу, бір малды екінші мал көр­меу, шариғи тазалық жағынан қо­йылатын талаптарды түсіндіреміз.
Сертификатымыз бір жылға жа­рамды. Мамандарымыз кәсіп­орын қызметі мен өнімдерін дұрыс деп таныса ғана сертификат бері­леді. Компания жыл бойы бақы­ла­нады. Кейбір өндірісті ай сайын, кейбірін екі айда бір тексереміз. Бақылаушылар қоймалар мен өндіріс орындарын, сауда орта­лық­тарын арнайы тексереді. Кү­мән­ді жағдай болса, уақытылы ша­ралар қолданамыз. Келісім­шарт­қа сәйкес кез келген уақытта маркеттерден олардың өнімдерін сатып алып, зертханаға жіберуге құқылымыз. Сонымен қатар біздің сертификатпен өнім өндіруші кә­сіпорындарға кез келген уақытта жоспарлы және жоспарсыз, ес­керту арқылы немесе ескертусіз тек­сереміз. Биыл елдегі «халал» бел­гісін алған кәсіпорындарды өзім және технолог мамандардың қатысуымен түгелдей тексеріп шық­тық. Стандартқа сай болмаса ескерту береміз, оған көнбесе сер­тификатты қайтып аламыз. Сосын ол мекемелердің «халал» белгісімен жұмыс істемейтін, сертифика­ты­мызды қайтарып алғанымызды әлеуметтік желі, ресми сайтымыз арқылы көпшілікке хабарлаймыз. Заман ағымына қарай халықтың «халал» туралы дұрыс ақпарат алуы, жеп отырған асының адал екенін білуі үшін де әлеуметтік же­лілерде парақшаларымызды аштық. Қазір Instagram әлеуметтік парақшамызға жазылушылар саны күннен-күнге көбейіп келеді. Мұ­ның өзі халал өнімдерге қатысты оқырмандарды қызықтыратын сауалдар көп екенін көрсетеді.

– Сертификат алу ақылы ма?

– «Халал» сертификаты сатыл­майды. Тек мамандардың кәсіп­орын­да жүргізілген аудит шара­ларының жол-шығыны кәсіпорын тарапынан өтеледі, өйткені лабо­роториялық сынамалар ақылы не­гізде жүргізіледі.

– «Халал» сертификатын алу­дың талаптары қиындады ма?

– «Халал» сертификаты – күллі мұсылманның сенімін арқалайтын құжат. «Халал Дамудың» технолог мамандары мен шариғат ғұла­ма­ларының еңбектенуімен, халық­аралық талап-тәжірибеге негіз­делген 6 стандарт бекітілді. Кә­сіпкер бізге заңды құжаттары мен өнім үлгілерін көрсетіп, өтініш жа­сайды. Сосын тараптар ара­сында «Халал» өнім өндіру және қызмет көрсету бойынша келісім­шарт жасалады. Ары қарай серти­фикаттау тәсілін анықтап, комис­сия кәсіпорынның жұмыс бары­сымен, өндіріс тәсілдерімен таны­сып, шариғат талаптарына сай бо­лу деңгейін анықтайды. Өнім үл­гілерінің құрамын тексеру үшін Қазақстан-Жапон инновациялық генетикалық модификацияланған зертханамен келісімге отырып, бір­лескен жұмыс жүргізіледі. Бұл – зертхана ең мықты деген заманауи технологияның бірі. Осы арқылы өнімнің құрамында өте аз мөл­шер­де кездескен доңыздың ДНҚ-сын анықтауға болады. Бұдан бөлек, фиқһ мәселесі бойынша кеңес беріледі. Содан кейін ғана сарапшы комиссия қорытынды шығарады. Мекеме өнімдері мен қызметін бағалайтын актілер бойынша ша­риғи қорытынды дайындалып, кәсіпорын қызметкерлеріне ҚМДБ «Халал Даму» ұйымы тура­лы, халал ережелері, стандарт жа­йында ақпараттар береміз. Ары қа­рай да оқу семинарлар, трен­инг­тер өткізіліп, сол мекемеге тұрақты бақылаушы ретінде жауапты тұлға бекітіледі.

– Діни басқармадан бөлек «халал» сертификатын беретін «Адал» белгісі бар екенін білеміз. Оның қандай айырмашылығы бар? Кәсіпкерлер сертификатты кімнен алғаны жөн?

– Елімізде халал сертифи­кат­таумен жүйелі түрде айналысып жатқан ҚМДБ ғана. Өйткені халал немесе харам сөздері шариғи тер­мин болғандықтан бұл мәселемен ҚМДБ айналысқаны орынды. Бұл біздің негізгі жұмысымыз. Біздің сертификаттау жұмыстарына облыс, өңірлерде арнайы тағайын­далған өкілдер, ҚМДБ-ның пәтуә бөлімі, білікті технолог, қада­ға­лаушы мамандар атсалысады. Өнімдердің құрамында шариғатқа қайшы келетін заттардың бар-жо­ғын анықтау үшін заманауи тех­но­логиямен жабдықталған арнайы ғылыми зертханалар қол­данылады. Қазір елімізде ҚМДБ-дан бөлек ерікті түрде кәсіпорындарды стан­дарттау және сертификаттаумен айналысатын 3-4 жекеменшік ме­кеме бар. Өйткені бұл қызметке мемлекет тарапынан заң жүзінде ешқандай тыйым салынбаған. Айта кететін дүние, мүфтият үшін халал сертификат беру – табыс көзі емес, шариғаттың талабын орын­дау. Құдай алдындағы жауап­кер­шілікті түсінуге тиіспіз. Сол үшін біздің сертификатты алу біраз өндірушілер үшін қиындық туды­рады. Талап көп, жеңілдік жоқ. Бас­қалардың «халал» сертифика­тына күмәнмен қарап, айыптай алмаймыз. Олар адал өнімді қалай тексеретінін не талап етіп жат­қанын білмейміз. Оны тұтыну­шы­ның өзі таңдау керек. Біз серти­фикат берген өндірушілердің өнімдеріне ғана жауап бере аламыз.

– Сіздердің сертификат­тары­ңызды алған өнімдер шет елге жарамды ма?

– «Халал Даму» 7 жылдан бері отандық және шетелдік 700-ге жуық мекемеге сертификат берген. Оның ішінде 200-ге жуығы тамақ­тану орындары. Мысалы, Ресей, Моңғолия, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Өзбекстан секілді елдердің кейбір кәсіпорындары «Халал Даму» белгісімен жұмыс істейді. Өйткені біздің сертификат 2018 жылы Малайзиялық JAKIM ұйымынан аккредиттеуден өткен. Нәтижесінде отандық халал өнім­дер әлемнің 50-ге жуық алпауыт еліне «ҚМДБ халал» таңбасымен еш кедергісіз экспортқа шыға ала­ды. Басқа елдегі әріптестермен де тәжірибе алмасып тұрамыз. Мы­са­лы, жақында мамандарымыз Түр­киялық SMIIC ұйымынан оқу-тәжірибеден өтті. Ресей мұсыл­ман­дары діни басқармасы жанын­дағы халал стандарттау және сер­тификаттау органы халал серти­фи­каттау тақырыбында семинар жүргізді. Және де отандық Ұлттық аккредитеу орталығымен тәжірибе алмасып, жүйелі түрде оқу шара­лары өткізіліп тұрады. Биыл Өз­бек­стан, Қырғыз Республикасы ел­дерінде болып, «халал» мәселе­сін халыққа насихаттау, екі елдің халал стандарттау және сертифи­каттау жүйесінде өзара тәжірибе алмастық.

– Жұмыртқа мен тауық еті, су­дың халалын қалай ажыратасыздар?

– Қазір халал өнімдердің сұ­ранысқа ие екенін аңғарған көп­теген кәсіпорындар мен кәсіпкер­лер «халал» сөзін тауар өткізудің тиімді жолына айналдырды. Су­дың да сыртына «адал су» деп жа­затындар бар. Мүфтият мамандары «Ибн әл-Мунзир «Ғұламалардың иж­мағы бойынша еті адал ха­йуан­дар ішкеннен қалған су – таза. Оны ішуге және тазалануға қолда­нуға болады» деп жеткізгенін ай­тады. Көлемі аз не көп болсын, су табиғи болмысы тұрғысынан таза саналады. Сондықтан суға нәжіс түс­кенін не тигенін көз көрмейін­ше, оның сипаттарының бірі өз­гергені нақты сезілмейінше, құр бекер судың тазалығына қатысты сезіктенуге болмайды. Өйткені, Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с): «Ра­сында, су – таза. Оны ешнәрсе арамдай алмайды» деп айтқан. Таза суға түскен нәжіс оның үш сипа­тының бірін өзгертсе, ластанған саналады. Ластанған суды тірші­лікке пайдалануға, дәретсіздіктен тазару үшін, кір жуу үшін қолдануға болмайды. Бұл – барша ғұлама­лар­дың ижмағымен бекіген үкім. Өйт­кені бұл – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с): «Расында, судың иісі, дәмі не түсі өзгермесе, суды ешнәрсе арамдай алмайды» деген хадисіне негізделген шешім. Ал жұмыртқа мен тауық еті халал не харам болуы орынды. Расында «халал» жұмырт­қа дегенді естіген кісі таңғалады. Бірақ оның да халал, харамы бола­ды. Мәселе оны тауық туғанында емес, мәсе­ле сол тауықтың не же­генінде, күнделікті қорегінің ра­цио­нына байланысты. Қазір көп­теген құс фабрикалары күніне 10 мың, 20 мың бас, тіпті 100 мыңдап тауық сойып, етін өткізеді. Ал оның басы, аяғы мен сүйек-саяғы, ішкі органдарын кейбір құс фаб­ри­каларында жемдік азық ретінде береді. Біз жануарлар мен құстарға мұндай жем түрін беруге тыйым саламыз. Ал осындай жеммен қо­ректенген тауық және оның жұ­мыртқасы халал емес.

– «Халал» ниетке байланысты да бола береді дегенді естиміз. Шы­нында солай ма?

– Алла Тағала Құранда астың адалын және тазасын жеуге бұ­йыр­ды. Демек, алдыңа келген, кө­­зіңе көрінген астың бәрін талғамай жұ­та беруге болмайды. Астың ада­лына, тазасына мән беру керек. Адал ас жанға дауа, тәнге шипа. Алла Тағала өлексенің етін, «Біс­сімілләсіз» бауыздалған малдың, доңыздың етін жеуге және қан ішуге тыйым салған. Сондықтан халал ниетке байланысты мәселе емес, діни мәселе. Соңғы 20-30 жылда әлем елдері халал мәселесіне көп көңіл аудара бастады. Өйткені күнделікті пайдаланып жүрген та­ғамдарымызға түрлі қоспалар қо­сылады. Сол үшін астың адалына мән беру құлшылығымыз бен тір­шілігіміз үшін маңызды. «Ха­лал» ұғымы ішіп-жеумен шек­тел­мейді, ол әрбір мұсылманның күн­делікті өмір сүру салтына айналуы тиіс дүние.

Сұхбаттасқан
Жадыра МҮСІЛІМ

https://aikyn.kz/172180/aybek-atashev-halal-nietke-baylanysty-mesele-emes-dini-mesele/

Бөлісу: