Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

22 ақпан 2023

610

Мақалалар

Астың адалдығы ғибадатымыздың қабыл болуына себепші

Жердің асты мен үстінде сансыз нығметтерді жаратып, адам баласының игілігіне тарту еткен Алла тағалаға шексіз мақтаулар мен мадақтаулар болсын. Бізге шариғатты кәміл үйретіп, іс жүзінде көрсетіп кеткен Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын.

Жер бетінде барлық нәрселерді Алла тағала адам үшін жаратқан. Сол үшінде адам жердің халифасы атағына ие. Өз санасымен басқа жаратылыстардан ерекше жаратылған адам баласына Алла тағала былайша жар салады: «Алла жер бетіндегі барлық нәрсені сендер үшін жаратты» («Бақара» сүресі, 2/29.) Демек жер мен көктегі барлық нығметтер адамдар үшін жаратылған екен. Алайда Алла тағала ол нығметтерді адам баласын сынау үшін адал және харам деп бөлген. Басқалай айтқанда, кез-келген нәрсені ішіп-жеу немесе қолдану барысында рұқсат беріліп немесе тиым салынған. Сол үшінде барлық нығметтер адам үшін жаратылғанымен, оның тиым салынған тұстары да бар. Бұл тиым салуларды тек Алла тағала ғана бекітеді. Кез-келген адам анау харам, мынау адал деп айта алмайды. Харам нәрсеге Алла тағала харам дегесін, адам жақындамауы тиіс. Кейін зерттеу нәтижесінде Алла тағаланың харам дегені адамға зиян деп үкім шығару, негізгі харамдықтың себебі емес. Алланың әмірі болғандықтан жақындамауы тиіс. Кез-келген харам нәрсе түбінде адамға материалдық әрі рухани тұрғыдан зиянын тигізеді. Мысалы бір жұтым арам ас, пенденің дұғасын қабыл болуына кедергі. Бір ғана харам судың тамшысы, қырық күн иманның жоғарыға көтеріліп тұрып, имансыз өмірден өтуіне себепші. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Харамнан сақтаныңдар. Асқазанына харам ас түскен адамның дұғасы қырық күнге дейін қабыл болмайды» десе, тағы басқа хадисте: «Алла Тағала асқан пәк, Ол халал, таза болғандардан басқа ешбірін қабыл етпейді» деп ескерткен. Бір күні Сағыд ибн Әбу Уаққас: «Уа, Алла Елшісі! Менің әрбір дұғамның қабыл болуы үшін маған дұға етіңіз» деп өтінгенде, Адамзаттың асыл тәжі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Дұғаларыңның қабыл болғанын қаласаңдар, адал аспен қоректеніңдер. Кейбіреулер харам жейді, харам киеді. Сонан соң, көкке қолын жайып дұға етеді. Мұндай кісінің дұғасы қалай қабыл болсын?» деген екен. Хазірет Омар аталған хадиске амал етіп, харам сусын мен астан қашу былай тұрсын, күмәнді астардан да сақтанған екен. Бірде Омар байқамай зекет ретінде берілген мемлекет қазынасындағы түйенің сүтінен ішіп қояды. Осыны білуі мұң екен, дереу саусағын тамағына сұғып жіберіп, өзін қинап тұрып ішкен сүтін қайта құсқан деген риуаят бар.

Ал Алланың адал нірсесінен ішіп-жеу, киініп, өмір сүру ол нағыз мұсылманның келбеті. Алла тағала Құран Кәрімде: «Алланың сендерге берген халал, таза несібесінен жеңдер» («Маида» сүресі, 5/88) және «Ей, адамдар! Жер бетіндегі халал әрі таза нәрселерден жеңдер» (Бақара» сүресі, 2/168) деп келетін аяттарда Алланың нығметтерінің адалынан пайдалану жайы баяндалады. Ардақты Елші (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын); «Адал да белгілі, арам да белгілі. Алайда, осы екеуінің арасында кейбір күмәнді нәрселер бар. Адамдардың көпшілігі осының ара жігін айыра алмайды. Осы күмәнді нәрселерден бойын аулақ ұстаған жан дінін, ар-намысын сақтап қалады», – деп адал астың рухани тұрғыдан тазаруға пайдалы екенін айтқан.

Қазіргі таңда технология дамуы қарқынды жүріп жатқаны бәрімізге мәлім. Заманауи дүниелік заттардың дамуы адам өмірі үшін өте маңызды, бұл олардың өміріндегі әрбір әрекетті тезірек, жеңіл және тиімді етуге мүмкіндік берді. Дегенмен, ол кейбір кемшіліктер де әкелді. Осы мақаламызға ұштастырар болсақ, жеп жүрген тағамдарымыздың дәмін арттыратын, өсіп шығуды тездететін, түрлі түстерді беретін, былайша айтқанда, аз қаражат жұмсап, көбірек пайда табу үшін түрлі қоспалар жасалатын болды. Сол аталмыш қоспалардың ішінде Алла тағала «харам» деп бекіткен заттары да жоқ емес. «Харам нәрсенің көбі де азы да харам» деген қағидаға сүйінсек, ол қаспаларда тиым салынған нәрсе аз ғана қосылса да қолдануға тиым салынады. Сондықтан азық-түлік сатып аларда қаптамасын мұқият оқу қажет. Мәселен, кармин (Е120) қоспасы қосылған дүниені мүлдем сатып алмаған абзал. Кармин қоспасы «Халал Даму» мамандары тарапынан «харам» деп бекітілді. Сонымен қатар желатин (Е441), моно-диглицеридтер (Е471), глицерин (Е422), L-цистеин (Е921) секілді көптеген күмәнді қоспалар бар. Мысалы, ауызашар кезінде ыстық бауырсақ, жұмсақ бәліш пісіру үшін ұнды жиі пайдаланамыз. Жоғары сапалы, ақ ұн екен деп сыртқы көрінісіне ғана мән беріп, ішкі құрамын назардан тыс қалдырамыз. Ұнның құрамында L-цистеин (E 920) деген қоспа болады. Ол адамның шашы, тырнағы, доңыздың, өзге де жануарлардың қылынан алынады. Цистеин қосылған ұн жақсы көтеріліп, ұнның сапасы жақсарғандай болады. Алайда бұл қоспа адам денсаулығына өте зиян. Сол себепті мұндай қоспалары бар азық-түліктерден аулақ болған жөн. Одан да бөлек көптеген қоспалар бар.

Қазіргі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан «Халал Даму» ЖШС ашылды. Бұл «Халал Даму» ЖШС - шариғат нормалары мен халал стандарт тәртібі бойынша стандарттау және сертификаттаумен айналысатын ЖШС. Яғни Қазақстандағы мұсылман қауымы мен халал өндірісінде тағамдардың қадағалануын жеңілдету, халал кепілдігінің тәжірибеден өткен, сенімді жүйесін құру. Сонымен қоса, мемлекетіміздегі жер-жерде орналасқан кәсіп орындарға сертификат беру арқылы оның расымен де таза жолмен өнім шығаратынын растайтын халал куәлігін беретін орган. Халал куәлігін алатын мекемелер жоғары деңгейдегі стандарттау және арнайы лабораториядан сапа мен тазалық бақылауынан өтеді.

Астың адалдығы шариғатымызда барша ғибадатымыздың қабыл болуына себепші. Сол үшін асымыздың адалдығына өте мұқият мән беруіміз керек. Азық-түлік аларда бағасының арзанына емес, сапасы мен халал екеніне баса мән берген абзал. Себебі тағам өндірісінде алмастырушы шикізаттарды көптеп қолдану белең алған. Мысалы, сары майды – маргарин, тәтті өнімдерді – қант алмастырғыш, жеміс шырынын (сок) ароматизатормен ауыстырып жатады. Сондықтан мейлінше экологиялық таза өнімге таңдау беріңіз.

ҚМДБ «Халал Дамудың» БҚО бойынша жауапты өкілі:

Асылбеков Асхат Асылбекұлы



Бөлісу: