Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

24 желтоқсан 2024

31

Мақалалар

АЗЫҚ-ТҮЛІКТЕГІ ФАЛЬСИФИКАЦИЯ

Бүгінгі таңда азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі қоғам үшін аса маңызды мәселеге айналды. Әсіресе, нарықта азық-түлік фальсификациясы жиі кездесіп, тұтынушыларды алдау мен денсаулыққа зиян келтіру қаупін туғызуда.

Азық-түліктегі фальсификация – бұл өнімнің сапасын әдейі өзгерту, жалған ақпарат беру немесе оның құрамы мен шығу тегі туралы тұтынушыны адастыру әрекеті. Бұл процесс көбінесе өндірушінің өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, пайда табу мақсатында жасалады. Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) мәліметі бойынша, фальсификация – бұл қаржылық пайда табу мақсатында өнімнің сапасы мен құрамы туралы сатып алушыларды алдайтын кез келген әдейі жасалған әрекет. Әлем бойынша жалған өнімдерді сату – жылына шамамен 40 миллиард АҚШ долларына дейін залал келтіретін заңсыз әрекет.

Азық-түлік фальсификациясының түрлері:
1. Құрамдық фальсификация:
Өнімнің құрамына арзан және сапасыз ингредиенттер қосу арқылы табиғи құрамын өзгерту (мысалы, майлы сүттің орнына құрғақ сүт қосу);


2. Технологиялық фальсификация:
Өнімді дайындау технологиясын бұзып, оның сапасы мен дәміне әсер ету (мысалы, сақтау мерзімі өткен шикізатты пайдалану);


3. Тауарлық фальсификация:
Өнімнің қаптамасында жалған ақпарат беру (мысалы, органикалық немесе халал өнім деп көрсету);


4. Шығу тегін фальсификациялау:
Өнімнің шыққан елін немесе брендін жалған көрсету (мысалы, шетелдік өнім ретінде таныстырылған жергілікті тауарлар)

Фальсификацияның зияны:
1. Тұтынушының денсаулығына қауіп – фальсификацияланған өнімдер зиянды қоспалар немесе сапасыз шикізаттар арқылы денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін. Мұндай өнімдер тағамдық улану, аллергия немесе басқа да созылмалы ауруларға себеп болуы ықтимал;

2. Экономикалық шығын – тұтынушылар сапасыз өнім үшін өз ақшаларын босқа жұмсайды. Сонымен қатар, адал өндірушілер фальсификацияланған арзан тауарлармен бәсекелесе алмай, қаржылық қиындықтарға тап болады;

3. Қоғамдық сенімнің жоғалуы – нарықтағы жалған өнімдер өндірушілер мен сатушыларға деген сенімсіздік туғызады. Бұл, әсіресе, халал стандарттарына сай өнімдерге қатысты маңызды.

Фальсификацияны қалай анықтауға болады:

1. Өнімнің таңбалануын тексеру – қаптамадағы ақпаратты мұқият оқыңыз. Өнімнің құрамы, жарамдылық мерзімі және сертификаттарының болуын тексеріңіз;
2. Сенімді өндірушілерді таңдау – тұтынушылар белгілі және сенімді брендтердің өнімдерін таңдағаны дұрыс. Халал сертификатталған өнімдерге назар аударыңыз;
3. Зертханалық тексеру – егер өнімнің сапасына күмәніңіз болса, арнайы зертханаларда сараптама жүргізуге болады.

Азық-түліктегі фальсификация – қоғам мен экономикаға үлкен қауіп төндіретін мәселе. Оны шешу үшін өндірушілер, тұтынушылар және мемлекеттік органдар бірігіп, сапалы және қауіпсіз өнімдер нарығын қалыптастыруы қажет. Әсіресе, халал өнімдер саласында адалдық пен сапа стандарттарын сақтау баршаға ортақ міндет болып табылады. Тұтынушылардың сапалы өнімді сатып алуға деген сенімін арттыру үшін, жоғары технологиялық құралдар мен арнайы сараптама әдістерін қолдану маңызды.

 

 

Бөлісу: