Доңыз майы қосылған сабынмен жуынуға бола ма?!
Шариғатта «Инқиләбуль Айн» (Жаратылыстың өзгеруі) деген қағида бар. Бұл дегеніміз – шариғатта нәжіс боп танылған заттар өз табиғаты мен жаратылысын мүлдем жоғалтып, басқа бір затқа өзгерер болса (реакцияға түсер болса), оның бұрынғы үкімі де өзімен қоса жоғалады.
Мысалы, жүзімнен жасалған шарап егер сірке суына айналар болса, ол шарап емес сірке суы болып есептеледі.
Осы қағидаға сүйене отырып, Ханафи ғалымдары: «Нәжіс маймен жасалған сабынға таза деген үкім береді. Себебі, нәжіс өзгеріске ұшырап отыр. Ал, өзгеріске ұшыраған нәжіс Имам Мұхаммад бойынша таза. Бұл қағида тек сабынмен шектелмей, өзге де өзгеріске ұшыраған және табиғаты жойылған заттарға да қатысты» [1] – деген.
«Осы орайда айта кететін маңызды нәрсе: өзгеріске тек сипат жағынан емес, бүкіл табиғаты мен болмысы да қоса өзгерген болуы шарт. Тек сипатының ғана өзгеруі – нәжіс үкімін жоймайды. Мәселен, сүттен ірімшік жасау, бидайды диірменнен өткізіп ұн ету т.б сипаты өзгергенмен, болмысы өзгермейді». [1]
Яғни, егер сабын жасау процессінде қосылатын доңыздың немесе шариғатқа сай сойылмаған малдың майы өзінің химиялық структурасын түбегейлі өзгерткеніне толық дәлел болса, қолдануға болады. Ал егер, сабынның құрамындағы харам әрі күмәнді майлар өзінің бастапты химиялық структурасын жоймаған болса, қолданбаған абзал.
Кеңес. Сабын аларда:
• Сертификатталған сабын түрлерін қолданыңыз. Мысалы, «QMDB Halal» сертификатына ие «Taza», «Sulu» сабындары;
• Егер халал таңбасы бар сабынды таппасаңыз, кез-келген сабынды өндірушіге тікелей хабарласып, сабын дайындау барысында қолданылатын шикізаттарының халалдығын растайтын құжатты сұрата аласыз;
• Мұсылман елдерінде шығарылатын сабын түрлерін қолдануға болады. Ол кезде де сенімділік үшін «халал сертификаты» бар-жоқтығын білгеніңіз абзал.
Анығын Алла білуші!
[1] Ибн Ғабиддин, Раддуль Мухтар: «Бәбуль Әнжас», 1 том, 519 бет
Негізгі ақпарат islam.kz сайтынан алынды