ЕТІ ЖЕЛІНЕТІН ЖАНУАРДЫҢ ХАРАМ БОЛҒАН АҒЗАЛАРЫ
Қандай да бір жануардың етінің мубах болуы оның барлық ағзаларының адал екендігіне дәлел бола алмайды. Ең алдымен малды бауыздаған кездегі сорғалап аққан қанның харам болатынын айтқанбыз. Себебі аққан қанның харам екендігі Құранда «Қан, өлексе және шошқа еті сендерге харам етілді» (Маида сүресі, 3 аят) – деп анық айтылған.
Еті адал жануарлардың басқа ағзалары зиянына, нәжіс немесе хабис болып-болмағанына қарай үкім алады. Жануарлардың зәрі мен қиы нәжіс болғандықтан оны жеуге немесе ішуге болмайды, харам. Сол секілді оның қарны мен ішектері ішіндегі нәжістерден тазармайынша адал болмайды. Бірақ ішіндегі нәжістерді тазартса адал болады. Дегенмен жануарлардың кейбір ағзалары хабис болғандықтан оны жеу мәкруһ. Мәселен, қуық жолдары, еркектік без, жатыр, ұйқы безі, қуық қалбыршағы және өт қабы. Себебі Мужаһидтің риуаят еткен хадисінде былай делінеді: «Расулы қойдың мына жеті ағзасын жеуді құп көрмейтін: Қан, өт қабы, қуық жолдары, еркектік безі, жатыр, ұйқы безі, қуық қалбыршағы».