Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

28 қазан 2024

89

Мақалалар

ЙОГУРТТАРДА КЕЗДЕСЕТІН КҮМӘНДІ ҚОСПАЛАР

Йогурт – ашыту (ферментация) процесі арқылы сүттен жасалатын өнім. Йогурттың құрамында болатын күмәнді және харам қоспаларға мыналар жатады:

1. Желатин⠀

Желатин –  йогурттарда қоюландырғыш, тұрақтандырғыш зат ретінде кеңінен қолданылады. Егер доңыздан немесе шариғатқа сай сойылмаған малдан алынса - харам. Алыну жолы белгісіз болса - күмәнді.


2. Лецитин (E322) – эмульгатор, тұрақтандырғыш және антиоксидант ретінде қолданылатын табиғи зат.

Егер йогрут құрамында өсімдік лецитині болса, ол халал болып есептеледі.

Ал, лецитин жануарлардан алынса және бұл жануарлар шариғат бойынша сойылмаса немесе харам жануарлардан алынған болса (мысалы, доңыз), онда бұл лецитин харам болады. Ал қандай лецитин екені жазылмаса – күмәнді.

3. Ферменттер

Кейбір йогурттарда коагуляциялау (сүтті ұйыту) үшін жануар тектес ферменттер қолданылуы мүмкін. Егер бұл ферменттер доңыздан немесе шариғат бойынша сойылмаған жануарлардан алынған болса, олар харам болып саналады.

Ал, микробиологиялық жолмен және өсімдіктен алынған ферменттерге рұқсат етіледі. Микробиологиялық ферменттер – бактериялар, саңырауқұлақтар немесе ашытқылар сияқты микроорганизмдерден алынады. Олар жасанды түрде зертханаларда өндірілетіндіктен, микробиологиялық ферменттер көбіне халал болып саналады және кеңінен қолданылады. Өсімдіктерден алынған ферменттер, мысалы, папаин (папайядан алынған), бромелайн (ананастан алынған) сияқты түрлері халал деп есептеледі, себебі олар табиғи және өсімдік негізінде алынады.

4. Моно және диглицеридтер (E471)

Бұл қоспалар майлардың эмульгаторы ретінде қолданылады. Егер олар жануар тектес майлардан алынса және бұл майлар халал емес жануарлардан немесе доңыздан алынған болса, олар харам болуы мүмкін.

5. Кармин (E120)

Йогурттарға қызыл, күлгін реңк беру үшін қолданылатын қызыл бояғыш. Dactylopius coccus деп аталатын жәндіктен алынатын бұл бояғыш харам деп есептеледі.

Сондықтан, йогуртты таңдағанда өнімнің құрамын мұқият тексеріп, халал сертификаты бар йогурттарды сатып алған жөн.

Бөлісу: