Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

22 қазан 2024

349

Мақалалар

КОНДИТЕРЛІК ӨНІМДЕРДЕ КЕЗДЕСЕТІН КҮМӘНДІ ЖӘНЕ ХАРАМ ҚОСПАЛАР

Бүгінгі таңда азық-түлік өнеркәсібі әртүрлі ингредиенттерді қолдана отырып, тағамның сапасын жақсартуға, сақтау мерзімін ұзартуға және өндірістік шығындарды азайтуға тырысады. Бұл мақалада кондитерлік өнімдерде жиі кездесетін күмәнді және харам қоспаларға шолу жасаймыз:

1. Глицерин

Глицерин (E422) — кондитерлік өнімдерде ылғал сақтаушы агент ретінде қолданылады. Ол өсімдік немесе жануар тектес шикізаттан алынуы мүмкін. Глицериннің алыну көзі анық көрсетілмеген жағдайда, ол күмәнді деп есептеледі. Жануар тектес глицерин доңыз майынан және шариғатқа сай бауыздалмаған малдан алынса, ол харам болып саналады. Ал өсімдіктен алынса – рұқсат етіледі.


2. Желатин

Желатин (E441) — желе, мармелад, пастила және басқа да кондитерлік өнімдерде қалыңдатқыш және тұрақтандырғыш ретінде кеңінен қолданылады. Ол жануарлардың сүйектері мен терісінен алынады, көбінесе доңыздан. Доңыздан алынған желатин харам, ал сиыр немесе басқа да рұқсат етілген жануарлардан алынған желатин халал болуы үшін олар шариғат талаптарына сойылуы тиіс. Сондықтан желатин көзін анықтап, тексеру қажет.

3. Лецитин

Лецитин (E322) — эмульгатор ретінде қолданылады және өнімдердің біртектілігін қамтамасыз етеді. Ол көбінесе соядан немесе күнбағыс тұқымынан алынады. Бұндай лецитинге рұқсат етіледі. Алайда, жануарлардан алынған лецитин де кездеседі. Егер лецитиннің қайдан, қандай жануардан (доңыз/ шариғатқа сай сойылған/сойылмаған малдан) алынғаны белгісіз болса, ол күмәнді ингредиенттер қатарына жатады.

4. Кармин (E120)

Кармин — қызыл бояғыш ретінде қолданылады және кондитерлік өнімдерде жиі кездеседі. Ол кошениль жәндіктерінен алынады. Исламда жәндіктердің көпшілігі харам болып есептелетіндіктен, кармин де харам ингредиенттер қатарына жатады. Кармин қолданылған өнімдерден сақтану қажет.

5. Моно және диглицеридтер (E471)

Бұл қоспалар көбінесе эмульгаторлар ретінде қолданылады. Олар жануар немесе өсімдік майларынан алынуы мүмкін. Жануар тектес майлар, әсіресе доңыз майы қолданылса, бұл қоспа харам болып есептеледі. Бұл қоспаның көзін анықтау маңызды, өйткені ол көбінесе алыну көзі белгісіз болып қалады.

6. Спирт

Спирт кейбір кондитерлік өнімдерде дәм күшейткіш немесе консервант ретінде қолданылады. Шоколад, десерттер мен басқа да тәттілердің құрамында спирт болуы мүмкін. Діни басқарманың бекіткен пәтуасына сәйкес:  

1.Тағамдық қоспа ретінде қосылған спирттің құрамы өзгермесе, ондай тағамдарды, тәттілерді жеуге болмайды;
2. Тағам құрамындағы спирт құрамының өзгеріп-өзгермегендігі зертхана мамандарының нұсқаулығы негізінде ғана анықталады.

7. Стеарин қышқылы (E570)

Стеарин қышқылы жануар немесе өсімдік майларынан алынады және көбінесе кондитерлік өнімдерде эмульгатор ретінде қолданылады. Егер ол жануар тектес болса, доңыз майы болуы ықтимал. Мұндай жағдайда бұл қоспа харам деп есептеледі.

8. Хош иістендіргіштер

Хош иістендіргіштер табиғи және синтетикалық болуы мүмкін. Табиғи хош иістендіргіштер жануар тектес шикізаттардан жасалуы мүмкін, ал кейбіреулері алкоголь негізінде ерітіледі. Алкоголь негізінде жасалған хош иістендіргіштер де харам деп саналады, сондықтан бұл қоспаның қайдан алынғанын тексеру маңызды.

9. Доңыз майы

Кейбір кондитерлік өнімдерде, әсіресе бәліштер мен торттарда, майлар қолданылуы мүмкін. Егер олар доңыз майынан жасалса, ол харам болады. Өнімнің құрамындағы майдың қайдан алынғанын тексеру өте маңызды.

Бөлісу: