Өсімдік текті қоспаларға анықтама
Адам өмірінде өсімдіктердің атқаратын рөлі орасан зор. Өсімдіктер табиғатта үлкен рөл атқарғандай, адам өміріне де қажетті ауаны оттегімен байытып отырады. Өсімдіктер жер шарындағы оттегіні жасаушы және зиянды газдардан тазартушы болып табылады. Өсімдіктер әлемі – тірі табиғаттың бір бөлігі. Адамзаттың да, жануарлар әлемінің де өмірі шынында да осы өсімдіктер дүниесіне тығыз байланысты. Әлемде көзге көрінетін өсімдіктер әр алуан. ХVІІІ ғасырда швед ғалымы К. Линней өсімдіктердің көптеген түрлерін зерттеп, 6000 түрі ғана белгілі болды. Микроскоп арқылы көрінетін түрлерін есептегенде қазіргі кезде өсімдіктердің ғылымға белгілі түрі 500 мыңдай. Өсімдіктерді суда өсетін, топырақта өсетін, жер астында өсетін, жер бетінде өсетін деп бірнеше топқа бөлуге болады. Топырақ өсімдіктері — бактериялар, балдырлар, кейбір саңырауқұлақтар. Бұлар топырақ кұнарлылығын көтеруде маңызды роль аткарады. Жер асты өсімдіктері бактериялар түрінде кездеседі және 3000 метр тереңдікте болады. Жер бетіндегі өсімдіктердің 500 мыңдай түрі кездеседі. Олардың көпшілігін адам баласы пайдаланады жеке өсіп, молая беруіне жағдай жасап отырады. Олар біздің экологиямыздың сақталуы үшін ғана емес, экономикамыздың дамуында да маңызы зор. Қазіргі таңда өндіріс өнеркәсіптерінде қолданылатын өсімдік текті қоспаларға Е100-199 аралығына кіретін өсімдік текті бояғыштар, камедтер, пектин, альгинаттар, каррагинан, агар, соя өнімдері, өсімдік текті ферментті препараттар, өсімдік текті гормондық препараттар жатады. Бұлардың бәрі өсімдіктерден алынғандықтан, халал тұрғысынан ешқандай сұрақ туындамауы тиіс деп ойлаймыз. Ол өндірісте халал шикізат бола тұрып, қалайша харам заттармен араласып, халал аясынан шығып қалуы мүмкін.
Біріншіден, өндірісте өсімдік текті қоспа алу үшін, экстракция тәсілдерін қолданады, яғни өсімдіктердің әр түрлі орталарда еритін пигменттерін суда, этанолда (этил спирті), басқа да қосалқы спирттерде, өсімдік немесе жануар майларында еріту арқылы алады. Өсімдік экстракцияларын үш түрлі консистенцияда шығарады:
1. Сұйық өсімдік экстракциясы
2. Қою өсімдік экстракциясы
3. Құрғақ өсімдік экстракциясы
Осы орайда еріксіз сұрақ тудыратын мәселе өсімдіктен алынған өнімге дініміз тиым салған арақтың қосылуы болмақ. Оның химиялық атауы этанол немесе этил спирті С2Н5ОН. Ол түссіз, ауада ұшатын сұйықтық. Сол қасиетіне байланысты, оны сыртқа қолдануға және де өнімдерге қосып кейіннен толығымен ұшырып жіберу мүмкін болғандықтан қолдануға рұқсат береді. Сұйық өсімдік экстракциясында шикізатты этанолда ерітіп, өндіру технологиясында спиртті айдамайды, яғни ерітіндіде 1:1 қатынаста қалдырып, құрамына негізгі шикізат пен этанол мөлшерін жазады. Сондықтан да оның консистенциясы сұйық болады. Бұған көбінесе спиртті негіздегі сироптар, сұйық түрдегі өсімдік текті қоспалар кіреді. Қою және құрғақ өсімдік экстракциясында шикізатты этанолда немесе басқа да спирттерде ерітіп, кейін технология барысында шикізаттан спиртті тазартып, буландыру арқылы булап шығарады. Яғни өсімдік экстракцияларын дайындау процесінен көріп отырғанымыздай, тек сұйық өсімдік экстракциясының құрамында ғана этил спирті қалады. Ал бұл халал стандарты бойынша, пайдалануға рұқсат етілмейді. Қалған екі түрі шариғатымыздағы истихәлә, истихләк ұғымдарына сәйкес, технология барысында этанолды қолданғанмен, оны толығымен өнімнен булау арқылы шығарып тастаған соң, ол өнімді пайдалануға рұқсат етіледі.
Халал стандарты бойынша этил спиртінен басқа еріткіштерде ерітілген жағдайда өсімдік экстракцияларын пайдалануға рұқсат етіледі.