
БҚО: ҚАСАПХАНАЛАР ТЕКСЕРІЛДІ
«Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы Батыс Қазақстан облысындағы қасапханаларда аудит жұмыстарын жүргізді. Бақылау-қадағалау шараларына жергілікті маман Асхат Асылбеков те қатысты. Аудит барысында малдың шариғат талаптарына сай бауыздалуы, еттің дұрыс өңделуі, қасапханаларда санитарлық-гигиеналық талаптардың орындалуы, қасапшылардың халал талаптарын меңгеруі назарға алынды.
Сондай-ақ, аудит кезінде қасапханалардың қажетті құжаттарының толықтығы, малды тасымалдау жағдайлары, ветеринарлық тексерулердің жүргізілу тәртібі де тексерілді. Айбек Асқарбекұлы халал стандарттарының сақталуы – тұтынушылардың сенімі мен денсаулығы үшін аса маңызды екенін атап өтті.
Жергілікті мамандармен және қасапхана иелерімен өткен кездесуде анықталған кемшіліктер бойынша нақты ұсыныстар беріліп, оларды жою бойынша тапсырмалар жүктелді. Айбек Асқарбекұлы алдағы уақытта да өңірлердегі қасапханалар мен ет өңдеу кәсіпорындарына жүйелі түрде аудит жүргізілетінін жеткізді.