
МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
«KazanForum 2025» халықаралық форумы аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Халал Даму» стандарттару және сертификаттау орталығы мен Татарстан мұсылмандарының діни басқармасына қарасты «Халал стандарттау комитеті» өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум бекітілді. Құжатқа «Халал Даму» директоры Айбек Аташев пен «Халал стандарттау комитетінің» төрағасы Аббяс Шляпошников қол қойды.
Меморандум аясында тараптар халал индустриясын дамыту, өзара сертификаттарды тану, ақпарат алмасу, бірлескен ғылыми және тәжірибелік жобаларды іске асыру бағыттарында әріптестік орнатуға уағдаласты.
Сонымен қатар, Қазақстан мен Татарстанда өндірілген халал өнімдерге берілген сертификаттарды өзара тану, стандарттау саласында тәжірибе алмасу, бір-бірінің аккредиттелген мекемелерін ресми тану мәселелері қамтылды. Аталған келісімшарт екі ел арасындағы халал саласындағы байланыстарды нығайтып, халал стандарттарының халықаралық деңгейде дамуына жол ашады деп күтілуде.