
«ҮШҚОҢЫР» МЕДРЕСЕСІНДЕ СЕМИНАР
Алматы облысындағы Үшқоңыр медресесінде шәкірттерге арналған «Халал астың маңызы» тақырыбында семинар ұйымдастырылды. Іс-шараға «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы, медресе директоры Мәди Серікұлы және технолог Әселхан Сыдық қатысып, шәкірттерге халалдың мәні мен талаптары жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
Айбек Асқарбекұлы өз сөзінде халал стандарттарының маңыздылығына тоқталып, халал өндірісінің барлық кезеңінде тазалық пен сенімділіктің сақталуы керектігін атап өтті. Сонымен қатар, студенттерге халал сертификаттау үдерісі, бақылау-қадағалау жұмыстары мен тұтынушы жауапкершілігі туралы түсіндірілді. Сондай-ақ, халал ұғымының тек тағаммен шектелмейтінін, тұрмыс пен тұтыну мәдениетінің барлық саласына қатысты екенін атап өтті.
Технолог Әселхан Сыдық тағам өндіру барысында қолданылатын шикізаттар мен қосалқы заттардың халал болуының маңызын түсіндіріп, тәжірибеден мысалдар келтірді. Ал Мәди Серікұлы шәкірттерді адал еңбек етуге, таза ризықпен өмір сүруге және алған білімдерін өмірде қолдануға үндеді.
Семинар соңында қатысушылар мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, халал өнімдерді тану жолдары мен тұтынушының жауапкершілігі жөнінде жан-жақты мағлұмат алды. Шәкірттер мұндай кездесулердің рухани әрі тәрбиелік мәні зор екенін айтып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.