
АҚТӨБЕДЕГІ КӘСІПОРЫНДАР СЕРТИФИКАТТАЛДЫ
Ақтөбе қаласындағы бірқатар кәсіпорындар «QMDB Halal» стандартына сай сертификатталды.
Ақтөбе қаласында халал индустриясын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Жуырда бірқатар тамақтану орындары мен өндіріс нысандары «QMDB Halal» стандарты талаптарына сай келетінін дәлелдеп, ресми түрде сертификатталды.
Атап айтқанда, «Сарқыт», «Дайындау цехы», «Афсона», «Адал», «Good Food» және «Maki-Maki» қоғамдық тамақтану орындары, сондай-ақ «Халал Нур» жартылай дайын өнімдерін өндіруші кәсіпорын тиісті тексерістен сәтті өтіп, өз қызметін халал талаптарына сай жүргізіп отырғанын көрсетті.
Сертификаттау жұмыстары жергілікті технолог маман Ақмаржан Ержанқызының қатысуымен жүргізілген аудит нәтижесінде жүзеге асты. Ол мекемелердің өндірістік процестерін, шикізат құрамын, санитарлық-гигиеналық жағдайын жан-жақты сараптап, «QMDB Halal»стандартының талаптарына толық сәйкес екенін растады.
Сертификаттарды табыстау рәсімінде «Халал Даму» ұйымының өңірлік өкілі Алмат Әли кәсіп иелерін құттықтап, адал өнім ұсынудағы жауапкершіліктің маңызын атап өтті.