
ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ: 13 КӘСІПОРЫН ТЕКСЕРІЛДІ
«Халал Дамудың» Жетісу облысы бойынша жауапты өкілі Мұхаммед Ордыбай өңірдегі 13 кәсіпорында айлық ауди жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, дәмханалар, кондитерлік цехтар, фаст-фуд желілері, ет дүкендері, жартылай фабрикат өндірістері тексерілді.
Аудит барысында әр кәсіпорындағы өндіріс процесі, шикізат сапасы, сақтау және тасымалдау шарттары, құрал-жабдықтардың тазалығы мен қызметкерлердің санитарлық-гигиеналық талаптарды орындауы қатаң бақылауға алынды.
Мұхаммед Ордыбайдың айтуынша, тексеріс нәтижесінде бірқатар кәсіпорындарда халал стандарты талаптарына толықтай сай жұмыс жүргізіліп жатқаны анықталды. Сонымен қатар, кейбір нысандарда ұсақ кемшіліктер тіркеліп, оларды жою бойынша нақты ұсыныстар берілді.
«Аудиттің басты мақсаты — кәсіпорындарға бақылау жүргізу ғана емес, сонымен қатар халал өндіріс мәдениетін қалыптастыру, тұтынушылардың сенімін арттыру», — деді «Халал Дамудың» аймақтағы жауапты өкілі.