ЖЫЛДЫҚ ЕСЕП–2025: 450 КӘСІПОРЫН ЖАҢАДАН ХАЛАЛ СЕРТИФИКАТЫН АЛДЫ
2025 жылы «QMDB HALAL» стандарты бойынша 450 кәсіпорын жаңадан сертификатталды. Бүгінгі таңда республика аумағында және шетелдерде жалпы саны 2234 кәсіпорын халал өнім өндірумен айналысуда.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізгі бағыттарының бірі – халал саласын дамыту. Халал жүйесі шариғат талаптарына сай отандық кәсіпкерлікті қолдап, ұлттық экономиканы нығайтудың маңызды тетігі болып табылады. Осы бағытта қызмет атқаратын Халал Даму мекемесінің «QMDB HALAL» сертификатына ие кәсіпорындар ішкі нарықпен қатар, халықаралық деңгейде де белсенді жұмыс жүргізіп келеді.
Халықаралық ынтымақтастық аясында Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Қытай және Иран мемлекеттеріне «QMDB HALAL» сертификатымен 10 мың тоннаға жуық халал өнім экспортталды.
«Айтулы шаралар – 2025» жоспары аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен бесінші рет ұйымдастырылған халықаралық «HALAL EXPO–2025» көрмесі Алматы қаласында өтті. Ауқымды іс-шараға отандық және шетелдік 100-ге жуық кәсіпорын қатысып, екі күн ішінде 20 мыңнан астам келуші халал өнім түрлерімен танысып, сауда жасады.
Көрме барысында тұтынушыларға 9 тонна сүт өнімдері, 5 тонна ет өнімдері, 4 тонна құс еті, 8 тоннаға жуық кондитерлік өнімдер, 5 тоннаға жуық шұжық өнімдері, 3 тоннадан астам жартылай фабрикаттар, 4 тоннаға жуық сусындар (кофе, шай, сироптар), 2 тоннаға жуық емдік-профилактикалық өнімдер және 1 тоннадан астам фаст-фуд өнімдері ұсынылды.







