«ХАЛАЛ ДАМУ» КОМИССИЯСЫ ҚҰС ФАБРИКАЛАРЫН ТЕКСЕРДІ
Алматы өңірінде сертификаттаудан өткен кәсіпорындарды тексеру мақсатымен арнайы іссапарда жүрген «Халал Дамудың» комиссия мүшелері Алматы облысында орналасқан «Алатау-құс», «Алель Агро», «Сарыбұлақ құс» фабрикаларындада жоспарлы бақылау-қадағалау жұмыстарын жүргізді.
Тексеріске ҚМДБ «Халал Дамудың» директоры Айбек Аташев, инспектор-контролерлар Жанәбіл Жұмабеков, Чадаев Маратхан, бас технолог Айжан Омарова қатысты.
Тексеріс барысында бекітілген шариғат және стандарт талаптарының сақталуы мен орындалуы қадағаланды.
Бақылау барысында құс азығының рұқсат етілген, таза болуы, сулы ванна температурасының стандартқа сәйкес келуі, құсты тек «Бисмиллаһ» айтып, қолмен бауыздау, бауыздағаннан кейін стандарт талаптарына сай бекітілген қан ағызу ережелерінің орындалуы басты назарға алынды.
Халал өнімдерді өндіру, өңдеу, дайындау, сақтау, тасымалдау, сатуға қойылатын жалпы стандарт талаптарының орындалуы толықтай ескерілді.
Өндіріс аймағының санитарлық тазалығы да тексерілді.
Құс фабрикаларына жүргізілген бақылау жұмыстары барысында біраз кемшіліктер анықталды.
Айбек Асқарбекұлы айтылған ескертулерді жедел түрде түзету керектігін, бекітілген мерзімде жүзеге аспаған жағдайда сертификат күші жойылатындығын жеткізіп, ескертулердің орындалуын жергілікті өкіл Жанәбіл Жұмабековке тапсырды.
"Халал Дамудың" баспасөз қызметі