ХАЛАЛ ДАМУ: ҚҰРБАН АЙТ ҚАРСАҢЫНДА ОНЛАЙН-СЕМИНАР ӨТТІ (ФОТО)
Қасиетті Құрбан айт мейрамына орай «Халал Дамудың» ұйымдастыруымен ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі мамандарының және жергілікті инспекциялық бақылаушылардың қатысуымен «Қасапшылық – сауапты, hәм жауапты іс» тақырыбында онлайн-семинар өтті.⠀
Қазіргі таңда Республика бойынша «ҚМДБ Халал» сертификатына ие болған 39 қасапхана мен 389 қасапшы қызмет атқарады.⠀
«Халал Даму» директоры Айбек Аташевтің жетекшілігімен «Zoom» платформасында өткен семинарға 19 өңірлік жауапты өкілдер мен қасапшылар қатысты.⠀
Семинарда Құрбан айт мезгілінде құрбан шалу рәсімінің шариғат әдептеріне сай орындалудың маңыздылығы мен талаптары, басты қағидалары мен ережелері түсіндірілді.⠀Мал союда сақталуы тиіс негізгі талаптар:
- Пышақты малға көрсетпей қайрау;
- Малды сол жамбасымен жатқызып, кеудесімен құбылаға қарату;
- Құрбан шалуға ниет ету;
- «Бисмиллә, Аллаhу Акбар» деп айту;
- Малдың өңеш, кеңірдек және екі жағындағы екі тамырын кесу;
- Малдың қаны толық ағып болғанша және жаны шыққанша күту.
Семинар соңында, Айбек Асқарбекұлы қасапшылардың сұрақтарына жауап беріп, Құрбан айт мейрамында қасапшылар жұмысының аса маңызды екендігін жеткізіп, қызметтеріне сәттілік тіледі.⠀
Естеріңізге сала кетейік, еліміздегі эпидемологиялық ахуалға байланысты, ҚМДБ-ның QURBAN2020.KZ сайты іске қосылған болатын. Сайт арқылы құрбан малына тапсырыс беріп, құрбандық рәсімін өткізе аласыз.
"Халал Дамудың" баспасөз қызметі