Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

07 тамыз 2020

2717

Мақалалар

Азық-түлік алғанда не нәрсеге мән беру керек?

Күнделікті дүкенге барғанда ең жиі алатын азық-түліктің құрамына қаншалықты мән бересіз? Адам денсаулығына кері әсер ететін, түрлі ауруды қоздыратын қоспалар барын білесіз бе? Егер тауарды тек бағасына қарап алатындардың қатарынан болсаңыз, бұл материал — сіз үшін. ҚМДБ-ға қарасты «Халал даму» ЖШС-ның сарапшы-технолог маманы Арайгүл Бақытқызымен қаладағы супермаркеттің біріне барып, сөрелердегі азық-түліктердің құрамын талдап көрдік. Маманның сөзін сол күйі, қаз қалпында беріп отырмыз. Әр өнімге жеке тоқталып, назарыңызға ұсынып отырмыз. Алдағы уақытта бұдан өзге азық-түліктерге де тоқталамыз.    


Йогурт

Көптеген йогурттарда желатин қосылады. Оның неліктен қосылатынын түсіндіріп өтейін. Майлы сүт қою болады. Одан ұйытқан айран да қою болып шығады. Ал дүкеннің айраны ондай таза сүттен жасала бермейді. Олай дейтін себебіміз — табиғи өнімнен ғана жасау тым қымбатқа түседі. Сол себепті көбі құрғақ сүттен не көк сүттен жасайды. Одан шығатын өнім, әлбетте, сұйық болады. Тауардың сәнін келтіріп, қою қалыпта ұсыну үшін қоюлатқыштар қосады. Ең жиі қолданылатын түрі — желатин. Себебі қажет консистенция береді. Іркілдеп тұратын тағамның бәріне қоюлатқыш қосылатынын ескеру керек. Әсіресе, желатин бар ма — дұрыстап қараған абзал. Негізі оның аналогтары көп. Мәселен агар-агар, гуар шайыры, пектин, каррагинан сынды өсімдіктен алынатын түрлері бар. Соларды тұтынған жөн болады. Кондитерлік өнім жасайтын кезде де осы баламаларын алуға болады.  

Ал йогурттардың құрамындағы жемістерге келсек, езбе немесе бояу түрінде келсе, ол жемістің өзі қосылмағанын білдіреді. Одан бөлек, құрамын оқып қарағанда кармин бар ма, соны анықтау қажет. Ол — жәндіктерден алынатын бояғыш. pH ортасына қарай кармин әр түрлі түс береді. Неліктен дәл осы бояғышты жиі қолданады? Себебі ол температураға, қышқылдық негіздік ортаға тұрақты. Денсаулыққа әсерін айтсақ, көбіне аллергия береді. Содан кейін Е124 бояғышы да зиян. Шариғат тұрғысынан алғанда, карминге тіпті тыйым салынған. Негізі йогурт аларда жеміс тілімдері барын не бояғышы қызылшадан алынғанын алған жөн. Тағы бір ескертетін жайт: кармин тек тәттілерге емес, кетчуп, соустардың құрамында да кездесіп қалуы мүмкін. Жақсы өнім алғыңыз келсе, бірінші кезекте оның жарамдылық мерзіміне мән беріңіз. Неғұрлым қысқа мерзім көрсетілсе, соғұрлым ол табиғи өнімдерден жасалған, пайдалы деген сөз. Екіншіден, бояғышына қарайсыз. Үшіншіден, қоюлатқышы қандай — соған мән беріңіз. 

Маргарин

Негізі маргарин өсімдік майын гидрогинезация процесі арқылы алынады. Бұл процесті былай түсіндірейік. Жалпы май қаныққан және қанықпаған болып бөлінеді. Алғашқысы — малдың сары майы сияқты консистенцияда болады. Ал қанықпаған май сұйық боп келеді. Малдың майы қымбат болатыны белгілі. Себебі оны алу жолы күрделі. Одан қала берді 20 литрдей сүттен 2-3 кг ғана май алынады. Содан оның аналогын ғалымдар өсімдік майынан алуға кірісті. Сұйық майды сутегі арқылы қанықтырып, оны қатты массаға айналдырады. Қалыпты жағдайда маргарин солай алынады. Бірақ соңғы кездері жануар майы мен өсімдік майын араластыру арқылы да алатын тәсілдер шығып жатыр. Ал енді маргариннің денсаулыққа әсеріне келсек, жасанды майлар асқазанға зиян. Себебі асқазанымыз жасанды тамақты қорыту қиынға соғады. Қалыпты молекуланы асқазан ыдыратып, қажет жерлерге жібереді. Мұнда болып жатқанның бәрі — химиялық үдеріс. H хлор деген қышқыл асқазанға түскен астың бәрін ыдыратады. Бірақ өте майлы, құрамында ароматизатор, стабилизатор, бояғыштары бар тамақтарды қорыту ауыр болады. Соның бәрі сіңіп үлгермегендіктен шлак боп жиналып, токсиндер жиналады.     

Маргариннің қазір шығып жатқан тағы бір түрі — пальма майынан алынатыны. Бұл май жоғарғы және төменгі сұрыпты болып бөлінеді. Біздік климат жағдайымызға байланысты пальма майын шетелден импорттап алдырады. Сол себепті оның сорты шын мәнінде қандай екеніне көз жеткізу қиын. Көп жағдайда шетелге шығаратын тауардың сапасы елге арналғанынан төмендеу боп жатады. Сондықтан екінші ортты пальма майынан жасалып жатуы мүмкін. Ол болса, жеуге жарамсыз, техникалық майға пара-пар. Бүгінде өндірушілер шикізат тапшы болғандықтан,  синтетикалық, жасанды түрлеріне жүгінеді. Ал біз, яғни, тұтынушылар, осы жағынан келгенде өзіміздің не жеп жүргенімізге мұқият болуымыз керек. Отандық өнімді алуға шақыруымыздың бірден-бір себебі сол — тағамның дереу жеткізіліп, сөреде тұруы. Ал импортталған тауарлар шетел асып келетіндіктен, ұзақ мерзімге шыдамды, стабилизатор көп қосылған болады. 

Өсімдік майы

Өсімдік майын таңдағанда тазартылып, әбден химиялық өңдеуден өтіп кеткен иіссіз, дәмсіз түрінен қашыңыз. Денсаулыққа көбірек зиян түрі осы. Оны танып алғыңыз келсе, бірден білінеді: мөлдір, ақшыл болады. Яғни сыртында рафинирленген деп тұрса, ол өңделген деген сөз. Сондай-ақ тағы бір өсімдік майларында рафинирленбеген деп тұрады. Екеуінің арасында таңдау қажет болған жағдайда осы екіншісін, яғни шемішкі майының исі шығатын, қанық сарғыш түрін алған жөн. Бірақ ең жақсысы — зәйтүн майы. Дегенмен бағасы екінің бірінің қалтасына сай келе бермейді. 

Тәттілер 

Қораптағы шоколадтардың басым бөлігінде коньяк, шарап, ликер болады. Оларды көбіне аромат пен дәм беру үшін қосады. Мұсылман қауым осыған баса мән беруі тиіс. Ал жалпы шоколадтардың құрамынан  Е471, Е472 сынды май қышқылының эфирлері, глицеридтерін көреміз. Олар майды түрлі өзгерістерге ұшыратып, химиялық жолмен қоспа алады. Біркелкі масса болуы үшін, мерзімін ұзарту үшін қосылады. Бұл қоспаларды үш жолмен алуға болады: жануардан, өсімдіктен және синтетикалық. Мұның ішінде соңғы екі әдіспен алынғанын жеуге болады. Жануардан алынса, мұсылман тұтынушылар үшін онда белгілі бір шарттар бар. Жыртқыш аң, есек, қашыр сияқты рұқсат етілмегендерінен алынбауы тиіс. Және екінші шарты — шариғат бойынша сойылған мал болуы керек. Сырты жылтыр, іші шоколад өнімдердің ішінде шеллак болмауын қадағалау қажет. Өйткені ол құрттан алынады. Қолданылу себебі: жылтыр қабат түзіп, жалтырап тұрады. Бүгінде өнімнің құрамын Е сынды кодтармен жазып тастайды. Оның себебі көп. Біріншіден, қоспалардың атауы ұзақ болғандықтан жапсырмаға сыймай қалуы мүмкін. Екіншіден, тұтынушылар тағамдық қоспалардың неден алынатынын білгенде, тіпті жемес еді. Сондықтан қорқытып алмау үшін де осы амал жасалады. Әйтсе де, Е коды жоқ тауар табу қиын. Бәрінен қорқудың қажеті жоқ. Е-сіз тамақ жеу үшін не ұзақ іздеу керек, болмаса, ауылда тұру керек.     

Тәттілерде, сағыз, йогурттарда аспартам деген қоспа бар. Ол синтетикалық жолмен алынады. Денсаулыққа өте зиян. Әсіресе, бала миының дамуына кері әсер етеді. Нақтырақ айтқанда, ашушаң қылады. Әрі аспартам қоспасы өзіне тәуелді қылып тастайды. Үнемі жегісі келіп, сұрай беретіні де содан. Мұны маркетинг тәсілі ретінде де қарастырады. Яғни тауар өтімді болуы үшін қосуы да мүмкін. Осыған ұқсас қоспаның келесі бір түрі етке қосылады. Натрий глутаматы, гуанилаты және инозинаты — осы үшеуі көбіне шұжықтар салаттар мен жартылай дайын өнімдерде болады. Неге қосады десеңіз, дәмін күшейтеді. Сондай-ақ тез дайындалатын кеспелерде де осы қоспалар болады. 

Жұмыртқа 

Жұмыртқа таңдағанда онда халал стандарт бар-жоғын тексерудің қажеті қанша деп ойлайтындар бар. Бұл жерде мәселе — тауықтың өзінде емес, оның жейтін жемінде. Тауықтың рационында ет-сүйекті жем болады. Ол сойылған тауықтардың қауырсыны, сойған соң ағатын қаны бар — бәрін өңдеп, ұсақтап, кептіріп одан ұн жасайды. Кейін соны тауықтарға жем ретінде береді. Оны берудегі мақсат — балапанды барынша тез семірту. Өйткені әлгі жемді жеген соң жылдамырақ ет алады. Одан бөлек, гормондық препараттар беріледі. Мұндай амалдар аз уақытта жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін жасалады. Міне, осы сынды табиғи емес заттар адам ағзасына түскен жағдайда міндетті түрде денсаулыққа кері әсер етеді.

Ірімшік 

Бұл өнімде мән беру керек дүние — ұйытқысы. Ұйытатын ферменті микроағзалардың көмегімен ашытылған болса, онда жеуге болады. Ол мезофильді немесе термофильді бактериялар арқылы жасалуы мүмкін. Ал егер ірімшіктің құрамында жануартекті хемозин, реннин секілді фермент болса онда жемеген дұрыс. Көбіне ол шошқаның асқазан бөлігінен алынады. Жалпы құрамы жазылған ірімшік өнімдерін алуға кеңес береміз.

https://kursiv.kz/kz/news/kogam/2020-07/azyk-tulik-alganda-ne-nrsege-mn-beru-kerek

Бөлісу: